Қазақстанда алғашқы цифрлық жедел медициналық көмек пункті іске қосылды
Қонаев қаласындағы Қапшағай жағажайында Қазақстандағы алғашқы «qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті іске қосылды.
Жоба тұрғындар мен туристерге төтенше жағдайда алғашқы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндік бермек. Арнайы SOS батырмасы арқылы азаматтар жедел жәрдем диспетчерімен тікелей байланысып, маманның нұсқауымен алғашқы көмек көрсете алады. Диспетчер модульді қашықтан ашып, науқастың жағдайын бейне және аудиобайланыс арқылы бақылайды. Тәулік бойы жұмыс істейтін модуль дефибриллятор, дәрі-дәрмек қоры және өзге де қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар ол интернет желісіне, бейнебақылау жүйесіне және телемедицина кешеніне қосылған.
«Бір модульдік пункт тәулігіне шамамен 50 адамға дейін алғашқы медициналық көмек пен кеңес беру қызметін көрсете алады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Біз тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Айта кетерлігі – мұндай форматтағы модульдік жедел медициналық көмек пункттері Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр», – деді Ержан Сүлейменов.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін өңірдің туристік аймақтарында осындай 11 пункт орнату жоспарланып отыр. Олар ұлттық парктерде, тау шаңғысы курорттарында және демалыс орындарында орналасқан. Жоба медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, туристік нысандардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын қысқартуға бағытталған.![]()
«Туристік орындарда демалып жүрген азамат оқыстан ауыр жарақат алса, немесе қан қысымы көтерілу, күн өту, үсік шалу сияқты жағдайларға тап болса, осындай медициналық модульге кіріп, медициналық қызметкердің көмегіне онлайн жүгіне алады. Жоба төтенше жағдай туралы жедел хабар беруге, медицина мамандарымен дереу байланыс орнатуға және жедел жәрдем келгенге дейін қажетті көмекті ұйымдастыруға да мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.







