Қызылордада 200-ден астам жасөспірім беймезгіл уақытта жүрген
Қызылордада «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы басталған 4 күн ішінде 264 әкімшілік хаттама рәсімделген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 4 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынды. Қадағалаусыз және панасыз қалған 2 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды.
Сонымен қатар 211 баланың түнгі уақытта заңды өкілдерін ертпей ойын-сауық мекемелерінде, үйінен тыс орындарда жүргені белгілі болды. Бала күтіміне, оқуы мен тәрбиесіне салғырт қараған 10 ата-ана профилактикалық есепке алынды.
«Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы 6 мамырға дейін жалғасады. Ондағы мақсат — кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, балалардың құқығын қорғау.