Жемқорлар мен күдіктілер жаңа жылды түрмеде қарсы алмақ

9 981
Мемлекет қаржысын жымқырған жемқорлар мен күдіктілер 2023 жылды темір тордың арғы жағында қарсалмақ, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



2022 жылдың басы елімізде "Қаңтар трагедиясымен" басталып, тарихта қалды. Осы оқиғалардан кейін шенеуніктерге, бизнесмендерге және қоғам белсенділеріне қатысты қылмыстық істер бірінен кейін бірі қозғалды. Мемлекетке бағытталған аса ауыр қылмыстары үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Осы тұста оның інісі, Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы, полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке қатысты сот болып жатқанын айта кетейік.



Осы оқиғаларға белсенді қатысып, түрмеге түскендердің ішінде "Дикий Арман" лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев пен Алматы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген де бар. Қазіргі кезде олар "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды", "қылмыстық топ құрды" деген сияқты түрлі баптармен айыпталып жатыр.


Ал қаңтар айында Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған Мұрат Бектанов ақпан айында қамауға алынды. Мемлекет басшысы экс-министр қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағаныны да айтқан еді.



Әртүрлі қылмыстық істер еліміздің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасында айналып өтпеді. Мәселен наурызда оның немере інісі, бизнесмен Қайрат Сатыбалдыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ұстады. Ол "Қазақтелеком" қаражатын талан-таражға салды деген айыппен 6 жылға сотталды.


Дәл сол кезде оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да ұсталды. Қазірге дейін оның жәбірленушіге келтірілген залалы 6,6 миллиард теңгеден көп екені дәлелденді. Ол бұл ақшаны толық өтеп, қайтарғанын айта кетейік.

Бұдан бөлек Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, бизнесмен Қайрат Боранбаев аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен уақытша ұстау қапасына қамалған болатын. Қазіргі Қаржы мониторингі агенттігі "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев және басқаларға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады.




Биыл түрмеге түскен мемлекеттік қызметкерлердің ең атышулысы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болды. Ол Ұлттық музейдің басшысы болып тұрып "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша 140 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді.



Сондай-ақ елден қашамын деген жерінен бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" ЖШС бас директоры Медет Құмарғалиев те қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Экология министрлігі мен "ӨКМ Операторының" лауазымды тұлғалары 180 миллиард теңгені жымқырмақ болған.

Ал қараша айында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұрынғы орынбасары Тимур Тоқтабаев ұсталды. Шенеуніктен элиталық үйлері, жер учаскелері, Cadillac Escalade, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8 маркалы автокөліктері тәркіленгенін айта кетейік.


Жылдың басында Қазақстанда аса танымал вайнер Мейіржан Төребаев және актерлар Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаев "қаржылық пирамида құрып, адамдардың ақшасын заңсыз иеленді" деген күдікке ілінді. Қазіргі кезде бұл іс бойынша жалпы 12 адам айыпталып жатыр. Жаңа жылдың алдында сот Мейіржан Төребаевтың отбасылық жағдайын ескеріп, тергеу изоляторынан босатып, үйқамаққа жібергенін айта кетейік.



Биыл бірнеше журналистке қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Мәселен шілде айында кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады деген күдікпен журналист Махамбет Әбжан қамауға алынды. Ал желтоқсанда Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдасқан қылмыстық топтың рейдерлік әрекеттерін жасауға көмектесті деген күдікпен танымал журналсит Михаил Козачков ұстады.

Осы аталған адамдар Жаңа жылды темір тордың артында қарсалмақ, деп жазды Экспресс К сайты.



Аян Амангелдіұлы