Нәрестелер хирургиясының басты міндеті ұрықтағы ақауларды жатыр ішінде анықтау
Нәрестелер хирургиясының басты міндеті ұрықтағы ақауларды жатыр ішінде анықтап, оған көмек көрсетуге бола ма, жоқ әлде болмай ма деген сұраққа нақты жауап қату саналады. Себебі кей жағдайда баланың болашақ өміріне қатер төндіретін ақаулар да кезігіп жатады. Жалпы, елімізде туабітті ақаулардың саны артты деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, ақаулардың саны емес, өңірлерде оны анықтаудың сапасы артты. Осыдан 10 жыл бұрын туабітті ақаулар нәресте дүниеге келген соң барып анықталатын еді. Оған ота жасау, ем-дом жүргізу мәселесі де шақалақтың кіндігі кесілгеннен кейін қолға алынып жатты. Ал бүгінде ультрадыбыстық зерттеу әдістерінің, арнайы аппараттардың, мамандардың көмегімен ұрықтағы ақаулар жатырішінде анықтала бастады. Баланың болашақ өмірімен үйлеспейтін, емдеуге келмейтін жүректегі, орталық нерв жүйесіндегі ақаулар жүктіліктің 20-аптасына дейін анықталған жағдайда ата-анасының рұқсатымен ұрықты алып тастау мүмкіндігі бар. Сондықтан бүгінде нәрестелер хирургиясының дамуы осы саламен тікелей байланысты.