Қазақстанда сирек кездесетін ауруға шалдыққан баланың еміне 80 млн теңге бөлінеді

2 509

Елімізде сирек кездесетін дертке шалдыққан бір баланы емдеуге республикалық бюджеттен жылына 40-тан 80 млн теңгеге дейін бөлінеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл туралы «Орфандық аурулар. Диагностика мен емдеудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша көмек басқармасының басшысы Гүлнар Мақсұтова мәлім етті.

Алматыда Қазақстанның жетекші мамандары мен беделді көшбасшылар орфандық ауруларды диагностикалау және емдеу мәселелерін талқылады. 


«Елімізде аталған ауруларды емдеу көп қаражатты қажет етеді. Мемлекет пациенттерді ТМККК шеңберінде терапиямен қамтамасыз ету шығындарын өзіне алды. Мысалы, бір баланы емдеуге республикалық бюджеттен жылына 40-тан 80 млн теңгеге дейін бөлінеді, себебі бір ампуланың құны 300-ден 600 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде сирек кездесетін аурулармен ауыратын науқастарды емдеуді мемлекет есебінен толық қаржыландыратын мемлекеттердің бірі», - деді Гүлнар Мақсұтова.


Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың сөзінше, конференцияның мақсаты – сирек кездесетін аурулар туралы ақпарат берілуін арттыру және осындай аурулары бар науқастар мен олардың отбасыларына емдеу мен медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарту.


«2023 жылы 100-ден астам пациентке Фабри ауруы диагнозы қойылды, олардың 27-сі терапия қабылдайды. Өңірлік емдеу мекемелерімен ФАТ емдеу аясында орфандық аурулары бар пациенттерге мониторинг жүргізіледі, пациенттер динамикалық тексеру үшін ауруханаға жатқызылады. Жұмыс бағдарламасы әзірленді», - деді ол. 


Іс-шара аясында аутоиммунды аурулардың иммунологиялық диагностикасы бойынша шеберлік сағаты өтті.