Онкология және бедеулікке әкелетін қауіпті өнім еркін сатылып жатыр
Жылдам дайындалатын кеспе көп уақыт алмайды, бағасы арзан әрі дәмі ерекше. Соңғы жылдары, әсіресе кореялық кеспелер жасөспірімдер арасында кеңінен танымал бола бастады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Caravan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір бұл өнімді мектеп маңындағы дүкендерден жиі көруге болады. Тіпті ең көп сатылатын тағамдардың біріне айналған деуге де болады. Алайда оның қауіпсіздігі, адам денсаулығына тигізетін әсері және тұтынушыға барлық ақпараттың ашық көрсетілмеуі көпшілікті алаңдатады.
Әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты көптеген видеолар таралуда. Олардың басым бөлігі шетелде түсірілген. Танымал блогерлер жылдам дайындалатын кеспелердің денсаулыққа зиян екенін айтып, нақты мысалдар келтіреді. Мәселен, АҚШ-тың Калифорния штатында сатылатын дәл осы кеспелердің қаптамасында «қатерлі ісікке немесе бедеулікке әкелуі мүмкін» деген арнайы ескерту белгілері бар. Бұл — сол елде қолданылатын California Proposition 65 заңына байланысты. Аталған заң өндірушілерді адам денсаулығына төнетін тіпті ең төмен қауіптердің өзін көрсетуге міндеттейді.
Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Осыны анықтау үшін біз Алматы қаласындағы бірнеше дүкенді аралап, жылдам дайындалатын кеспелердің қаптамаларын қарап шықтық. Нәтижесінде, елімізде бұл өнімдер ешқандай ескертусіз, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін білдіретін белгілерсіз еркін сатылып жатқанын байқадық. Әсіресе жасөспірімдер мен мектеп оқушылары жиі баратын кореялық дүкендерде мұндай кеспелердің түр-түрі кеңінен ұсынылған.







