Ірімшік жеген ер адам бір өлімнен аман қалған
С
ҚО да жедел жәрдем бригадасы чечил ірімшігіне шашалып, асфиксия салдарынан клиникалық өлім жағдайында болған 50 жастағы ер адамды аман алып қалды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Облыстық жедел медициналық көмек орталығының баспасөз қызметі хабарлауынша, 103 пультіне шақырту Қызылжар ауданының Бескөл ауылынан түскен. Шақырту себебі: ер адам демала алмаған.
"Оқиға орнына жедел түрде құрамында Айдар Омаров, Павел Кузурман және жүргізуші Бақыт Валеев бар фельдшерлік жедел медициналық көмек бригадасы аттанды. Бригада жеткен бойда науқас клиникалық өлім жағдайында болды, ЭКГ мониторында тамыр соғысы байқалмады", - деп мәлімдеді медициналық мекеме.
Фельдшерлер ACLS стандарты бойынша реанимациялық шараларды бастап: жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс алу аппаратына қосып және вена ішіне адреналин еккен. Тікелей ларингоскопия кезінде фельдшерлер бөгде затты – чечил ірімшігін тауып, сыртқа шығарған. Осыдан кейін науқастың ұйқы артериясында тамыр соғысы пайда болғанымен, тыныс алуы қалпына келмей және ол есін жиа алмаған. Сол кезде мамандар реанимациядан кейінгі шараларды жүргізіп: интубациялық түтік арқылы тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз етіп, өкпені жасанды желдетуді жалғастырып, дәрілік заттар еккен.
"Ауруханаға жеткізу кезінде науқас өздігінен тыныс ала бастады. Ол "жеңіл есеңгіреу" ес-түс деңгейімен Қызылжар аудандық ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деп хабарлады облыстық жедел медициналық көмек орталығы.
"Айдар Омаров - 2025 жылы Ақтау қаласында өткен жедел медициналық көмек бригадаларының республикалық чемпионатының жүлдегері. Ол өз білімін әріптестерімен белсенді бөліседі. Павел Кузурман BLS, ACLS, PALS, PHTLS, NRP халықаралық стандарттары бойынша трейсер түріндегі оқыту мен аттестациядан бірнеше рет сәтті өткен. Бақыт Валеев жедел медициналық көмек кезеңінде науқастар мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсене қатысады", - деп хабарлады орталық қызметкерлер туралы.







