Қазақстанда инсульт алған науқастар саны 13,5 пайызға төмендеді
Қазақстанда жыл басынан бері қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 8,5%-ға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы 12%-ға, жіті миокард инфарктісі 4,6%-ға, стенокардия 10%-ға, инсульт 13,5%-ға төмендеді, бұл ретте өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ашық жүрекке жасалатын операциялар саны еліміз бойынша 7,1%-ға өсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, бүгінде республикада 44 тері арқылы араласу орталығы жұмыс істейді, ағымдағы жылы Қостанай, Түркістан облыстарында тағы 3 ТКА орталығы ашылды. Сонымен қатар, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде Қарағанды, Түркістан, Павлодар облыстарында және Абай облысында тағы 12 тері арқылы коронарлық араласу орталығын ашу жоспарлануда, сондай-ақ жүрек ауруларын ерте анықтау және созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің профилактикасы мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін амбулаториялық-емханалық деңгейде 14 СЖЖ кабинеті ашылады.
Жыл басынан бері 6 148 ашық жүрекке операция жасалды, жүрекке интервенциялық араласулар саны 14%-ға артып, 55 000-нан астам араласуды құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 500-ге өсті.
Республикада алғаш рет Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың базасында ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (СЖЖ) бар пациенттерді емдеу үшін бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық операциялар енгізілді. Мұндай операцияларға қанайналымын ұзақ механикалық қолдау құрылғысын – жүректің жасанды сол жақ қарыншасын имплантаттау жатады. 10 жылдың ішінде кардиохирургия орталығына осындай 460 құрылғы имплантатталды, тек биылғы жылы 18 пациент кіріктірілген аппараттардың арқасында өмір сүру мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан басқа, жүрекке девайстарды имплантаттау жөніндегі операциялар бүгінде өңірлік деңгейде еліміздің үш орталығында – «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Шымкент жүрек орталығы» КеАҚ, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы»ЖШС-да сәтті игерілді.
2011 жылдан бастап Ұлттық кардиохирургия орталығының базасында «TAVI қолқа қақпқшасын тері арқылы транскатетерлік имплантаттау» бірегей технологиясы енгізілді. Бұл технология қауіп тобындағы пациенттерді емдеудің аз инвазивті әдісінің балама әдісі ретінде әзірленген, қосалқы аурулары бар ересектерде жиі жасалатын операциялардың бірі болып табылады.
Қазақстанда барлығы 13 кардиохирургиялық орталықта/бөлімшеде 602 қолқа қақпақшасын имплантаттау жүргізілді, оның ішінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 80 транскатетерлік TAVI қолқа қақпақшасын имплантаттау орындалды.
Қазақстан Орталық Азиядағы жүрек пен өкпені трансплантаттау жүргізілетін жалғыз ел болып табылады. Соңғы 10 жылда ҰҒКО базасында донорлық жүректі трансплантаттау бойынша 86 операция жасалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айында алғаш рет «Шымкент жүрек орталығы» КеАҚ және «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ қабырғаларында екі пациентке жүректі трансплантаттау сәтті жүргізілді.
Қазақстандық дәрігерлер жүректің әртүрлі патологияларын сәтті емдейді, олардың ішінде ең көп таралған және қауіптісінің бірі - жүректің ишемиялық ауруы. ЖИА бүкіл әлемде 40 жастан кейін адам өлім-жітімінің басты себебі болып табылады.
Жүрек-қан тамырлары қызметінің бұзылуын консервативті емдеу көп жағдайда тиімсіз, сондықтан дәрігерлер хирургиялық араласуға жүгінеді. Хирургиялық емдеуді қажет ететін негізгі диагноздардың қатарына ЖИА, миокард инфарктісі және атеросклероз жатады.
ҚР кардиология және кардиохирургия саласындағы елеулі прогреске Жіті коронарлық синдром, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, атеросклероз кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасында белгіленген нысаналы индикаторларды іске асырудың арқасында қол жеткізілді.