«ҰЛЫ МҰРА – ҰЛТТЫҚ ӨНЕР» АТТЫ ҰЛТТЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ
Бүгін ауданда «Ұлы мұра – ұлттық өнер» атты ұлттық қолөнер фестивалі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Фестивальде ауылдық округтердің мәдениет үйлері мен клубтары ұлттық қолөнер ұлттың ұлылығын айшықтайтын, тамыры терең тарихтан сыр шертетін, қазақы қалпымыздың даралығын айқындайтын ұлы мұра екенін насихаттап, мәдени мұраларымыз қамтылған қолөнер көрмелерін ұсынды.
Фестиваль барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Мұсабаева Айгүл Нажмадинқызы сөз алып, атадан балаға мирас болып жалғасын табатын асыл мұраларымыздың берері мол екенін, сондықтан көз жауын алып, таңдай қақтырар ғажап дүниелерге дем беретін қолөнершілердің еңбектері кейінгі жастар үшін асыл қазына екенін атап өтті.
Шара барысында Аққұм және Еңбек ауылының қолөнер шеберлері «Ши тоқу» технологиясымен, Жаңадария, Есет батыр ауылының қолөнершілері «Кілем тоқу» технологиясымен, Мәдениет және Темірбек Жүргенов ауылының қолөнершілері «Құрақ құрау» қолөнерімен, Аққыр және Жаңаталап ауылының қолөнершілері «Жүн түту, ұршық иіру» қолөнерімен, Таң және Бұқарбай батыр ауылының қолөнершілері «Тері илеу» технологиясымен, Қаракеткен және Ақсу ауылының қолөнершілері «Зергерлік бұйымдар жасау» технологиясымен және Далдабай және Шәменов ауылынан келген қолөнершілері «Қамшы өру, қайыстан түйін түю» технологиясымен таныстырды.
Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа желісін үзбей, жалғасын табуы – ұлт дамуының басты кепілі. Соның ішінде ұлттық қолөнер ұлтымыздың мәдениетінің маңызды бөлігі. Қазақтың қолөнері өзінін төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән – мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазынасы.
Бүгінгі фестивальдің де мақсаты ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, кейінгі ұрпаққа өнеге ету. Осының аясында Руханият орталығы жанынан алғаш рет «Тұмарша» креативті этно орталығы ашылды. Орталықтың ендігі мақсаты ұлттық құндылықтарымызды дараланған форматта дәріптеу.
Айта кетейік, фестивальге қатысқан барлық ауылдық округтің мәдениет үйлері мен клуб ұжымдарына арнайы алғыс пен сый-сияпат табысталды. Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.