Қызылорда соты Назарбаевтың экс-келіні мен қала әкімдігі қызметкеріне үкім шығарды

11 202

Қызылорда қаласының №2 соты Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қызылорда қаласындағы баспана мәселесін шешу мақсатында 2018 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 3002 пәтерлік 64 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінде 49 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2322 қызылордалық баспаналы болды.

Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету мақсатында автономдық қазандықтың құрылысы 2018 жылы басталып, ағымдағы жылы мердігер «Ария Жаңа Астана» ЖШС-гі құрылысты толық аяқтады.
Модульдік жылу қазандығы арқылы сол жағалау аумағында орналасқан 32 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан («Рухани жаңғыру орталығы" мен «Жастар орталығы») жылумен қамтамасыз етілу жоспарланған.

Айта кету керек, бұған дейін әлеуметтік желілерде Сол жағалау тұрғындары тарапынан жылуда мәселе орын алғандығы жайында жиі хабарланатын. Ең сорақысы Қызылорда қаласы әкімдігінің "Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі" КММ бір көзден өткізгендігі белгілі болған. Назарбаевтың келіні Гүлмира Сатыбалды 
2018 жылы «Ария-Жаңа Астана» компаниясы арқылы Сырдарияның сол жағалауына жылу желілерін тарту бойынша тендерді жеңіп алған. Бұған Гүлмира Сатыбалдының ықпал еткені анықталды. Қызылорда қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде қаражат жымқырған 7 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Ал сотталушылар Б., Ж., Е., Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар бола тұра, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өздерінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, аса ірі мөлшерде сеніп тасырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу арқылы жымқырғаны, сотталушылар Д. мен Б. атқарылмаған жұмыстарға өткізу актісін жасақтап қол қойғандары анықталған.


"Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке 441 млн теңге зиян келтірілген. Сотталушылардың кінәсі сотталушы Б.-ның кінәні мойындау туралы арызы, құрылыс нысанына қатысты жүргізілген сот-тауартану және сот-экономикалық сараптамалары, «А» ЖШС-нің бухгалтері, есепшісі, құрылтайшыларының беттестіру жауаптары арқылы дәлелденді. Прокурор сотталушы Сатыбалдыны 8 жылға,  Б., Ж., Е., Қ. – 7 жылға бас бостандықтарынан айыруды, ал Д. мен Б.-ға – 7 жыл шартты жаза беруді сұрады,",-  дейді Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.


Сот Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады. Сотталушылар Б., Ж., Е. және Қ.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.


Мемлекетке келтірілген 441 млн теңге шығын толықтай өндірілді.


Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.