Open Air: Қызылорда облысы полиция департаменті 20 мыңнан астам көрерменнің қауіпсіздігін қамтамасыз етті
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қызылорда қаласының орталық алаңында өткен Open Air форматындағы ауқымды концертке 20 мыңнан астам тұрғын мен қала қонақтары қатысты.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени-көпшілік іс-шара тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлап, өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Мыңдаған адамның басын қосқан ауқымды шара барысында қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілді. Осыған орай Қызылорда облысы Полиция департаменті алдын ала жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп, барлық жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолайлы жағдай жасау болды. Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының және Төтенше жағдайлар департаментінің 500-ге жуық қызметкері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Сондай-ақ тиісті қызметтердің арнайы техникалары мен жедел әрекет ету топтары кез келген жағдайға дайын күйде кезекшілік етті.![]()
Концерт басталар алдында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған жеке құрамның қатысуымен гарнизондық саптық жиын өткізілді. Жиын барысында қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрі үйлесімді әрекет ету, сондай-ақ қызметтік тәртіпті қатаң сақтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар іс-шараның қауіпсіз өтуі үшін барлық күштік құрылымдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері тағы бір мәрте пысықталды. Концерт барысында полиция қызметкерлері адамдар көп шоғырланған аумақтарды үздіксіз бақылауда ұстап, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етті. Қызметкерлер концерт өтетін аумаққа кіреберістерде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, азаматтардың еркін қозғалысын ұйымдастырды. Бұдан бөлек жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлік қозғалысын реттеп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарды. Көлік кептелісінің алдын алу мақсатында жол қозғалысы уақытша қайта ұйымдастырылып, жүргізушілерге алдын ала ақпарат берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында бейнебақылау жүйелері мен заманауи техникалық мүмкіндіктер тиімді пайдаланылды. Жедел басқару орталығы қызметкерлері қаладағы бейнекамералар арқылы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу және туындауы мүмкін қауіп-қатерлерге дер кезінде әрекет ету жұмыстарын үйлестірді. Барлық қызметтер арасындағы үздіксіз байланыс қауіпсіздік шараларының тиімді орындалуына мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріп, азаматтарға қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмау, жеке заттарына мұқият болу және қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде ескертулер жасап отырды.
Сонымен қатар концерт кезінде ата-анасынан адасып қалған 80-ге жуық бала полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде қысқа уақыт ішінде анықталып, аман-есен ата-аналарына табысталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға ювеналды полиция инспекторлары, еріктілер және басқа да жауапты қызметкерлер жұмылдырылып, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Полицейлер әрбір жағдай бойынша ата-аналармен жедел байланыс орнатып, балаларды ешбір қауіпсіздік қатерінсіз жақындарына қайтарды. Концерт барысында қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілмей, азаматтардың қауіпсіз демалуына барлық қажетті жағдай жасалды. Полиция қызметкерлері тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына жедел жауап беріп, халықпен ашық әрі сыпайы қарым-қатынас орнатты. Нәтижесінде мәдени-көпшілік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайларға жол берілген жоқ. Кештің шарықтау сәтінде 500-ден астам дронның қатысуымен ұйымдастырылған ерекше жарық шоуы көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Заманауи технологиялар көмегімен ұсынылған әсерлі композициялар мен түрлі визуалды көріністер мерекелік кештің сәнін келтіріп, қала тұрғындары мен қонақтарының зор ықыласына бөленді. Көпшілік концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қауіпсіздік шараларының сапалы қамтамасыз етілгеніне оң бағасын берді.![]()
Қызылорда облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың тыныштығын сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін еске сала отырып, тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіпке бағынуға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға шақырады.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның, тұрақтылықтың және әрбір азаматтың тыныштығының берік кепілі.







