Қазақстанда мәдени мұраны дамытуға бағытталған кешенді жоспар бекітілді
Үкімет ЮНЕСКО мен ИСЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілетудің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Ресми мәліметке сәйкес, жаңа жоспар тарихи ескерткіштерді қорғау, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған. Құжат аясында мәдени мұра нысандарын сақтау сапасын арттыру, сарапшылар даярлау және Қазақстанның жаһандық мәдени бастамаларға қатысуын кеңейту көзделіп отыр.
Жоспар үш негізгі бағыттан тұрады. Олар – материалдық мәдени мұраны қорғау және таныту, материалдық емес мұраны қолдау және дамыту, сондай-ақ халықаралық бағдарламаларға, соның ішінде «Әлем жады» бастамасына қатысуды жандандыру. Ескерткіштерді сақтау саласында халықаралық маңызы бар нысандардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу және оларды басқару бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу қарастырылған. Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміне енгізілетін мәдени нысандар санын арттыру жоспарланып отыр.
Халықаралық серіктестік бағыты да назардан тыс қалмаған. «Жібек жолы: Каспий – Еділ дәлізі» жобасын ілгерілету, сондай-ақ «Алпамыс батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін бірқатар елдермен бірлескен жұмыс жалғасады. Қазақстанның мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру мәселелерімен айналысатын халықаралық орталыққа қосылуына дайындық жүргізілмек. Бұл қадам саладағы кәсіби тәжірибе алмасуға және заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Құжатта кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Жыл сайын ондаған маман халықаралық стандарттарға сай оқытылып, мәдени мұраны қорғау саласындағы біліктілігін арттырады. Сондай-ақ студенттер үшін арнайы білім беру бағдарламалары аясында жобалық жұмыстар әзірлеу қарастырылған. Жойылып кету қаупі бар ұлттық мұра элементтеріне ерекше басымдық беріледі. Олардың қатарында киіз үй жасау дәстүрі, кілем тоқу өнері және терме жанры бар.
Жоспарды іске асыру нәтижесінде мәдени мұраны сақтау жүйесі күшейіп, саладағы кадр тапшылығы азайып, қоғамның бұл бағыттағы белсенділігі арта түседі деп күтілуде.







