Ақшаны жұтады, түлектері шетелге зытады: Аймағамбетов жауап берді...

1 507

Фото:  Ertenmedia.kzАсхат Аймағамбетов Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептерін «ақшаны тым көп жұтады», «түлектері шетелге зытады» деп жазғыратындарға жауап берді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі  Ertenmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Экс-депутат әлгіндей әңгімені ел ішінде кең таралған миф деп отыр.

Сөзінше, экс-елбасының тұсында іргесі қаланған оқу ордаларына бөлінетін ақша көбейіп жатқан жоқ. Керісінше, жылдан-жылға азайып келеді. Ал дарынды балалар мен қабілетті жастарға құйылатын қаражатты ысырапқа балау елдің ертеңінен үнемдеумен тең.

«Назарбаев университеті? Түлектердің басым бөлігі Қазақстанда оқып, тер төгіп жүр. Олар еліміздің ең қабілетті, еңбекқор әрі патриот жастары», – деді ол.

Экс-депутат табиғи байлықтың бір күні сарқыларын, ал білімге құйылған инвестиция ұлтқа ұзақ жыл қызмет ететінін еске салуда.

Осыған дейін Аймағамбетовтің экс-әріптесі Мұрат Әбенов Назарбаев университетіне шүйліккен. Экс-депутат бас аудитор Әлихан Смайыловты Назарбаев Университетіндегі 73 млрд теңгенің заңсыз жұмсалу дерегін жасырып отыр деп айыптаған.

Соңғы үш жылдың өзінде универді "асырауға" 17 млрд теңгеге жетеқабыл қаржы бөлінген деген ақпарат бар.

Бір қызығы, Аймағамбетовтің өзі де осыған дейін: "Назарбаев университеті шетелдіктердің қолында" деп мәлімдеген тұғын. Айтуынша, әзір Назарбаев университетінде декан қызметін атқарып отырған жалғыз қазақ бар. Өзге жоғары лауазымда ешбірі қазақ емес.

«Ол кезде өзіміздің кадрлар дайын болмаған шығар. Бірақ арада 15 жыл өтті ғой! Қазақстанда жоғары деңгейдегі мамандар жетерлік. Неге оларға әлі күнге дейін жол ашылмай отыр?» – деп қынжылған-тұғын Аймағамбетов.