«Қызылорда-Жезқазған» трассасын жөндеу жобасы 40 млрд теңгеге қымбаттаған
«Қызылорда-Жезқазған» жолы құрылысының жобасы 40 млрд теңгеге қымбаттаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында аталмыш жобаның құны аймақтағы геосаяси жағдайларға байланысты қымбаттағанын атап өтті.
«Қызылорда-Жезқазған арасындағы жол құрылысының біздің аумақтағы 200 шақырымнан асатын бөлігіне келсек, мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр. Премьер-Министр жуықта келіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің есебін тыңдады. Сол есептің дерегі бойынша, шілде айында конкурстар қайта жанданады. Олар биыл конкурс қорытындысы бойынша дайындық жұмыстары басталады деп сендіріп отыр. Яғни қажетті инфрақұрылым, техника, тау жыныстарын алатын краьерлер әзірленеді. Келесі жылы құрылыс басталады. Оған бюджеттен ақша бөлінбегенін білесіздер. Кредитті Азия даму банкі беріп отыр. Құрылыс құны қымбаттауына байланысты жоба тоқтап қалған болатын. Индустрия министрлігінің мәліметі бойынша, ол мәселе шешілген», - деді ол.
Әкімнің айтуынша, жобаның бастапқы құны 90 млрд теңге болған.
«Жобаның құны бастапқыда 90 млрд теңге болған. Қазір 130 млрд теңге болды. Яғни, 40 млрд теңгеге қымбаттаған. Осы баға шарттарымен конкурс өтетін болса, содан ауытқымайды деп ойлаймын. Егер қымбаттап жатса, тиісінше, бюджетіне түзету енгізіледі. Яғни, компания жол саламын деп банкротқа ұшырай алмайды. Жолдың Қызылорда аумағындағы бөлігі жасалып қойған. Олар жобаның қымбаттауына әсер еткен күрделі геосаяси жайттарға дейін үлгеріп кетті», - деді облыс басшысы.