Шет елге заңсыз шығарылған миллиардттар Қазақстанға қалай қайтарылады?

528
Мәжіліс отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов шет елге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару процесін түсіндірді,- деп  хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Біріншіден, қылмыстық іс қозғалуы керек. Оған құқықтық көмек беру үшін тапсырма береміз. Қазақстан және қаржы кеткен ел арасында келісім болуы керек. Агенттік санкциялап, сұраныс жібереді. Екіншіден, елдің құқық қорғау органдары мүліктің бар-жоғын тексереді. Мүлік болған жағдайда Қазақстан тарапынан санкциялап, шектеу қойылуы керек. Сот кезінде қаржының заңсыз жолмен алынғаны дәлелденсе, екінші елдің барлық мүлік немесе қаржыны қайтаруға мүмкіндігі болады», – деді Марат Ахметжанов.

Бұған дейін негізсіз баюға тыйым салатын заңның 2027 жылы қабылданатыны айтылған болатын. Осы орайда, агенттік төрағасы негізсіз баюға қатысты қаражат қалай қайтарылатынын да түсіндіріп өтті.

«Негізсіз баюға қатысты тоқталып өтер болсам, заң жобасы қабылданған кезде күдікті адам қаражаттың қайдан түскенін түсіндіре алмаса, заңға сілтеме жасап, активтерді қайтару мүмкіндігі болады. Бас прокуратура тарапынан топ құрылды. Олар заңға сәйкес тәсілді қолданады. Қаржылық тергеу болады. Оның мерзімі жоқ, яғни тергеу ақша табылғанша жүре береді», – деді агенттік төрағасы.