АУДАН ӘКІМІ Ғ.МҰРАТБАЕВ, АҚСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

300
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімінің қараша айындағы ауылдық округтердегі халықпен кездесулері жалғасуда,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғ.Мұратбаев және Майлыбас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Басқосуларда Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек етті.

Сонымен қатар, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауына біркісідей қатысқан ауыл халқына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Кезек ұсыныстарға берілгенде Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары «Балдәурен» балабақшасын жөндеу, «Ақарық» каналын тазалау, бұлақ қазу, елді мекенге қатынайтын қоғамдық көлікті Әйтеке би кентіндегі аудандық емханаға дейін апару, шеткі көшелерге электр желілерін тартып, бағаналар орнату сияқты ойларын жеткізді.

Ал, ақсуаттық ағайындар елді мекендегі 2 көшені жарықтандыру, Байқожа елді мекеніндегі негізгі мектепті орта білім беруге бейімдеу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.

Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Тұрғындармен кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық прокуратураның прокуроры Дінмұхаммед Жұбаназар, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғанибек Құрманалиев, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Ақсуат ауылына сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Тұрғындармен кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ақсуат ауылында жаңадан салынған әкімдік ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, халықтың қуанышына ортақтасты.