Би падишасына 110 жыл
687
Қазақ би өнерінің негізін салушы Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара.Шара Баймолда Жиенқұловтың он төртінші перзенті болған. Орыс мектебінде білім алып, сонда жүріп би өнерімен танысқан. Ол алғаш рет сахнаға жайлауда 13 жасында шыққан. Жайлауда қазақтар мен қырғыздар үлкен той өткізіп, бәйге, көкпар берген, ақындар айтысып, әнші-музыканттар өнерін ортаға салған. Сол уақытта күй төгілген кезде қыздың биге деген әуестігін білгендер "Шара билесін" деп қолқа салған.
"Менің алғаш рет ортаға шығып билегенім тұманмен тең. Мен биімде бірде ат жарысын, бірде домбыра шерткен адамдарды немесе кілем өрнегін бейнелеп, қозғалдым. Жан-жақтан мақтау сөз төгіліп жатты, бірақ мен қолыммен көзімді жауып, жазық далаға жүгіріп кеттім", - деп еске алған Шара Жиенқұлова сол күнді.
Көпшіліктің мақтауын естіген ата-анасы қызының бұл әуестігіне қарсы болмайды, уақыт өте келе басылады деп ойлайды. Алайда биге, өнерге деген сүйіспеншілік жыл сайын арта түскен. Алайда қыздың бұл қызығушылығына ата-анасы қарсы болған.
Осылайша Шара Жиенқұлова 1928 жылы актер, режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шықты. Өнер адамы Шараны үлкен өнерге алып келді.
Осылайша Шара Жиенқұлова 1928 жылы актер, режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шықты. Өнер адамы Шараны үлкен өнерге алып келді.
"1928 жылы менің кәсіби бишілік жолымның басталған жылы десем орынды болар. Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры өнерінің тұңғыш қарлығаштары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин, тағы басқалары спектакльдер қойып, озық өнерлеріне жұртшылықты тәнті етті. Қызылордадан астанаға көшіп келеді екен, театр осында қалады екен деген жақсы хабарлар да жүректі қуантып, көңілді өсірді", - дейді Шара Жиенқұлова естелігінде.
Шараның шығармашылық жолы
Шара Жиенқұлова өнер жолын Әуезов атындағы Қазақ драма театрынан бастаған. Тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасындағы Пүліш образы. Алайда кей деректерде Шара Жиенқұлова алғаш рет сахнаға Бейімбет Майлиннің "Шұға" спектаклінде шыққаны айтылады.Содан кейін Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қарагөзінде" басты рөлді сомдады.
1934 жылы жаңа Қазақ мемлекеттік музыка театрының шымылдығы түрілді, Шара Жиенқұлова сонда Әуезовтің "Айман – Шолпан" спектаклінде "Келіншек" деген қазақтың ұлттық биін тұңғыш рет алып шықты. Оны ойлап тапқан да, орындаған да Жиенқұлованың өзі, бұл қазақ хореографиясының бастамасы болды.
Шара Жиенқұлова Мұхтар Әуезовтің "Айман – Шолпан" музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Жалбыр" және "Ер Тарғын" операларында ұлттық биді биледі. "Қыз Жібек" операсының қазақ өнерінде алар орны ерекше екені белгілі.
"...Пердені баяу ғана ашты. Алыстан көрінген көлдің жанында киіз үйлер тігіліп, от жағылған ауыл орналасқан. Жарқын декорациялар, костюмдер. Көңілді, әзілге толы орта, күлкі мен би. Бишілердің арасында бір адамнан көз алу мүмкін емес еді, ол балет әртісі Шара Жиенқұлова. Оның денесі, қолдары иіліп, оның ырғағынан көз алу мүмкін емес. Ғажайып Шара!", - деп еске алған белгілі қазақ әншісі Күләш Байсейітова.
"Сахна өнерінде жарқырап көрінген қос жұлдыз: бірі – ән, музыка өнерінде – Күләш, бірі – би өнерінде – Шара! Биде туысқан өзбек халқының мақтанышы – Тамара! Біздің мақтанышымыз – Шара! Әйгілі талант, ғажайып дарын иесі Күләш муызка әлемінің сиқырлы қуат-күшін асқақтата паш етті. Оның өзі нағыз чудо болатын. Осы үлгі, жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын танылды. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас ізтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл – талант иесінің туған халқының қалтқысыз қызмет етуінің тамаша үлгісі", - деп жазған жазушы Ғабит Мүсірепов.
Шара Жиенқұлова 1936 және Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.
1936 жылы Мәскеудегі онкүндік "Қыз Жібек" операсымен ашылды. Ол жерде Шара жеке дара биледі. Ал Үлкен театрдағы қорытынды концертте атақты Тәттімбеттің күйлерін жеке хореографиялық интерпретациялаумен өнер көрсетті. Осылайша Шара мәскеулік көрерменнің де сүйікті әртісіне айналды. Орталық газеттер Шара туралы жарыса мақала жазды.
"1936 жылы бесінші май күні аттандық. Арнаулы поезд кәдуілгі ұзатылған қыздай жалаулатып, ұрандатып жан-жағына қызыл маталар ұсталған; іші думан, әр вагонда шырқалған ән, күмбірлеген күй, әзіл-қалжың; сыңғыр-сыңғыр күлкі. Қазақтың не бір ығайы мен сығайы, еркесі мен бөртесі бар бұл состав шынымен де тарих кернеуі іспетті, қазақ қазақ болғалы, іргелі ел болғалы мұндай сапар – тұңғыш сапар", - деп еске алады Жиенқұлова.
1938 жылы Шара Жиенқұлова қазақтың тұңғыш ұлттық балеті "Қалқаман – Мамырда" Мамырдың партиясын орындады.
1938 жылы Ленинградта қазақтың тұңғыш ұлттық көркем фильмі "Амангелді" түсірілді. Шараны Амангелдінің әйелі – Балымның рөліне шақырды. "Бұл біз үшін мүлдем жаңа және жұмбақ өнер болды. Алайда мен бұл ұсынысты құрметпен қабылдадым, - дейді актриса.
Дәл осы Ленинградта Шара Қазақ КСР халық әртісі құрметті атағын алды.
Шара Жиенқұлованың өнеріне тамсанған суретші Гүлфайрус Исмаилова 29 жасында "Қазақ вальсі" картинасын салды. Картина Қазақстанның ұлы әйелдеріне: Шара Жиенқұловаға, опера әншісі Күләш Байсейітоваға, актриса Шолпан Жандарбековаға арналған триптихтың бір бөлігі болды. "Қазақ вальсі" портрет жанрында жазылған.Шара Жиенқұлованың педагогы және тәлімгері театрдың тәжірибелі балетмейстері Александр Артемьевич Александров болды. Ол әрдайым биде ұлттық мінез болуы қажет екенін айтып отырған. Осылайша екеуі бірлесіп "Тәттімбет" биін дүниеге әкелді.
"Қыз Жібек" балеті үшін мемлекеттік сыйлықты алды
Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылдары Қазақ филармониясында жұмыс істеді.1962-1966 жылдары ҚазКСР ән-би ансамблінің жетекшісі болды.
1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры болып жұмыс істеді. Алматы хореография училищесінде Шара Жиенқұлова "халық бөлімшесін" ашады, оның шәкірттері мен ізбасарлары пайда болды.
1966 жылы Болат Аюханов Шара Жиенқұловамен бірге "Қыз Жібек" балетін қойды. Шара Жиенқұлова осы еңбегі үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болды, ал Болат Аюханов "Республиканың еңбек сіңірген әртісі" атағын алды. Осылайша Шара Жиенқұлова 1968 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Шара Жиенқұлова мұрасының көп бөлігі қазіргі заманғы балетмейстердің жұмысына негіз болды. Бұл оның орындаушылық шеберлігі, оқыту әдістемесі, балетмейстерлік жетістіктері туралы жазылған еңбектер еді. Ол 1955 жылы "Қазақ билері" және 1980 жылы жазған "Би құпиясы" кітаптарын жазды.
Биші 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті.