Түркістан облысында Наурыз мейрамы 10 күн бойы тойланады
Биыл Түркістан облысында Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев брифингте мәлімдеді. Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, 14-23 наурызда өңірде түрлі шаралар өтеді.
"14 наурыз – "Көрісу күні – амал мерекесіне" орай Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы "Шәмші" аллеясында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының көрісу рәсімі өтеді. Аталған шарада қос өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, этнос өкілдері мен өнерпаздары кездесіп, көрісу күні орындалатын барлық рәсімді бірлесе атқаратын болады. Сондай-ақ осы күні "Наурыз – жақсылықтың жаршысы" атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады.
15 наурыз – "Қайырымдылық" күні ретінде аталып өтеді. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сонымен қатар "Мейірім – жүректен, қайырым – білектен" облыстық шарасы аясында қоғамның осал топтарына, соғыс, еңбек ардагерлеріне, батыр аналарға арнайы сыйлықтар тапсырылады.
16 наурызда "Шаңырақ" атауымен барлық мектепте, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады.