"Бұдан кейін концерт бермеймін-ау": Роза Әлқожа ұйымдастырушыларға ашуланды

2 510

Фото: instagram.com/roza_alqozhaТанымал әнші Роза Әлқожа Шымкентте өткен жеке ән кешінен бір тиын пайда көрмегенін айтып, ұйымдастырушыларға ашуланған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір әнші Қытайдың Гуанчжоу қаласында жүр. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында көңіліндегі өкпесін жеткізді. Оның айтуынша, Шымкентте өткен концертінен табыс түспегеніне ұйымдастырушылар жауапты.

“Аяқ астынан Гуанчжоуға кетіп қалғаным қандай жақсы болған. Қазір концерттің шығыны мен кірісін айтқан кезде, күлкім келіп жатыр. Шымкенттегі концерттен бір тиын пайда жоқ. Баяғыда Қызылорда мен Ақтөбеде Дастан деген жігіт концерт өткізіп, 3,5 миллион теңге қарызын әлі берген жоқ. Қанша жыл болды”, – деді әнші.

Әншінің айтуынша, концертті жүргізіп, халықтың алдында өнер көрсететін – ол, алайда пайдасын көретін – ұйымдастырушылар. Өнер иесі осындай жағдайлардан кейін концерт бергісі келмейтінін де айтты. 

"Осындай концерттерге күлкім келеді. Өліп-өшіп халықтың алдына шығатын – мен. Концертті жүргізетін – мен. Ән салатын – мен. Елге жауап беретін – мен. Бірақ пайдасын көретін – ұйымдастырушылар. Мейлі, ары білсін. “Анаған кетті, мынаған кетті, өйтті, бүйтті” дейді. Ұқит-сұқит. Салпақтап жүрген кім? Еңбегін төккен кім? Шаршап өлейін деп жүрген кім? Таңғаламын, Бұдан кейін концерт бермеймін-ау!" – деді Роза Әлқожа.