ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢҒЫБАСТАР ҚАЙДА ТҮНЕП ЖҮР?
Қызылордалық тұрғындар қаңғыбастардың саны артып келетіндігін айтып дабыл қағуда,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Елімізде үй-күйсіз көше кезіп жүрген қаңғыбастар көбеймесе азаяр емес. Жеке тағдырлардың қасіреті ме, әлде қоғамның індеті ме? Қыстың көзі қырауда олар қалай күн кешеді?
Жасыратыны жоқ, «Бомж» көрсе, бәрi тіксіне қарайды. Тіпті айналып өтуді жөн санайтындар да жетерлік. Қаңғырбастардың қатарында жүрген жандардың баратын жері, қолында құжаты да жоқ. Далада қалғандарға арнайы бейімдеу орталықтары жәрдемдеседі. Алайда, ащы суды дос еткендер үшін мұндай орталықтар қабылдаудан бас тартады. Себебі бекітілген тәртіп бойынша орталықты мекен етушілер жаман әдеттен бойын аулақ ұстауы тиіс.
Бейімдеу орталығын олар бір жылға дейін ғана паналай алады. Осы уақыт ішінде құжатын дұрыстап, өмірден өз орындарын табу керек. Бірақ көпішілігінің мамандығы, жұмыс тәжірибесі болмағасын бұрынғы өмірге қайта түсетіндері аз емес. Бүгінде бейімдеу орталығында 41 адам тұрақты мекен етуде.
Әрбір тағдырдың артында әлеуметтік, психологиялық мәселенің тұрғаны анық. Оны шешуге жәрдемдеспей қаңғыбастар қатарын азайту мүмкін емес. Ал, қалада қаңғыбас қатары күн санап артып келеді. «Болашақ», «Достық» аллеясы, 3 квартал, «Универсам» маңын тұрақты мекен ететін жандар бар. Алайда, тұрғындар тыныштығымыз бен берекемізді қашырды деп жиі полиция шақырады.
Расында, ата-аналардың алаңдаулары жөнді. Өйткені, ішімдік ішкен адамның не істеп, не қоярыда белгісіз. Тіпті ата-аналар балаларын қосымша үйірмеге жіберуге қорқып отыр. Осыдан кейін жеткіншек оқушылардың педофил құрбаны болмайтындарына кім кепіл?! Қоғамнан шет қалған жандардың бірі отбасылы, баспаналы болса енді бірі маман иесі болғандары да бар. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, арамсудың артынан ерген жандардың бүгінгі жәй-күйі осындай халде! Алайда, біздің қоғамды тазалау мақсат емес, оларды қайта өмірге пейімдеу керек секілді. Орталыққа алып барып жатқызып, қайта босатып жібергеннен не пайда? Ем-домы көрсетіліп, өмірге бейімдеу жұмыстары жүргізілмесе, орталықты қаржыландырудан не пайда? деген жандар да жетерлік.
Айналасынан мейірім таппаған жандар шарасыздықтан көше кезіп, қайыршылықпен айналысады. Жалпы, қазақ даласында тіленшілік деген болмаған. «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған» қазақ мұндай топтағы адамдарына да ел болып қарасқан. Әсіресе, қайыршылық жасап, қолын жайып тұрған қазақтың қариясы мен кейуанасын көргенде көңіліңіз құлазиды.