7 000 баланың анасы
584
Статистика бойынша Қызылорда облысында соңғы 8 айда 8299 сәби дүние есігін ашқан. Оның ішінде ер бала 4273 (51,5%), қыз бала 4026 (48,5%), егіздер 144, кесір тілігі арқылы туылғандар саны 2112 деп мәлімет берді Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы «Opennews.kz» ақпарат агенттігіне.
Бала сүю-бақыт. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәби ерлі-зайыптылардың өмірін түбегейлі өзгеріске ұшырататыны анық. Әсіресе тар құрсағын кеңітіп, тас кеудесін жібітіп, 9 ай 9 күн толғатып асыға күткен сәбиін кеудесіне салғанда, бұл АНА үшін ұмытылмас ұлы күн. Әрине сол сәбидің аман-есен дүниеге келуі, анасын босандырып алу тікелей акушер-гинекологқа байланысты. Осы орайда «Opennews.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Қызылорда облысы бойынша Ана мен бала орталығының ішкі бақылау және аудит жөніндегі орынбасары. Өз ісінің шебері, білікті де, білімді, 7 мыңнан астам сәбидің өмірге келуіне себепкер болған алтын қолды дәрігер. 30 жылдан астам акушерлік және гинекология саласында талмай еңбек етіп келеді. Майталман маман - Жаканова Сауле Саменқызы.
Қайырлы күн, Сауле ханым! Алғашқы сұрағым дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Оның ішінде сәбилердің өмірге келуіне себепші болу дегеніміз үлкен жауапкершілік. Осы мамандықты қалай және неліктен таңдадыңыз?
-Өмірде Алланың қалауымен болатын 3 мамандық бар. Жақсы ұстаз, әділ төреші, жауапты дәрігер. Акушер-гинеколог мамандығы екі адамның өміріне жауапты болуды білдіреді. Бұл мамандықты таңдауыма түрткі болған анамның кәсібі. Анам жылдар бойы перзентханада жұмыс жасап, қанша аналардың қуанышының куәсі болған. Оқушы кезімнен бастап, анамның жас босанған әйелдер мен кішкентай нәрестелер туралы әсерлі әңгімесін тыңдап өскеннен кейін, кәсіби дәрігер иесі болуыма ықпал етті.
Әрбір дәрігердің бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?
- Дәрігердің бойында жауапкершілік, мейірімділік болу керек. Әсіресе біздің сала төзімділікті талап етеді. Десек те, ең бастысы жауапкершілік.
Осы уақытқа дейін қанша нәрестенің дүниеге келіп, аналардың босану сәтінің куәсі болғаныңыз сол туралы есеп жүргіздіңізбе?
-Күн сайын көптеген балалар өмірге келіп, қаншама ана босанғаннан кейін нақты бір есеп жүргізген емеспін. Орта есеппен 7 мыңға жуық болу керек.
Сіз жас маман болып жұмысқа кірген уақыттан бері, бүгінгі күнге дейін медицина саласында қандай өзгерістер бар?
-Еңбек жолым 1990 жылы басталды. Сол жылдардан бері қазіргі уақыт аралығын алып қарасақ біздің салада көптеген өзгерістер бар. Толығымен өзгерді деп айта аламын. Қазіргі таңда бүкіләлемдік стандарттарға сай жұмыс жасап жатырмыз. Осы стандарттар бойынша эффективті перенаталдық технологиялар толығымен енгізілген. Ол дегеніміз аса материалдық шығындарсыз ана мен бала денсаулығын сақтап қалу. Олар: серіктестік босану, жеке босану бөлмелері,ерте ана омырауына салу, ана мен баланың әрдайым бірге болуы, тек қана ана сүтімен қоректендіру және тағы басқа технологиялар. Ауыр жағдайдағы туылған нәрестелер күтіміне заманауи технологиялар да, басқа медициналық жабдықтар да жеткілікті. Қазіргі кезде науқастардың критикалық жағдайларын Республикалық деңгейдегі мамандармен дер кезінде кеңес алу жолға қойылған.
Короновирус барлық саланы айналып өтпегені рас. Пандемия сіздердің жұмыстарыңызға қандай өзгеріс әкелді.
-Пандемия бүкіл әлемге келген қасірет деп айтсам қателеспеймін. Өткен жылы пандемия басталған уақыттан бері бізде біраз тәжірибе жинадық. Клиникалық хаттамалар жасалынып , бөлек инфекциялық стационар ашылды. Өткен жылы 20-30 төсек орын болса, биыл 60 төсек орынға көбейтілді. Былтыр 152 әйелде COVID-19 нақтыланған жағдаймен түсіп, оның 78-і босанып шықты. Ал, жыл басынан бері 8 айда 199 әйелде анықталды, яғни былтырғымын салыстырғанда, биыл көп болды. Жалпы айтқанда, пандемияға байланысты серіктестік босануды да шектеп жатырмыз. Қаулы бойынша тек ПТР анализдері бар немесе вакцина салынған құжаттары бар серіктестер ғана кіруге рұқсат етілген.
Өткен жылы пандемия кезінде сиам егіздері дүниеге келді деп естіп едік, сол рас па?
-Ия рас, өткен жылы сиам егіздері өмірге келді. Акушериялық жағдайға байланысты олар ота жолымен белгіленген күнінен ерте босанды. Ондай жағдайда көмек көрсету біздің деңгейімізде болмағандықтан, Республикалық деңгейде емделуіне санавиация жүйесімен ауыстырған болатынбыз. Кеуде жағында бірігу арқылы туылды, екеуіне ортақ бір жүрек болды.
Қазіргі таңдағы құрсақ ана туралы не айтасыз? Кімдер құрсақ ана қызметіне мұқтаж болады? Жалпы сіздің тәжірибеңізде құрсақ ана баласын дүниеге әкелді ме?
-Қандай да бір себептермен құрсақ көтере алмайтын аналар құрсақ ана қызметіне жүгінеді. Бұл жағдай құрсақ анаға да, биологиялық анаға да оңайға соқпайды. Біздің тәжірибемізде бұндай жағдай соңғы 2 жыл көлемінде 2 рет орын алды. Біріншісінде белгіленген мерзімінде босанып, өзінің биологиялық анасына беріліп, рәсімделіп шықты. Екіншісі осы жақын арада орын алды, яғни егіздер дүниеге келді, бірақ олар уақытынан бұрын босанды. Уақытынан бұрын босанғандықтан егіздің біреуі шетінеп, біреуі аман қалды. Аман қалған егіздің сыңарын 2 күннен кейін биологиялық анасына рәсімделді.
Күн сайын өмірге келген сәбилерді қарсы алғанда қандай сезімде боласыз?
-Бала сүю үлкен бақыт. Әрине күн сайын қаншама нәресте дүние есігін ашады. Көптеген әйел адам ана бақытын сезінеді. Сол кезде анасымен бірге қуанып, көзге қуаныш жасыда келетін кез болады.
Жалпы Қызылорда облысы экологиялық аймаққа жатады. Осыған байланысты жаңа туылған сәбилерге экологиялық жағдай әсер етеді ме?
-Бұл жағдай туралы арнайы ғылыми тексерулер жасалынып жатқан болар. Жалпы экологиялық жағдайдың әсері жоқ деп айта алмаймын.
Өйткені іштей ақаулармен босану жағдайы көбеймесе азайып жатқан жоқ. Кейде тіпті іштей туа бітті пайда болған ақаудың өзі де нәрестенің өліміне әкеліп жатады.
Сіздің тәжірибеңізде әйел адам босану кезінде, баласы аман қалып өзі өмірден өткен кезі болды ма?
-Екі жыл көлемінде біздің орталық бойынша ана өлімі тіркелген жоқ. Бірақ тәжірибемізде осындай жағдай болған кездер болды. Экстрагенитальды патологияда жүктіліктің ағымына әсер етеді. Осындай экстрагениталды аурушаңдығы бар әйелдерде жүктіліктің асқынуы жиі кездесіп,ана өміріне қауіп төндіріп ,тіпті өлімге әкелуі де мүмкін .
«Баласын дәретханаға тастап кетіпті», «Көлікте босанып, шаранасын терезеден лақтырып жіберіпті» дегенді естіп жатамыз. Әрине есту бөлек, көзбен көру басқа. Сіздің ойыңызша тастанды бала неге көбейіп барады? Әлде көкек аналар жиі кездеседі ме?
-Бұл жөніненде мәселелер өте көп көтеріліп жүр. Бірақ бұндай жағдайлар статистика бойынша азаймаса көбейіп жатқан жоқ. Бұдан 10 шақты жыл бұрын жылына 20 дан аса тастанды бала туылатын еді. Қазіргі таңда жылына 1-2 жағдай кездеседі. Бұрын енді бұндай жағдайда көбіне жоспарсыз жүкті болып қалған қыздар ата-анасынан жасқанып, босанғаннан кейін қайда барарын білмей, босанған соң тастап кетуге мәжбүр болатын. Қазіргі уақытта осындай жағдайға тап болған қыз-келіншектермен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, психолог мамандары жұмыс жасайды.
Болашақ жас аналарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
-«Мен ана болуға дайынмын ба?» деген сұраққа жауап беріп барып, жүктілікті жоспарлаған дұрыс. Жас ана біріншіден психологиялық және физиологиялық тұрғыда дайын болғаннан кейін барып бала сүю керек. Еуропа елдерінде жас отбасы бала сүйер алдында «Брак и семья» деген арнайы орталықтан толық тексеріліп барып балалы болады. Сондықтан ана болуды жоспарлап, сезіну керек.
Сіз үшін өмірдегі ең басты құндылық?
-Бірінші адамның денсаулығы, екінші қалаулы кәсібі, үшінші бақытты жанұясы деп айтар едім. Осы үш басты құндылық болса, адам алдына қойған әр мақсатына, арманына жетеді деп ойлаймын.
Сұхбатыңызға рахмет!
сұхбаттасқан,
Ғалия ЕРЖАНҚЫЗЫ