«Дос-Мұқасан» тобының әншісінің ұлы халықтан көмек сұрады

2 508

Фото:©ашық дереккөз«Дос-Мұқасан» ансамблінің марқұм солисті Бақытжан Жұмаділовтің ұлы әкесінің есімін мәңгілікке ұлықтау мақсатында Алматыдағы көшелердің біріне оның атын беру бастамасын көтерді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Өзін Бақытжан Жұмаділовтің ұлымын деп таныстырған азамат қазақстандықтарға үндеу жариялап, көпшіліктен бастамасын қолдауды өтінген. ӘКесінің есімін ұлықтау үшін талай жылдан бері әрекет етіп келеді. Алайда бұл іске уақыттың, қаржының және қолдаудың жетіспеуі қолбайлау болған.

«Алты қол алысу теориясына сәйкес, жер бетіндегі кез келген екі адамды бес адамнан тұратын байланыс тізбегі байланыстырады. Менің мақсатым – Алматыдағы бір көшеге әкемнің есімін беру. Бақытжан Жұмаділов бүкіл ғұмырын қазақ мәдениетін әлемге танытуға арнады. Сондықтан оның есімінің қала картасында пайда болуы – оның ел мәдениетіне сіңірген еңбегіне көрсетілетін әділ құрмет әрі келер ұрпаққа қалатын тағылым болар еді», – деп жазды ол.

Жазбасының соңында ол қазақстандықтардан үндеуін кеңінен таратуға көмектесуді сұраған. Егер таныстарының арасында Алматы әкімдігінің қызметкерлері немесе қала басшылығына шыға алатын азаматтар болса, тиісті басқармалар мен комиссиялардың байланыс деректерін бөлісуді немесе жазбасын репост жасауды өтінді. Оның айтуынша, басты мақсат – бастаманың қала билігінің назарына жетуі.
Бақытжан Жұмаділов – кеңестік және қазақстандық әнші, композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблінің белгілі солистерінің бірі. Өнер иесі 2010 жылдың наурыз айында жол апатынан 62 жасында көз жұмған.