Тоқаевқа мұнай өңдеуді ұлғайту жоспары таныстырылды
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай өңдеуді ұлғайту жоспарын баяндады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына – 6-дан 12 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатын арттырған. Ерлан Ақкенженов 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жайында мәлімет берген.
Биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары базасында электр станциясы бой көтереді. Бұдан бөлек, "Көмір өндіруді дамыту" ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынды, - деп жазылған хабарламада.
Кездесу соңында президент отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, соның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергиясы салаларында жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берген. Мемлекет басшысы өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізу маңызды екеніне тоқталған.







