Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате табылған

2 516

Фото: gov.kz Кейбір мектеп оқулықтары соңғы 9 жыл ішінде жаңартылмаған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқу әдебиеттерінде анықталған қателер туралы айтып, алдағы уақытта қай сыныптардың оқулықтары қайта қаралып, жаңартылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

 Аида Балаева мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қолданыстағы оқулықтарды талдау барысында 700-ден астам қате мен ескертпе анықталған.

 Министр соңғы күндері оқулықтарды жаңарту жұмыстарына байланысты баспалардан да, азаматтардан да көптеген сауал мен өтініш түскенін атап өтті. Осыған байланысты ол оқулықтарды жетілдіру және олардың сапасын арттыру бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде түсінік берді.

Бүгінде қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар, – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, оқулықтардағы бірқатар мәселелер, соның ішінде ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдардың қолданылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару тәсілдері, оқу бағдарламасына енгізілмеген шығармалардың берілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ түсіндірмелер ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.

Аида Балаева бірқатар оқулықтың белгіленген мерзімде жаңартылмай, ұзақ уақыт бойы қайта қаралмағанына да назар аударды. Кейбір оқу басылымдары тоғыз жылға дейін айтарлықтай өзгеріссіз қолданылып келгені атап өтілді.

Мұндай жағдайда оқулықтарды уақытылы жаңарту – оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қажеттілігі, – деді ол. 

 Министр мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес екенін атап өтті.


Бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе. Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі тиіс, – деді Балаева. 

 Министр бұрын мақұлданған оқулықтарға қатысты Пәндік сараптама комиссиясының шешімдері өз күшін жоймайтынын да атап өтті.

Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек, – деді министр. 

 Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңартып, білім беру ұйымдарын жаңа басылымдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

 Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сынып оқулықтары, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылмақ.

 Министрліктің мәліметінше, негізгі мақсат – еліміздегі барлық мектептерді заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету. Сондай-ақ оқулықтар «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары мен мемлекеттік басымдықтарға сай әзірленбек.

Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да, жалпы қоғам да бізден осы жауапты жұмысты сапалы әрі жүйелі атқаруды күтеді, – деп түйіндеді Аида Балаева.