Елімізде мәдениет пен өнерді қолдау жүйелі түрде дамып келеді

2 507

Фото:© М.Горький атындағы МАОДТЕлімізде мәдениет пен өнер саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Elordainfo.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет мәдени инфрақұрылымды жаңғыртып, шығармашылық жастарды қолдауға және сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлуде. Соңғы бес жылда Қазақстанда 274 мәдениет нысаны салынып, 1293 мекеме жөндеуден өтті. Жаңа театрлар ашылып, музейлер мен кітапханалар жаңғыртылуда. Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театр құрылысы жүріп жатыр, ал Шымкент, Қызылорда және Семейде жаңа мәдени нысандар салу жоспарланған. Шығармашылық білім беру саласында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Алматыда өнер академиясы мен эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған жатақхана салынып жатыр. Сонымен қатар өңірлерде шығармашылық мамандар даярлауға басымдық берілуде. 

Жыл сайын шығармашылық жоғары оқу орындарына мыңнан астам, колледждерге 500-ден астам мемлекеттік грант бөлінеді. Дарынды жастарға арналған «Дарын» сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталып келеді. Мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қолдау да күшейтілуде. Сала мамандарына тұрғын үй беру, арнайы төлемдер тағайындау және медициналық қызмет көрсету бағытындағы шаралар қолға алынған. Соңғы екі жылда мәдениет саласы қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Сонымен қатар әдебиет, өнер және креативті индустрия өкілдерін қолдау мақсатында жаңа гранттар мен ұлттық сыйлықтар тағайындалып, халықаралық байқауларда жеңіске жеткен таланттарды ынталандыру тетіктері енгізілуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық өнерпаздар әлемдік деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде табысты өнер көрсетіп, ел мәдениетінің беделін халықаралық аренада арттырып келеді.