Қызылорда облысы құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша екінші орында

5

Қызылорда облысы құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша екінші орында, - деп хабарлайды "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі.

Бүгін елордада Республика Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды. Үкімет отырысында Қызылорда облысының құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша республикада аймақтар арасында екінші орында тұрғаны айтылды.  Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндады.

Құрылыс жұмыстарына келгенде Сыр өңірінде ауыз толтырып айтарлық жаңалық жеткілікті. Жақында ғана 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Өткен жылы «Отбасы орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын. 

Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметке сенсек, 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. 2024 жылы 110 нысанды салуға 94,5 млрд. теңге бөлінді. Мұндай дерек облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құрылыс саласында жұмыс істейтін мекеме өкілдерімен кездесуінде айтылды.

Халықты баспанамен қамту – еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, Сыр өңірінде бұл бағытта да тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапқан. 

Айта кету керек, биыл бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр. Тарқатып айтар болсақ, Қызылорда қаласында – 1544, аудандарда   – 346 пәтер, мамандар оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады дейді.

Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарлануда. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды екенін де айта кеткен жөн. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы да алдағы уақытта пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.