"Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым"

171

«Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым»

Құрметті отандастар!

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты.

2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді.Бұл – біздің болашақ дамуымыздың стратегия­лық бағытын айқындайтын науқан.

Парламенттік партиялар мен ірі қоғамдық ұйым­дарды жұмылдырған Халық коалициясы мені Президент үміткерлігіне ұсынды. Осыған бай­ланысты еліміздің алдағы жеті жылдық ке­зең­дегі даму барысы туралы пайымымды ортаға сал­ғым келеді.

Ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңір­лік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бас­тама көтермекпін. Алдағы реформалар ха­лық­тың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, со­­­нымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұ­рақ­тылығымызды күшейтпек.

Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әді­леттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өт­­кеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәсе­ле­лер­ді шешу керек.

Мемлекет монополияларды жояды, табыс­тың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс ке­­летін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайық­ты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді.

Біз ауызсу тапшылығы мәселесін біржола ше­шеміз, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеміз. Мем­лекет ауыл тұрғындарын кәсіби медицинамен қамтамасыз етеді.

Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім сала­сы­ның барлық деңгейінде қордаланған мәселе ше­шіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда болады.

Ауылда өмір сүру, жұмыс істеу қаладан еш кем болмайтындай етіп, ауыл шаруашылығын қайта жандандырамыз. Фермерлер экономиканы ілгерілетуші жаңа күшке айналады.

Ел тұрғындары мен қонақтары өзін қала мен ауылда бірдей жайлы сезінуі үшін көше қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етеміз.

Біз ұлттық мүддені қорғауды, барлық мүдделі мем­лекетпен өзара тиімді ынтымақтастықты ны­ғайтуды көздейтін, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сыртқы сая­си бағытты жалғастыра береміз.

Біз өзара байланысты үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз: ӘДІЛЕТТІ МЕМ­ЛЕКЕТ– ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА – ӘДІ­­­ЛЕТТІ ҚОҒАМ.

Барлық шешімді екшеп, ашық әрі әділ, ең бастысы - қоғам мүддесі мен талабын ескере оты­рып қабылдаймыз. Сондықтан бірінші қағи­дат саяси жаңғыру үдерісін жалғастыруды, мем­лекеттік және корпоративтік кәсіби басқаруды ен­гізуді көздейді. Үкімет, әкімдік, сот, прокура­тура мен полиция қызметі азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі мін­деттерді шешуге бағытталады.

Екінші қағидат азаматтар, бизнес және мемлекет мүддесі мен игілігі теңгеріміне, сондай-ақ ел ресурсын тиімді пайдалануға негізделген экономика құруды білдіреді. Сол үшін қоғамның жұмыспен жоғары деңгейдегі қамтылуын, азаматтардың әлеуметтік ауызбірлігін, сонымен бірге теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз ететін өнімді еңбек нарығы құрылады.

Үшінші қағидат дамыған әлеуметтік инфрақұрылым жасауды және адам әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндік беруді көздейді. Біз саламатты, білімді, еңбексүйгіш, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған және отаншыл қоғам қалыптастырамыз.

Аталған өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсат­тар­ға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз.

Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүр­генін қалаймын. Мұны халқымыз түгел қол­дай­ты­ны маңызды.

 

І. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ

Біз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы негізінде саяси жүйені жаңғыртуды жалғастырамыз.

Тек ұлт игілігі үшін жұмыс істейтін, ішкі әлеу­­­­меттік-экономикалық міндеттерді шешу мен мемлекеттің сыртқы мүддесін қорғауды қам­­тамасыз ететін мемлекеттік аппарат құра­мыз.

Мемлекеттік қызметшілер өз жұмысын ел мен халықтың шынайы мүдде-мұқтажына бағ­дар­­лайды. Имидждік жобалар мен ретсіз ше­шім­дер­дің орнына жүйелі жұмыс атқарылады. Кең қо­­ғамдық бақылау, ашық диалог, азаматтың пі­­кірін міндетті түрде есепке алу мемлекеттік бас­­қару мен шешім қабылдау үдерісінің ажырамас бөлігіне айналады.

Әділетті Қазақстан, ең алдымен, адал сот тө­­ре­­лігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді кү­рес­ті және полицияның тиімді жұмысын біл­ді­ре­ді. Осы салалардағы реформалар құқықтың шы­­найы үстемдігін қамтамасыз етеді, барлық аза­­маттың құқығы сақталуына кепілдік береді.

Мемлекет әлеуметтік-экономикалық рефор­ма­­­­ларға қажетті қоғамдық қауіпсіздіктің негізі ре­­тінде заң мен тәртіпті қамтамасыз етеді.

Алдағы жеті жылдағы маңызды міндетіміз әс­­керімізді жаңғырту болмақ. Біз оны заманауи қару-жарақпен және күшті әлеуметтік ынталандыру шараларымен қамтамасыз етеміз. Әскери бі­лім беру жүйесі мен басқару әдістемесін жетіл­ді­реміз әрі жемісті халықаралық өзара іс-қи­мыл­ды жолға қоямыз.

Халықаралық аренада мемлекеттің ұлттық мүд­­десін қамтамасыз етуге бағытталған тең­ге­рім­­­ді, сындарлы дипломатия жүзеге асырылады.

1. Саяси жаңғыру

Саяси қайта құру биліктің барлық тармағы­ның оңтайлы теңгерімі сақталған тұрақты мем­лекет базасын қалыптастыруға бағытталады.

Конституциялық реформа Қазақстанның жаңа саяси моделінің саяси-құқықтық негізін қалады.

Еліміздің саяси жаңғыруы – кері қайтпайтын үдеріс.

Біздің стратегиялық мақсатымыз – халық пен биліктің ұйысқан түрдегі ұстанымы бойынша шешім шығаратын әділетті мемлекет құру.

Бір рет жеті жылдық мерзімге сайланатын Президент барлық қоғамдық-саяси күштен бірдей арақашықтық сақтайтын болады.

Конституциялық сот азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтаудың сенімді кепілі болады.

Жаңа саяси модельде үкіметтік емес ұйым­дар, қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, мүлік ие­лері бірлестігі мен кәсіподақтар сынды аза­мат­­тық қоғам институттары маңызды рөл ат­қара­ды.

Ауыл және аудан әкімін, аудандық және қа­лалық мәслихат депутаттарын тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау, Пар­ламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар де­путаттарын аралас жүйе бойынша сайлау – осы­ның бәрі азаматтың мемлекеттік негізгі инс­титуттарды қалыптастыруға тікелей, ашық жә­не инклюзивті қатысуын қамтамасыз етеді.

Осы мақсатта:

  • Біз тиімді мемлекеттік модель құруға ба­ғыт­­талған саяси реформаларды жүзеге асыруды жүйелейміз.
  • Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын Конституциялық сот, Адам құқығы жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл сынды жаңа институттардың жұмысын күшейтеміз;
  • Партиялық тізімдер мен бір мандатты округ­тер бойынша жаңа сайлау жүйесі негізінде жү­зеге асатын Парламент пен мәслихаттардың әділ қалыптасуын қамтамасыз етеміз.
  • Партиялар арасындағы пікірталастың және қоғамдық талқылаудың өркениетті түрде өтуіне, шынайы саяси бәсеке дәстүрін орнық­тыру­ға, сайлаудың озық мәдениетін қалыптас­тыру­ға қолайлы жағдай жасаймыз.
  • Ұлттық құрылтай мен қоғамдық кеңес­тер­дің азаматтық қоғамды дамыту ісіндегі рөлін кү­шейтеміз.
  • Қалалар мен аудан әкімдерін тікелей сайлау ар­қылы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қа­лыптастырамыз.

 2. Тиімді мемлекеттік аппарат

Барлық мемлекеттік стратегия, үкіметтік жә­не аймақтық бағдарламалар, салалық жос­парлар мен нақты шешімдер азамат өмірін жақ­сартуы керек.

Бұл – тиімді әрі технологиялық, прагма­ти­ка­лық әрі оңтайлы негізде жұмыс істейтін мем­лекеттік аппараттың басты және негізгі міндеті.

Мемлекеттік қызметке іріктеу үміткердің жо­ғары кәсіби және моральдық қасиеттері не­гізінде жүргізіледі, ал мансаптық ілгерілеу тек ме­ритократия қағидаттарына сай жүзеге асырылады.

Басшының жеке басына деген адалдық, ха­лық пен мемлекетке деген адалдыққа біржолата орын беруі керек.

Осы мақсатта:

  • Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттырамыз.
  • Жастар президенттік кадрлық резервінің тә­жірибесін жалғастырамыз, еліміздегі барлық кә­сіби, білікті және отаншыл азаматтың мем­ле­кеттік қызметке келуіне мүмкіндік береміз;
  • Мемлекеттің өз азаматтарымен және биз­неспен қашықтан өзара іс-қимылына арналған цифрлық инфрақұрылым құрамыз.
  • «Халық қатысатын бюджет» жобасын ау­дан­дық маңызы бар қала мен ауыл деңгейіне дейін кеңейтеміз.

3. Әділ және тәуелсіз сот 

Қоғам мен бизнестің басты талабы – сот төрелігінің объективті және тәуелсіз жүзеге асырылуына кепілдік беру.

Барлық азаматтың заң алдындағы теңдігі ға­на құқықтық әділетті мемлекет құруға деген се­нім­ді нығайтады.

Бұл үшін жоғары кәсіби, адал, ымыраға кел­мейтін судьялар корпусы қажет.

Осы мақсатта:

  • Біз барлық судья мәртебесінің тең болуын қам­тамасыз етеміз.
  • Азаматтарды қудалаудан бас тартуымыз ке­рек, сондай-ақ қылмыстық қудалауға тап бол­ған азаматтың құқықтарын қорғауды күшей­те­міз.
  • Біз сот төрелігін жүзеге асыруда бірізділік ор­­нату үшін зияткерлік жүйе енгіземіз.
  • Апелляция институтын реформалаймыз.
  • Алқабилер соты қарайтын істер санатын кеңей­­теміз.
  • Сот қазысына әрбір жойылған сот актісін тек­­серу құқығын береміз.
  • Бас бостандығынан айырудың балама жа­за­сын қолдануды кеңейтеміз.
  • Қазіргі заманғы технологиялар мен ме­диа­ция­ны пайдалана отырып, тиімді азаматтық сот ісін жүргізуді жолға қоямыз.
  • Біз сотқа дейінгі іс жүргізу жүйесін күшей­те­міз және айыптау мен қорғау тараптары ара­сындағы нақты бәсекелестікті қамтамасыз ете­міз.

 4. Азаматтар құқығын қорғау

Азаматтардың құқықтарын қорғау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау қыз­метінің негізгі басымдығына айналады.

Бизнестің ісіне орынсыз араласу фактілері, сол сияқты лауазымдық өкілеттілікті теріс пай­да­ланудың басқа да формалары біржола келмес­ке кету керек.

Ол үшін жақын арада қылмыстық және қыл­мыс­тық-іс жүргізу заңнамасына ревизия жүр­гі­зі­л­еді.

Азаматтарды қылмыстық процеске мейлінше аз тарта отырып, барлық рәсімді шындықты то­лық ашу тұрғысынан оңтайландыру қажет.

Жауапкершілікті белгілейтін заңдар, ең алды­мен, әділ болуы керек, сондықтан құқық­бұзу­шылық жасағаны үшін белгіленетін санкциялар жүйесі де өзгереді.

Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарды қолдану аясы кеңейтілетін болады.

Құқыққорғау органдары отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, алаяқ­тық, қаржы пирамидалары сияқты отандастары­мыз ең көп зардап шегетін қылмыстарға назар аударуы керек.

«Ақжағалылар» қылмыстарымен күрес сала­сын­да сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою басты басымдық болып қала береді.

Сондай-ақ, қылмысты тіркеуден гөрі, тиімді түр­де оның алдын алуға баса назар аудару қажет.

Осы мақсатта:

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес­ті жалғастыра береміз.
  • ХХІ ғасырдың кәсіби, сервистік Қазақстан по­лициясын құрамыз.
  • Азаптау мен адамның қадір-қасиетін тө­мендететін және азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін тергеудің басқа да рұқсат етіл­ме­ген әдістерінің алдын алу үшін шаралар қолда­на­мыз;
  • Есірткімен, әсіресе синтетикалық препараттармен күресудің тиімділігін арттырамыз;
  • Азаматтардың конституциялық құқық­тары­ның сақталуына прокурорлық қадағалауды күшейтеміз.
  • Азаматтардың құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шешімдер әзірлеуге қатысуын кеңей­теміз.
  • Заң жауапкершілігін одан әрі күшейтуді қоса ал­ғанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­қа қарсы іс-қимыл бойынша неғұрлым тиімді шаралар кешенін қабылдаймыз.

 5. Ел қауіпсіздігі

Еліміздің тәуелсіздігін, тұтастығы мен ұлт­тық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық аза­мат­тың қасиетті борышы, Қарулы Күштеріміз бен сыртқы саясатымыздың басты міндеті.

Біз әскерімізді жаңғыртуды және әскери қыз­мет жағдайын жақсартуды жал­ғастырамыз.

Аумақтық қорғанысты нығайту мен әскери бі­лім беру сапасын арттыру шараларын қабыл­дай­мыз.

Әскери қызметкер Қазақстан патриотизмінің жә­не болашаққа деген сенімділіктің жарқын үлгі­сі болады.

Осы мақсатта:

  • Біз ұлттық мүддені мүлтіксіз қорғауға, өңір­лік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін да­мытуға бағытталған теңгерімді сыртқы сая­сат жүргізетін боламыз;
  • Қазақстанның БҰҰ аясындағы халықаралық қауіп­сіздік жүйесін нығайтуға қосатын үлесін арт­тырамыз;
  • Еліміздің әскери қауіпсіздігіне қауіп төндіре­тін сын-тегеурінге сай әрекет ете алатын озық қару-жарақ, басқару жүйесімен жабдықталған жо­ғары технологиялық және ұтқыр әскер құруды жалғастырамыз;
  • Қазіргі заманғы технологиялар трансферті мен өндірістің жоғары шоғырлануын ескере оты­рып, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша шаралар қабылдаймыз.
  • Әскери білім беру жүйесін жетілдіреміз, оны кә­сіби әскери кадр даярлауға бағыт­таймыз, сон­дай-ақ әскери ғылымның деңгейін көтереміз.
  • Әскери қызметтің беделін, әскери қызметші мәр­тебесін, Қазақстан армиясының абыройын арттырамыз.
  • Жастарды Қазақстан халқына адалдық ру­хындағы патриоттыққа, Отанды қорғау әс­кери борышын бұлжытпай орындауға тәр­бие­леу­дің жаңа тәсілін енгіземіз.

ІІ. ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА

Қазақстандағы олигополиялық капитализм әлеуметтік теңсіздік пен ішкі нарықтың тең­герім­­сіздігін тудырды. Компаниялардың кейбірі тіпті ауыр дағдарыста да көп табыс тапты.

Монополистер қызметін адал атқармай, аза­маттардың нақты табысының өсуіне кедергі кел­тіріп, оларға «кедейлік қамытын» кигізді жә­не орта таптың нығаюына жол бермеді.

Біз экономиканың даму моделін түбегейлі өз­гертеміз.

Экономика монополиясызданады, ал мем­ле­кет бизнес саласына араласуын айтарлықтай азайтады.

Адал бизнес бюрократиялық қысымға ұшы­ра­­­майды. Біздің барлық күш-жігеріміз кә­сіп­кер­лік­ті ынталандыруға және қорғауға ба­ғыт­талады.

Құнды активтерді жекешелендіру ісі қатаң бақылауда болады, оны шағын топтың иеленіп кетуіне жол бермейміз.

Заңсыз алынып шетел асырылған активтерді елге қайтару жұмысын жандандырамыз. Оның игілігін бүкіл халқымыз көретін болады.

Елімізде ұлттың әл-ауқатын қамтамасыз ете­тін ресурстар жеткілікті.

Қазіргі кезде азаматтардың табысы эконо­ми­калық әлеуетімізбен салыстырғанда әлдеқай­да төмен. Бұл ахуал, негізінен, Қазақстанда ши­­­кізатты ауқымды өңдеу ісінің жолға қойыл­мауына байланысты қалыптасты. Сондықтан дайын өнім шығару үшін бизнеске қолжетімді шикізат жеткізуді қамтамасыз етеміз.

Әділетті Қазақстанда заң талаптарын сақтай­тын кез келген шағын, орта және ірі бизнеске лайық­ты жағдай жасалады.

Экономиканың барлық саласында тұрақты жұ­мыс орындары ашылады. Барлық өңірді ке­шенді дамытуға ерекше назар аударылады.

6. Мемлекеттің әділетті және айқын экономикалық саясаты

Мемлекет салық, бюджет, ақша-несие және тарифтік саясатты теңгерімді әрі ашық жүргізеді.

Салық саясаты шикізаттық емес экспортты жә­не ішкі өндірістер құруды ынталандырады. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптас­тыры­латын болады. Ұлттық қордың толығуы мен жұм­салуына бақылау күшейтіледі. Осылайша, біз өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қам­тамасыз етеміз.

Бәсекеге қабілетті бизнестің дамуына кедергі кел­тіретін нәрсенің бәрі жойылады. Бұл етек жайып кеткен мемлекеттік монополияларға да, көлеңкелі экономикаға да қатысты. Мемлекет жеке бизнес жұмыс істеуге дайын емес салаларға ғана белсенді қатысады.

Еңбек кірісінің өсуі мен инфляцияны тежеу есе­бінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру жө­нінде жүйелі шаралар қабылданады.

Экономикалық саясаттың тиімділігі ІЖӨ-нің өсуі бойынша ғана емес, ең алдымен сапалы жұ­мыс орындарын құру, азаматтардың нақты та­бысын ұлғайту, білім деңгейін арттыру, қоғам­ды денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша бағаланады.

Азаматтардың адал өнімді еңбегі құрмет­те­леді, қорғалады және оған лайықты еңбекақы төленеді. Қызметкерлердің мансаптық бола­ша­ғы мен табысы олардың кәсібилігіне, жауап­кер­шілігі мен әбжілдігіне байланысты болуы керек.

Біз жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қа­дағалауымен және күшті кәсіподақтармен қам­тамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіп­­­­сіз еңбек ортасын құрамыз.

Мемлекет заңға бағынатын кәсіпкерлерді не­гізсіз әкімшілік қысымнан және тексеруші құ­ры­л­ымдардың себепсіз араласуынан қор­ғай­ды.

Елдің өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны күшейеді. Ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құру жұмысы қолға алынады. Мұнда бірте-бірте неғұрлым терең өңделген өнімдер шығарылады.

Өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңғырту жүргізіледі.

Біз индустрияның базалық салаларын кү­шей­теміз. Табиғи байлықтарымызды: мұнай, газ, минералдарды барлау мен өндіруге тың сер­пін береміз. Өнеркәсіптің жаңа секторларын және жоғары бөліністі өнімдерді кезең-кезеңі­мен құруға көшеміз.

Жаңа өндірістерді инфрақұрылымдық тұр­ғыдан қолдау ұлғая береді. Химия өнеркәсібін дамытуды жалғастырамыз.

Мемлекет озық технологиялары бар ірі инвесторларды тарта отырып, ауқымды геология­лық барлау жұмыстарын бастауға қабілетті жаңа «ойын ережелерін» қалыптастырады. Бұл ретте жергілікті қамту мен технологиялар трансфертін барынша қамтамасыз етеміз.

Осы мақсатта:

  • Қорды сапалы басқаруды, оның сақталуын және лайықты инвестициялық табысты қам­та­масыз ете отырып, Ұлттық қордың актив­терін 100 миллиард долларға дейін ұлғайтамыз.
  • Көлеңкелі экономика деңгейін ЭЫДҰ елдері­нің көрсеткішіне ІЖӨ-нің 15%-ына дейін тө­мендетеміз.
  • Мемлекеттің экономикадағы қатысуын 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қысқартамыз.
  • Кем дегенде 150 миллиард доллар тікелей ше­тел инвестициясын тартамыз.
  • Экономиканы монополиясыздандыруды жалғастырамыз, монополистерді бақылауды және бәсекелестікті қорғауды күшейтеміз.
  • Біз салық жинау ісінің әділ, ашық, айқын болуын қамтамасыз ету үшін жаңа Салық кодексін қабылдаймыз.
  • Біз қымбат тауарларға жоғары салық мөл­шерлемесін енгіземіз.
  • Мемлекеттік қолдау шараларына ие болу ке­зінде бизнестің көлденең міндеттемелерін бел­гілеу арқылы қызметкерлердің жалақысын кө­теру­­ді ынталандырамыз.
  • Кәсіпорын кірісін өндіріс персоналы еңбекақы қорын ұлғайтуға бөлінген қаражат көлемінде салықтан босатуды қарастырамыз.
  • 2025 жылдан бастап инфляция деңгейіне байланысты ең төменгі жалақыны көтеру механизмін енгіземіз.
  • Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санының 4,7 миллион адамға дейін өсуін қамтамасыз етеміз.
  • Біз ішкі еңбек нарығын, еліміздің азаматтары саналатын еңбеккерлердің мүддесін қор­ғай­мыз.
  • 3,3 миллион азаматқа, оның ішінде 2,3 мил­лион жасқа жұмыс береміз.
  • Жалдамалы еңбектің қашықтан жұмыс, икем­ді жұмыс уақыты, толық емес жұмыс күні, фри­лансинг сынды жаңа нысандарын дамыту үшін еңбек заңнамасын ырықтандырамыз.
  • Біз «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдаймыз. Онда сатып алынатын тауар­дың, жұмыстар мен қызметтің ең төменгі баға­сынан сапа басымдығы, сондай-ақ жергілікті қамту басымдығы белгіленеді.
  • Дайын өнім өндіру үшін ішкі нарыққа негізгі ма­териалдарды әлемдік бағадан жеңілдікпен жеткізуді қамтамасыз етеміз.
  • Шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, ірі мұнай жобаларын дамытудың жаңа ұзақ мерзімді жоспарын әзірлейміз.

7. Бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы және орнықты ауыл 

Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіп­керлік бастамаларын қолдаймыз.

Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телім­дерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз.

Аграрлық сектордағы монополиясыздандыру ашық құқықтық рәсім, салықтық ынталандыру және технологияларды енгізу жұмыстары­мен қатар жүруге тиіс.

Су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, ме­лиорация және суару жүйесін қалпына кел­тіру керек.

Мемлекет ауыл шаруашылығы кооператив­терін ұйымдастыру үшін ауқымды жобаны іске асырады. Кооперативтер егістіктен дүкен сөре­сіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиім­сіз дел­далдардан арыламыз.

Осы мақсатта:

  • Ауылды жедел дамытуға басымдық береміз.
  • Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырым­да­масын әзірлейміз.
  • 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қам­ти­тын ауыл шаруашылығы кооперациясын да­мы­туға 1 трлн теңге бөлеміз.
  • Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, шағын несие алу және ірі қаладағы өткізу нары­ғына қол жеткізу үшін жеңілдіктер береміз;
  • Кооперативтік кәсіпкерлікке барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын тартамыз, нәтижесінде ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орны пайда болады.
  • Суару алаңын екі есе арттырып, оны кемінде 2,2 млн гектарға дейін жеткіземіз.
  • 3,5 мың шақырым суару каналдарын қайта жөн­дейміз.
  • 4 текше шақырым суды жинақтауға мүм­кіндік беретін жаңа 25 су қоймасын саламыз, қол­даныстағы 16 су қоймасын жөндеуден өткі­зе­міз.

8. Ашық көлік дәліздері және логистика

Қазақстан экономикасы көлік дәліздерін кеңейтуді қажет етеді. Бұрыннан бар жаһандық тауар жеткізу жүйесінің бұзылуы біздің болашақ тран­зиттік мүмкіндігімізді күшейтті.

Біз жаңа сапалы жолдар, қоймалар салып, айлақтардың әлеуетін арттыруымыз керек, саланы локомотивтермен, жүк көлігімен, контейнерлермен қамтамасыз етуіміз қажет.

Мемлекет транзиттік дәліздердің жүк айналымы мен өткізу қабілетін арттырады. Сол ар­қы­лы ел экономикасына мол инвестиция тар­туға тың серпін береміз.

Осы мақсатта:

  • Транзиттік және экспорттық мүмкіндікті әртараптандыру үшін Транскаспий халықаралық бағытын негізгі байланыстырушы буынға айналдырамыз.
  • Теңіз порттары мен флотты нығайтамыз, Кас­пий теңізінде заманауи контейнерлік хаб құра­мыз.
  • Ресей, Қытай, Орталық Азия және Каспий өңірі елдерімен шекара маңында сауда-экономи­калық орталықтар желісін ашамыз.
  • Отандық өндіруші мен экспорттаушыға бір­дей қолжетімді, транзиттік тасымал үшін бірың­ғай цифрлық жасыл дәліз құрамыз.
  • Ұшақ билетінің бағасын төмендету үшін әуе нарығында нақты бәсекелестік құрамыз.
  • 11 мың шақырым теміржолды жөндейміз.
  • «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақ­тарал» теміржол желісін, Алматының айналма тар­­мағын, Қытаймен «Бақты» теміржол өтке­лін іске қосамыз.

 9. Сенімді энергетика

Қолжетімді әрі тұрақты энергетика секторы – индустриялық өсудің негізі.

Біз тәуелсіз энергетикалық жүйе құруды жал­ғастырамыз. Ол халықтың тұрмыстық қа­жет­тілігі мен өнеркәсіптің сұранысын толық қам­тамасыз ететін болады.

Көмірсутегі өндірісін дамытып, өңірлерді газ­дандыруды жалғастырамыз.

Жасыл технологияларға баса назар аудара оты­рып, баламалы энергия көздерін де дамытамыз.

Осы мақсатта:

Өңдеу көлемін жылына 21 миллион тоннаға дейін ұлғайту арқылы ішкі нарықты мұнай өнімі түрлерімен қамтамасыз етеміз.

Мұнай өндіру өсіміне қарай көмірсутегі ши­кі­затын экспорттау дәліздерін әртараптандыра­мыз.

Тауарлық газ ресурсын 30 млрд текше метрге дейін ұлғайту үшін жаңа газ өңдеу қуаттарын са­ла­мыз.

Елдегі газдандыруды 60 пайыздық деңгейге жет­кіземіз.

3,7 Гвт электртүрлендіретін қуат пен жылу элек­трорталықтарын жаңғыртамыз және саламыз.

Жаңартылатын энергия өндірісінің көлемін 1,5 есеге арттырамыз.

Еліміздің энергия жүйесін сақиналайтын электр беру желісінің құрылысын аяқтаймыз.

10. Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым     

Әділетті өңірлік саясат – адамдардың үлкен қа­лада да, шағын ауылда да жайлы өмір сүруі де­­ген сөз.

Әрбір отбасы таза ауыз суға, сапалы жолдар­ға, жылдам интернет пен тұрақты ұялы байла­ныс­қа қол жеткізетін болады.

Мемлекет жаңа тұрғын үйлер салады, барлық өңір­дегі жергілікті инфрақұрылым мен инже­нер­лік коммуникацияларды жаңартады. Біз са­палы жұмыс орнын қамтамасыз етеміз, әр аза­мат­тың өзін дамытуына тең мүмкіндік жасаймыз.

Мұның бәрі өңірлерді тұрғындар мен инвес­тициялар үшін тартымды етеді.

Осы мақсатта:

7 жылдың ішінде 111 млн шаршы метр тұр­ғын үй саламыз.

Үлестік қатысуы бар проблемалы үйлер құры­лысын аяқтаймыз.

40 мыңға жуық апатты және тозған тұр­ғын үй иесін жаңа үймен қамтамасыз етеміз.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелендіруді жалғастырамыз.

Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын ин­же­нерлік коммуникациялармен жабдықтауды бел­­­­сенді жүргіземіз.

Елді мекендердің 100%-ын сумен жабдықтау жүйе­сімен қамтамасыз етеміз.

Ыстық сумен жабдықтау және сутарту же­лілерінің тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмен­де­теміз.

Республикалық маңызы бар 8 мың шақырым жә­не облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың ша­қырым автожолдың сапалы салынуы мен жөн­делуін қамтамасыз етеміз.

Барлық республикалық және негізгі облыстық ав­тожолдарды сапалы ұялы және интернет-бай­ла­ныспен қамтимыз.

 11. Озық қолданбалы ғылым 

Мемлекет базалық өндірістен күрделі өн­діріс­ке және жоғары технологиялық тауарларды шы­ғаруға көшудің технологиялық тұғырнамасын жасамақ.

Ол үшін ғылым елдің бәсекеге қабілетті бол­уы­­на мүмкіндік беретін жаңа өндіріс технологияларына бағытталатын болады.

Біздің ғалымдардың күш-жігері жол құры­лысын жақсарту, ауыл шаруашылығын жаң­ғыр­ту, өнеркәсіптің тиімділігін арттыру сияқты прак­тикалық мәселелерді шешуге жұмыл­дыры­лады.

Бұл жұмысты мемлекет, ғылым және бизнес­тің тығыз ықпалдастығы арқылы жүзеге асырамыз.

Осы мақсатта:

  • Қолданбалы ғылымды, оның ішінде ірі биз­нес­тің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржы­лан­дыруын кезең-кезеңмен арттырамыз;
  • Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нә­тижелерін коммерциялау, атап айтқанда, гранттар бөлу үшін жағдай жасаймыз;
  • Жетекші жоғары оқу орны мен ірі кәсіп­орын­ның жанынан мамандандырылған ин­жи­ниринг­тік орталықтар құрамыз;
  • «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдаймыз.

12. Жаңа цифрлық мүмкіндіктер

Цифрландыру тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады және азаматтардың мүмкіндіктері бір­дей болуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қыз­меттер мен жеке сервистегі IT-шешімдер елі­міздегі әлеуметтік қатынастарды өзгертіп жі­берді.

Біз өмірдің барлық саласына цифрлық техно­логияларды енгізуді жалғастыра береміз.

Азаматтар сапалы цифрлық қызметтерге қол же­ткізе алады. Ұялы байланыстың бесінші буы­ны (5G) барлық облыс пен аудан орталығында пайда болады.

Азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін оны жинау және сақтау, сондай-ақ жіктеу бо­йынша үздік әлемдік стандарттар енгізу есебінен күшейтеміз.

Жасанды интеллект, виртуалды және толық­тырылған шынайылық, цифрлық активтер мен блокчейн технологияларының таралуына жан-жақты жәрдемдесетін боламыз.

Осы мақсатта:

  • Қалалар мен аудан орталықтарын кең­жо­лақ­­ты интернет желісімен қам­тамасыз етеміз.
  • Біз қуатты деректер орталықтарын салып, трансшекаралық талшық­ты-оптикалық күре­жол жүргізбекпіз және цифрлық аймақтық хаб болу үшін IT ком­паниялардың халықаралық «ойын­­­шыларын» тартуға қажетті заңнамаға ерек­ше на­зар аударамыз.
  • Біз IT-компанияларда кем дегенде 150 мың жаңа жұмыс орнын ашамыз.
  • Біз цифрлық технологиялардың экономикаға қосқан үлесін ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін жет­кізе­міз.

III. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ

Әділетті әлеуметтік саясат жүргізу – Әділетті Қазақстан құрудың базалық алғышарты.

Азаматтың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеу­мет­тік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мек­теп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын сал­уға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге.

Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адам­ның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек.

Ұзақ уақыт бойы елімізде әлеуметтік шығын мәжбүрлі шара ретінде қарастырылып келді. Мұндай көзқарасты түбегейлі өзгертеміз.

Бұдан былай әлеуметтік төлемдер адам капиталына салынатын тікелей инвестиция болып есептеледі. Мемлекеттің азаматтарға жұмсайтын барлық күш-жігері және қаржысы тұрақты әлеуметтік дамуға, экономиканы өркендетуге негіз болады.

Біз балаларымызға барынша жайлы оқу жағ­дайын жасаймыз – оларды заманауи әрі қауіп­сіз балабақшамен, мектеппен, тегін тамақпен, қо­сымша біліммен, жылдам интернетпен қам­тамасыз етеміз.

Оқушы орны мен студенттік жатақхана тап­шылығын жоямыз, білім беру жүйесінде цифрлық орта қалыптастырамыз.

Колледждер мен жоғары оқу орындары елі­міз бен әлемде сұранысқа ие кәсіби маман дайын­дайтын болады.

Азаматтардың сапалы медициналық қыз­мет­ке қолжетімдігі арта түседі.

Біз мемлекет пен бизнес мүмкіндігін бірік­тіре оты­рып, денсаулық сақтау жүйесін жаң­ғыр­тумен айн­алысамыз. Бұл ұлт денсаулығын жақ­­сартуға, адам өмірі ұзақтығын арттыруға мүм­кіндік тудырады.

Әлеуметтік мемлекеттік бағдарламалар еңбек на­рығы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Біз әлеуметтік төлем көлемін ұлғайтып, ха­лықтың мұқтаж топтарын қолдаудың жаңа құра­лын енгіземіз, жаңа білім мен өнімді еңбек ар­қылы әр азаматтың басты қажеттілігін қам­тамасыз етуге және өмірін жақсартуға көмек­те­семіз.

13. Қолжетімді  және сапалы білім 

Елімізде 6,5 миллион бала бар. Олардың бәріне тұрған жеріне және қай тілде оқитынына қарамастан, іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қол­жетімді болуға тиіс.

Әділетті Қазақстанды құрудың негізінде ағартушылық құндылықтар жатыр.

Талантты, білімді, отансүйгіш ұрпақ неғұр­лым көп болса, әл-ауқатымыз соғұрлым тез ар­­­­тады. Бұл істе педагогтеріміздің рөлі зор.

Біз мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін арт­тыру­ды, шығармашылық жұмысына қолайлы жағ­дай жасауды және оларды артық міндет­терден бо­сатуды жалғастырамыз.

Мәртебелі мұғалім атағы бедел мен дана­лық­тың тұрақты синониміне айналады.

Осы мақсатта:

  • 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар сапалы мек­тепке дейінгі тәрбие және оқумен қам­та­ма­сыз етіледі.
  • «Балаға берілетін ақша» қағидатын іске асыру­ға мүмкіндік туғызатын мемлекеттік ба­ла­бақшаларда орын бөлудің бірыңғай және ың­ғайлы ақпараттық жүйесі құрылады.
  • Әлеуметтік осал топ санатындағы от­ба­сының балалары балабақшада тегін тамақтана­ды және барлық бастауыш сынып оқушы-
     лары те­гін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
  • Шамадан тыс жүктемесі бар сыныптар, апат­тық мектептер және үш ауысымды білім беру мәселесін түпкілікті шешу үшін оқуға қо­лай­­лы жағдайы бар 1,5 млн оқушы орны ен­гі­зі­леді.
  • Жыл сайын шағын қала, аудан орталығы мен ауылдағы кемінде мыңнан астам мектеп за­ман талабына сай жаңартылатын болады.
  • Роботтехника, химия, биология және фи­зика пәндеріне арналған кемінде 7000 заманауи ка­бинет ашылады.
  • Пән оқытудың инновациялық әдістері ен­гі­зі­леді, қажетті оқу материалдары цифрлық фор­­матқа ауыстырылады.
  • Оқушылар оқу материалдарына лезде қол жет­кізетін, билет алу, төлем құралына айналатын, ауыр арқақоржынды алмастыратын сәй­кес­тендіру карталарына ие болады.
  • Компьютері жоқ балаларға арналған жалға беру бағдарламасы іске қосылады, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылар компью­тер­лерді ақысыз жалға алады.
  • Білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Барлық колледж, мектеп мен ба­лабақшалар тиісті түрде жабдықталады.
  • Балаларға арналған 50 сауықтыру лагері ашы­лады, балалардың шығармашылық және зият­керлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, му­зыка және өнер мектептері сынды кемінде 100 жаңа ірі нысан салынады.
  • Әрбір тілек білдірген балаға спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге тегін қа­ты­суға мүмкіндік беріледі.
  • Студенттердің шәкіртақы мөлшері 2 есеге ұлғай­тылады;
  • Барлық студент әлемдік цифрлық кітапха­на­ларға тегін қол жеткізетін болады.
  • Студенттік жатақханалардағы орын тап­шы­лығы мәселесі шешіледі.

 14. Заманауи медицина 

Медицина саласының негізгі міндеті – өмір сүру ұзақтығын арттыру, азаматтарымыздың ден­саулығын жақсарту.

Ол үшін кәсіби білікті кадр даярлау ісі мен профилактикалық жұмыс күшейтіледі, ауыл медицинасы қалпына келтіріледі. Әрбір қала, аудан орталығы, ірі ауылдарда сапалы ме­ди­ци­на­лық көмек көрсетілетін болады. Бұл – Әді­лет­ті Қазақстанның маңызды басымдығының бірі.

Азаматтарымыз шетелдік клиникаларға амал­сыз барып емделіп жүрген медицина түр­лері­не ерекше назар аударылады. Импорталмас­тыру мен Қазақстанда медициналық туризмді да­мыту денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің бас­ты міндетіне айналады.

Осы саланы дамытудың тұрақты моделі құры­лып, 2027 жылы оны қаржыландыру дең­гейі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем бол­май­ды.

Дәрігерлік кәсіптің мәртебесі мен беделі арта тү­седі.

Ішкі нарықты қолжетімді әрі сапалы отан­дық, шетелдік дәрі-дәрмекпен толтыру өз алдына үлкен міндет болмақ. Отандық фармацевтика өнімдеріміз бәсекеге қабілетті әрі халық­ара­лық стандартқа сай болуға тиіс.

Осы мақсатта:

  • Саламатты өмір салтын насихаттауды кү­шейтіп, халықтың денсаулық мәселесі туралы сауатын арттырамыз.
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінің сапасын жақсартамыз.
  • Дәрігер мамандығының мәртебесін заңна­малық тұрғыда бекітеміз және медицина қыз­мет­керлерін қорғау мен қолдаудың тиімді тетік­терін енгіземіз.
  • Тұрғындарды профилактикалық, оның ішін­де онкологиялық және жұқпалы емес аурулар бойын­ша тексеруді кеңейтеміз.
  • Жаңа құрылғылармен жабдықталған, білік­ті медицина қызметкерлері бар заманауи пер­зент­хана орталықтарының желісін құрамыз.
  • Балалар онкологиясы мен гематологиясы ұлт­тық орталығын ашамыз.
  • Онкологиялық қызметті кешенді түрде жаң­ғыртамыз.
  • Уақтылы көмек көрсету үшін бірыңғай кон­сультативтік инсульт орталығын іске қосамыз.
  • Ішкі нарықтағы отандық дәрілік зат өн­дірісінің үлесін 50 пайызға дейін ұлғайтамыз.
  • Ауылдық жерде жаңа жабдықпен жарақ­тал­ған, білікті медицина қызметкерінен жасақ­талған 700 жаңа медициналық нысан ашамыз.
  • Төрт миллионнан астам ауыл тұрғынын (қа­лалық және облыстық ауруханалар деңгейінде) қо­сымша мамандандырылған және жоғары тех­но­логиялық медициналық көмекпен қамтимыз.
  • Телемедицина арқылы орналасқан жері бойын­ша медициналық қызметке қолжетім­ді­лік­ті арт­тырамыз.
  • Цифрландыру арқылы дәрігерлер есептілігін­дегі қағазбастылықты азайтамыз, денсаулығы туралы ақпараттың әр азаматқа толық қол­же­тімді болуын қамтамасыз етеміз.
  • Азаматтарға «Электрондық үкімет» пор­та­лы мен eGov mobile мобильді қосымшасындағы же­ке кабинеті арқылы дәрілік заттар алу
     рецеп­тілеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеміз.

 15. Әлеуметтік қорғау       

Біздің барлық әлеуметтік шығындарымыз – ұлттың әлеуетін дамытуға салынған инвестиция.

Сондықтан біз азаматтарымыздың өмірлік қиын­­дықты жеңуіне көмектесеміз, сонымен бірге олардың еңбектенуге, өз әл-ауқатын арт­тыру­ға деген ұмтылысын ынталандыратын боламыз.

Ең алдымен, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің ерекше қамқорлығында бо­­лады.

Біз азаматтың өмірін жақсартуға, білім беру жүйе­сін, әлеуметтік және көлік инфрақұры­лы­мын жетілдіруге бар күшімізді саламыз. Ерекше қа­жеттілігі бар азаматтарға арнайы жұмыс орын­дары ашылады.

Азаматтарға әлеуметтік кепілдік берудің бар­лық тәсілдері Әлеуметтік кодексте бекітілетін бо­­лады.

Осы мақсатта:

  • 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайын­ғы инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толғанға дейін баланың жинақтаушы шотына аудара отырып, «Ұлттық қор – бала­лар­ға» жалпыхалықтық бастамасын іске қоса­мыз.
  • «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының ке­мінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғам­дық қорына жыл сайын аударуды қамтамасыз етеміз.
  • Уақытша жұмыссыз азаматтарды қолдау жүйесін күшейтеміз.
  • 2023 жылдан бастап жұмысынан айырыл­ғаны үшін берілетін әлеуметтік төлем мөлшерін табыстың 45 пайызына дейін ұлғайтамыз.
  • Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұ­мыспен қамту үшін әлеуметтік кәсіпкерлік бойын­ша әлеуметтік жобаларды «Қазақстан хал­қ­ына» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырамыз.
  • Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды туғаннан бастап жеке қолдаумен қамтамасыз етеміз.
  • Ерекше қажеттілігі бар барлық азаматқа Әлеу­меттік қызметтер порталы арқылы қыз­метті, тауарды, жеткізушіні, ұйымды және әлеу­меттік қызметкерді таңдау мүмкіндігін ұсы­намыз.
  • Бірінші топтағы мүгедек адамды күтетін отбасы мүшелеріне жалақы, әлеуметтік аударым төлеп, еңбек өтіліне қоса отырып, оларды же­ке көмекші ретінде рәсімдеу мәселесін шеше­міз.
  • Балалардың арнаулы мекемелерін балаларды қолдау орталығы ретінде қайта құрамыз.
  • Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алатын кәсіби отбасыларға балаларды орналастырудың баламалы нысанын енгіземіз.
  • Әр мекемеге бір жүгінбей, мемлекеттік қол­дауды проактивті форматта алу үшін адам өмірінің барлық бағытын қамтитын отбасының цифрлық картасын енгізуді аяқтаймыз. Ақпарат­тық жүйе мемлекеттік көмекті арнаулы түрде және әділ көрсетуге мүмкіндік береді.
  • Табысы төмен отбасынан шыққан 1 жас­тан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілден­діріл­ген әлеуметтік пакеттегі көмекті азық-тү­лік­тен ақшалай түрге ауыстырамыз.
  • Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мер­зімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтамыз.
  • Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ком­муналдық қызметке жұмсалатын шығынның ке­мінде 30 пайызының өтемақы тетігін іске қо­самыз.
  • Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қа­былдаймыз.

16. Ортақ құндылықтар мен мәдениет

Мемлекетті халық құрады, ал халықты ортақ құндылықтар ұйыстырады.

Әділетті Қазақстанды айқындайтын басты құндылықтар – еліміздің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен унитарлығы, бірлік, отаншылдық, еңбекқорлық, отбасылық құндылық, халқы­мыз­дың тарихы мен дәстүрі. Осы құндылықтарды нығайта отырып, біз елімізді ішкі және сыртқы сын-қатерден қорғаймыз, азаматтарымызды жарқын болашаққа бастаймыз.

Осы мақсатта:

  • Мемлекеттік тілдің одан әрі дамуын және күн­делікті өмірдегі қолданысын ынталандыратын боламыз.
  • Тілдік негіздегі кемсітушіліктің кез келген түрі­не қатаң түрде қарсы тұрамыз.
  • «Бірлігіміз – әралуандықта» әмбебап қағи­да­ты бойынша этносаралық бірлік пен конфес­сияара­лық келісімді нығайту саясатын жалғас­тыра­мыз.
  • Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының ны­сандарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра ті­зіміне ұсынамыз.
  • Қазақстанды халықаралық аренада бірегей ұлттық мәдениет пен бейбітшілік, төзімділік, ке­лісім мен ізгілік елі ретінде ілгерілететін бола­мыз.

17. Жаңа буын

Жастар – қоғамдағы өзгерістердің негізгі қоз­ғаушы күші. Жастарымыз бастамашыл, ел тағдырына белсене араласуға дайын.

Біз билік институттарының және дарынды, бел­­сенді жаңа буын өкілдерінің өзара ықпал­дасуы үшін барлық жағдай жасаймыз.

Ол үшін біз жастар саясатының тұжырым­дамасын қайта қарастырамыз, яғни «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағида­ты­на көшеміз.

Еліміздің барлық жас азаматының өз қа­біле­тін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-эко­но­микалық тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете­міз.

Осы мақсатта:

  • Жастар саясаты туралы жаңа тұжырым­дама мен заң қабылдаймыз.
  • Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын ен­гіземіз.
  • Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жыл­дық 2,5 пайыз жеңілдікпен несие беруді ұсынамыз.
  • Ерекше қажеттіліктері бар жас кәсіпкер­лер­ге қосымша грант бөліп көмек көрсетеміз.
  • Креативті индустрияны дамытуды қол­даймыз.
  • Музыка, кино, театр, әдебиет, диджитал гра­фика және т.б. бағыт бойынша жас талант­тардың халықаралық фестивальдарын тұрақты түрде өткіземіз.
  • Жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын беретін боламыз.
  • Еріктілер қозғалысын күшейтеміз.

18. Экологиялық ойлау 

Азаматтардың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететін экология – мемлекеттік ба­сым­дықтар тізіміндегі өзекті мәселе.

Біз табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, қоршаған ортаны сақтауымыз керек. Қоршаған ортаны қорғаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, таза технологияларды дамытуымыз қажет. Қоғамда экологиялық мәдениеттің деңгейін арттырамыз.

Экологиялық шығарындыларды азайтуға қол жет­кіземіз және биоалуантүрлілікті сақтауға бар кү­шімізді саламыз.

Бұл аса маңызды жұмыс экологиялық тепе-тең­дікті қалпына келтіруге ықпал етеді.

Осы мақсатта:

  • Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім берудің барлық деңгейінде экологиялық бі­лім сапасын арттыру тәсілдерін түбегейлі қай­та қарастырамыз.
  • Елдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында, бірін­ші кезекте – ірі кәсіпорында зиянды заттар эмис­­­сиясын экологиялық бақылауды күшейту есе­­бінен 20 пайызға азайтамыз.
  • Су ресурстарын ұтымды пайдалануға, қор­ғауға және тазартуға бағытталған жаңа Су кодек­сінің қабылдануын қамтамасыз етеміз.
  • Еліміздің су нысандарының экожүйесін бірін­ші кезекте оларды өнеркәсіптік кәсіпорындардың ластануынан қорғай отырып, сақтап қалуға күш саламыз.
  • Ормандар аумағын 14,5 миллион гектарға жеткіземіз.
  • Жабайы жануарлардың сирек кездесетін жә­не жойылып бара жатқан түрлері санын қал­пына келтіруге кірісеміз.
  • Барлық ірі қалада электрмобильдерге ар­нал­ған қажетті инфрақұрылым қалыптас­тыра­­­­мыз.

 

Құрметті отандастар!

Үш жарым жылда біз сан алуан кедергіге қарамастан өмірдің барлық саласындағы үлкен реформалар қиындығынан сүрінбей өттік.

Әрқайсыңызға атқарған жанкешті еңбегіңіз, белсенді отансүйгіштік, сындарлы азаматтық ұстанымыңыз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Біз ең ауыр сынақты – табиғи және техногендік апаттарды, өлімге әкеліп соғатын пандемия мен Қасіретті қаңтарды біртұтас ел болып бірігіп еңсердік.

Қазіргі кезде еліміз жаһандық нарық дағдарысы мен азық-түлік инфляциясын, халықаралық қақтығыстардың шиеленісуін тікелей не жанама түрде сезініп отыр.

Әділетті Қазақстанды құру – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – бәріміздің ортақ ісіміз. Біздің мұқият ойластырылған іс-қимыл жоспарымыз бар, барлық қажетті ресурс, ең бастысы, баға жетпес капитал – еліміздің жауапкершілігі мол азаматтары бар.

Мұндай тарихи өзгерістер ұлттың ұйысуын және әрқайсымыздың күш-жігерімізді қажет етеді.

Біз алдымызға барлық азамат өмірін жақсартатын прагматикалық мақсат қойып отырмыз. Бүкіл мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғамның күші мен тәжірибесі осы мақсаттарға жетуге бағытталмақ.

Алға қойған міндеттерді бірге шешеміз әрі жұмысымыздың нәтижесін – барлық азаматтың әл-ауқаты мен өмір сапасының айтарлықтай жақсаруын, экономиканың түбегейлі қайта құрылуын, саяси жүйенің жаңғыруын бірге көреміз.

Халықтың бірлігі мен ынтымағы – жоспарланған реформалардың табысты аяқталуының басты шарты.

Жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін жаңартпай, ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыр­майын­ша, еліміздің тұрақты және жан-жақты дамуы мүмкін емес.

Сондықтан да мәдени кодымыздың бір бөлігі – еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық, заңды құрметтеу мен тәртіп сақтау, популизм мен радикализмді, пайдаға табынушылық пен шектен тыс тұтынуды айыптау, адамгершілікке, ынтымақ пен өзара көмекке ұмтылу сияқты қасиеттер берік ұстанымымызға айналуға тиіс.

Осы құндылықтарды бекіту, оларды берік ұстану нағыз отансүйгіштіктің үлгісі болмақ.

Көк байрағымыз, көгілдір төлқұжатымыз бен мемлекеттік тіліміз жалпыазаматтық бірегейліктің шы­найы нышаны ретінде қалыптасты. Олар тәуелсіз мемлекетіміздің түптамыры мен өзегін, ұлты­мыздың бірлігі мен ынтымағын, Қазақстан Республикасының күші мен қуатын бейнелейді.

Қилы замандарда басына түскен қиындықты жеңген сайын халқымыздың парасаты мен қуаты еселене артып отыратын болған.

Осындай сыртқы және ішкі қатердің сан қилы күрделі кезеңінде біз барлық үмітіміз бен арманымызды шындыққа айналдыра алатынымызға сенімдімін.

Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!

Әділетті Қазақстанды – мүмкіндіктер беретін және өркениетті елді бірге құрайық!