Міндетті вакцина талабына кәсіп иелері қарсы шықты

282

Фото: pixabay.comЕнді елімізде 20 адамнан артық қызметкері бар кез келген ұжым міндетті түрде вакцина салдыруға, ал екпеден бас тартқан жағдайда 7 күн сайын ПТР-тест тапсыруға міндеттелмек. Алайда, бұл шектеуге кәсіпкерлер қарсы шығып отыр. Сауда орталықтарындағы қызметкерлердің 30 пайызы қазірден бастап екпеден бас тартатынын мәлімдеген.


Жаңа талапқа сәйкес, бүгінде сауда орталықтарында "Ашық" жүйесі арқылы тек келушілердің мәртебесі анықталса, енді ол жүйеден өту бәріне міндеттелмек. 
Келушілерден бұрын сауда орталықтары енді қызметкерлерінен айырылып қаламыз ба деп алаңдауда. 


"Енді ол ертең қаулыда анық көрсетіледі. Қалай істеуіміз керек? Қалай қабылдауымыз керек? Бірақ кешегі комиссияның шешімі бойынша біз енді сырттан кірген адамға, қызметкер болмасын, жай тұтынушы болмасын, барлығынан "Ашық" арқылы оның мәртебесін қарап отыруымыз керек", - дейді сауда орталығының өкілі Бауыржан Сералин. 


Сонымен қатар, жаңа ережеге сәйкес, екпе салдырмағандар жұмысқа ПТР-тесттің теріс қорытындысымен келуге міндеттеледі. Апта сайын қажет ететін сынаманы қызметкер өз қаражатына жасай ма, әлде жұмыс орны төлеуге міндеттеле ме, ол жағы әлі нақтыланбаған.
 Қазақстан рестораторлар клубының мәліметінше, індет дендеген уақыт аралығында бір ғана Алматының өзіндегі тамақтану орындарының 50 пайызы жабылған. Ал "Ашық" жүйесі арқылы кіру міндеттелсе бұл антистатистиканың одан әрі өсуіне себеп болады деген пікірде.
 "Қоғамдық тамақтану орындарының 90-95 пайызын жабуға тура келеді. Өйткені статистиканы қарайтын болсақ, екпе қабылдағандардың саны өте аз. Қызметкерлер вакцина салдырмаса, ПТР-тест қорытындысымен жұмыс істей алады дейді. Ойлап қараңыз, әр үш күн сайын тест тапсыруға кімнің жағдайы жетеді? Бұл реформа бизнесті өлтіреді", - дейді Қазақстан рестораторлар клубының мүшесі Елена Юферова.