ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Аймақ басшысының бастамасымен қала аумағында ауқымды әлеуметтік-инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Президент саябағы аумағында жыл он екі ай жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы – қысқы бақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандардың құрылысы толық аяқталғаннан кейін, олар ел игілігіне беріліп, тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасайды деп күтілуде.
Бұл жобаның ерекшелігі – оның көпфункционалды және заманауи талаптарға сай болуы. 300 орындық балалар лагері тек жаз мезгілінде ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де үздіксіз жұмыс істейтін болады. Мұнда балалардың демалысы мен сауықтыруына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және спорттық-танымдық іс-шараларға арналған барлық жағдай қарастырылған. Ал Ботаникалық білім беру орталығы – оқушылар мен студенттерге табиғат әлемін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін, ғылыми-танымдық бағыттағы ерекше кешен болмақ.
Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ол мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс барыс
ындағы жауапкершілікті күшейту, қауіпсіздік талаптарын сақтау және жұмыстың сапасын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қала әкімі өз сөзінде бұл жобалардың әлеуметтік маңызы жоғары екенін атап өтіп, олардың тек инфрақұрылымдық нысан ғана емес, болашақ ұрпақтың дамуына бағытталған маңызды инвестиция екенін жеткізді.
– Лагерьдің құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше талап қойылады. Себебі бұл – еліміздегі бірегей, балалардың демалысына арналған заманауи орталық болады. Ал ботаникалық бақ – білім беру мен ғылыми-танымдық бағыттағы сұранысқа ие нысан. Сондықтан халық асыға күткен бұл жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажет, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме Alem Qurylys AQ болып табылады. Компания мамандары қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізіп, нысандардың инженерлік жүйелерін орнату және ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық кезеңінде.
Айта кету керек, бұл кешен пайдалануға берілгеннен кейін қала тұрғындары үшін жаңа демалыс және білім беру орталығына айналады. Балалар лагері өскелең ұрпақтың демалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берсе, ботаникалық бақ экологиялық білім беруді дамытуға, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек.
Алдағы уақытта да қала басшылығы құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, жобаның сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ететін болады.







