Қазақстанда қандай салықтар қысқарады

2 294

Фото: inbusiness.kzЖаңа Салық кодексі бизнестің дамуына өз ықпалын тигізуге дайын тұр.  

Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы «Fortune Partners» ЖШС салық департаментінің өкілі Ерлан Құспанов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, кодекстегі басты мақсат – қоғамда салық мәдениетін қалыптастыру және әкімшілік қысымды азайту. Бұған дейін бизнес субъектілері салықты оңтайландыру тетіктерін жиі теріс пайдаланып, бюджетке елеулі шығын келтіріп отырған.

Басты өзгерістер қатарында:

Салықтардың 20%-ға қысқаруы. Жаңа құжатта бірқатар салықтар мен алымдар толықтай жойылады. Мысалы, біртұтас жер салығы мен сыртқы жарнаманы орналастыруға төлем алынып тасталады. Сонымен қатар, алты түрлі алым мен бес мемлекеттік баж қысқартылады.

Камеральдық бақылау тәсілі өзгереді. Бұрын сәйкессіздік анықталған жағдайда компания шоттары бірден бұғатталса, енді алдымен ескерту беріліп, қателерді түзетуге уақыт қарастырылады.

Берешек үшін жауапкершілік жеңілдейді. Енді аз көлемдегі салықтық берешек үшін бизнес-шоттар бұғатталмайды. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін маңызды жеңілдік болмақ.

Құспановтың айтуынша, бұл реформалар салық жүйесін жеңілдетіп қана қоймай, бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады. Алайда жаңа нормалардың нақты нәтижесі бірнеше жылдан кейін ғана айқын болмақ.