Дәстүрлі әнші әнді тоқтаусыз орындап, әлемдік рекорд орнатты
Тараздық дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаев алты сағат бойы бір сәтке де тоқтамай 114 ән орындап, жаңа әлемдік рекорд орнатты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Әншінің концерті алты сағатқа созылған. Осы уақыт ішінде ол үзіліссіз ән айтып, баянмен сүйемелдеген. Өнер иесін қолдауға туған-туыстары, әріптестері мен өнерсүйер қауым жиналған. Бақыт Шағырбаев бұл концертке бір жыл бойы дайындалған екен.
“Бұл сахнаға тек рекорд орнату үшін шыққан жоқпын. Негізгі мақсатым қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге таныту. Бағдарламада халық әндерімен қатар Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақановтың шығармалары және қырғыз әндері де бар”,- деді әнші.
Бір кештің ішінде Бақыт Шағырбаев 114 әнді толық орындаған. Оның репертуарында қазақ композиторларының туындыларымен бірге онға жуық қырғыз халық әні де бар. Бұған дейін осы санаттағы әлемдік рекорд 101 ән болған. Жаңа нәтижені Global Best of Records халықаралық ұйымының өкілдері ресми түрде тіркелген. Ұйымның Азия-Африка дивизионының рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, бұл ең күрделі рекордтардың бірі.
“Орындаушы ән айтып қана қоймай, өзін музыкалық аспаппен өзі сүйемелдеуі керек. Ән мәтінін пайдалануға да, фонограмма қосуға да болмайды. Әр шығарманы толық орындау міндетті. Егер орындаушы сөзінен жаңылса, ережеге сәйкес әнді тек бір рет қайта бастауға рұқсат етіледі”,- деді ол.
Бақыт Шағырбаев дәстүрлі ән өнеріне 35 жылын арнаған. Қазір оның репертуарында 400-ге жуық ән бар.
Өнерпаз шалғай ауылдарды аралап, тегін концерттер ұйымдастырып келеді. Осы уақытқа дейін ол 245 ауылда өнер көрсетіп, өңір тұрғындарын қазақтың дәстүрлі ән мәдениетімен таныстырған.
“Көрерменнің ыстық ықыласын сезінгенде, бір жарым сағаттың қалай өткенін байқамай қаламын. Кейін келесі ауылға, одан тағы бір елді мекенге жол тартамын. Кейде бір күннің өзінде үш ауылда концерт беруге тура келеді. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамын”, – деді әнші.
Биыл тіркелген барлық әлемдік рекорд арнайы халықаралық жинаққа енгізілмек. Кітап жеті тілге аударылып, әлемнің 200-ге жуық еліне таратылмақ. Сонымен қатар оның даналары ұлттық кітапханаларға жолданады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл басылым қазақтың дәстүрлі ән өнерін шетелдік аудиторияға кеңінен танытуға мүмкіндік бермек.







