Дәрігерге қол көтерген науқасқа қатысты апелляциялық сот үкімі өзгеріссіз қалды

2 537

Фото freepik.comҚостанайда апелляциялық сот хирург Антон Кистановқа қол көтерген науқасқа қатысты соттың шешімін күшінде қалдырды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қостанай облыстық сотының мәліметінше, оқиға биыл шілде айында болған. Қабылдау бөлімінде уролог-дәрігермен жанжалға барған сотталушы жәбірленушінің ауыз тұсынан жұдырықпен ұрған, нәтижесінде дәрігер артымен қабырғаға соғылған. Тергеу қорытындысы бойынша, соққы салдарынан медицина қызметкерінің денсаулығына абайсызда ауыр зиян келген.

Сот айыпталушыны алты айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Алайда зардап шеккен дәрігер бұл жазаны тым жеңіл деп бағалап, апелляциялық шағым түсірген.

Сот алқасы шағымды қарай келе, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

“Жазаны тағайындау кезінде сот ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және қылмыс құрамында көрсетілмеген жеңілдететін мән-жайдың бар екенін ескерген. Кішігірім ауырлықтағы қылмыс үшін негізгі жаза мөлшері оның жартысынан аспауға тиіс. Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың үкімі дұрыс деп танылды”, – делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасында науқас хирург Антон Кистановқа шабуыл жасап, дәрігер есінен танып қалғаны хабарланған. Кейін ол комаға түсіп, санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілген еді.