Небәрі төрт жастағы бүлдіршін мектепте оқуда
Зерек оқушы үш таңбалы сандарды есептеп, әліппені еркін оқиды, тіпті математикалық амалдарды ағылшын тілінде айта алады,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Бойының тақтаға әрең жеткені Әлиге кедергі емес. Есепке жүйрік балақай екі таңбалы сандарды ойша қосып, көбейте алады. Тіпті амалдарды ағылшын тілінде де айтады. Балабақшада жүргенінде тәрбиешілері "үйретеріміз қалмады" деп, оны мектепке жіберген.
"Алтынтөбе" орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, Әлидің білім деңгейі сыныптағы кей балалардан да жоғары.
Оқуда озат болған Әли Адамбек отбасындағы алты перзенттің кенжесі. Анасы Нұргүл Мырзағали ұлының кішкентайынан зеректігімен ерекшеленді деп отыр. Тіпті, ағылшын тілінде математикалық контент көріп, көбейтуді жаттап алған екен.
Төрт жасар оқушы дайындық алды сыныбын қойып, үлкендермен жарысып есеп шығаруға көшкен дейді ұстазы Бақдәулет Жетібай.
Әлидің айтуынша, оған балабақшадан гөрі мектеп көбірек ұнайды.
Алғыр баланың қабілеті мұнымен шектелмейді. Әли әліппені толық меңгеріп, енді ағылшын тілінде оқып жазуға да ықылас танытып жүр екен.







