Қолөнерді кәсіп қылған кәсіпкер

94

Жаңақорған ауданында өзінің қолдан келетін ісін кәсіпке айналдырып, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отқан азаматтар қатары артқан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


 Соның бірі Қаратаудың етегіндегі Қосүйеңкі ауылында халық аспаптарын жасаудың хас шебері Оспанхан Мұсаевтың қолынан шыққан домбыраларға сұраныс жоғары. Әуелгіде шағын шеберхананың шырайын келтіріп, қолда бар дүниемен қамданған қосүйеңкілік шебер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алған.

Мемлкеттік қолдаудың арқасында кеңестік кезеңнен «мұраға» қалған станоктарын заман талабына сай жабдықталған аппараттармен жаңғыртты. Осылайша, кәсібін одан әрі дөңгелеткен шебер жаңа құрылғының көмегімен ағаштардың сан түрін миллиметріне дейін мінсіз жонып, тұтынушының талғамына сай ұлттық бұйым жасауда. Аспаптың ою-өрнектерін де қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай өзі сызады.


Жәдігер өнерге жан бітірген жігіттің ата-баба мұрасына қызығушылығы ақыры оны осы кәсіпке алып келді. Қазір шеберханасында қобыз бен домбыра ғана емес, кәдесый бұйымдарын дайындап, астау мен күбі, ер-тұрман шабады. Оның қолынан шыққан дүниелер қалалық, облыстық шеңберден асып, республикалық, халықаралық көрмелер төрінен орын тепті. Және өлмес өнердің қадірін танитындар тарапынан жақсы баға алды. Қу ағашқа жан бітірген Мұсаевтардың шеберлігі осы атыраптың әр адамына етене таныс.


«Бала кезімнен қолөнерге қызығушылығыммен қатар бейімімде болды. Сол бейімімді әрі қарай дамытып, түрлі бұйымдар жасай бастадым. Кей жылдары мектепте еңбек технологиясынан дәріс бергенмін, жұмыстан тыс уақытта, үйімдегі шеберханада түрлі аспаптарды жасайтынмын. Тек музыкалық аспаптарды ғана емес, күнделікті тіршілікке қажетті тұрмыстық заттарды да жасап беремін»,– дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда қосүйеңкілік қолөнер шеберін республика таниды десек артық айтқандық емес. Астана төрінде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Қызылорда облысының мәдени күндері аясында 30-жуық домбырасын алып барып, пұлдады. Қосүйеңкіде жасалған қазақтың қара домбырасына шетелдіктер тарапынанда сұраныс жоғары болыпты. 
Аудандық, облыстық, республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесінен бөлек, 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында Біріккен Араб Әмірлігіне бару бақыты бұйырды. Сыр елінің хас шеберлері құрамына енген Оспанхан Махамбетұлы Дубай төрінде бір айға жуық, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі мәдени күндері аясында өз өнерін шетелдіктерге паш етті.