Орта Азиядағы бірегей тарихи ескерткіш жаңғыртылды
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Алмат тамы жаңарды. Орта Азиядағы бірегей ескерткіш, алты күмбезді кесене ХІХ ғасырда салынған. Онда бірнеше адамның сүйегі жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алмат тамы Ырғыз ауданы орталығынан 22 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда жерленген Алмат Тобабергенұлының туғанына биыл – 220 жыл. Осыған орай ауданда ақпараттық-танымдық шара өтіп, кесененің ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алмат тамында жерлеу дәстүрі өзгеше. Қайтыс болған адамды ақ шүберекке орап, орталық күмбезге қояды. Оны көмбейді, мавзолейде сақталады. Келесі біреу қайтыс болғанда алдыңғысының сүйегін өзге күмбезде қазылған арнайы орынға тастайды. Жаңасын ортаңғы күзбезге қояды.
Айта кетейік, Алмат Тобабергенұлы – Тама Есет пен Табын Бөкенбай батырмен үзеңгілес болған Киікбай батырдың ұрпағы. Алмат сардар сауда керуендеріне ілесіп, орыс тілін меңгерген. Тіпті дипломатиялық миссияларға қатысқан. Баласы – Самұрат Хиуа, Бұқара көрген. Деректерге сүйенсек, жерлеу орны 1886-1888 жылдары салынған. Алматтың өзі 1892 жылы көз жұмып, 6 күмбезді кесенеге қойылған. Ал соңғы адамның денесі шамамен 1963 қойылды.