Ұлттың ұлы тұлғасы

365
Алаштың айбынды азаматы Әлихан Бөкейхановтың туған күні, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Үндістан халқына «жұмсақ күштің» азат рухын дарытып, Британия отарынан құтқарған Махатма Ганди, талан-таражға түскен Осман империясының жұрнағынан өркениетке бет түзеген бәсекеге қабілетті Түркияны құрған Мұстафа Кемал Ататүрік, Чехияны коммунистік жолдан арашалап, демократияға бағыттаған Вацлав Гавел, Израильді араб әлемінің ортасынан қайта құрып, екі мың жылдық иврит тілін тірілткен Давид Бен-Гурион, Қытайдың қазіргі табысына іргетас құйып кеткен Ден Сяо Пин, Оңтүстік Африканы дамудың даңғыл жолына бастаған Нельсон Мандела, Оңтүстік Кореяны таңғы жұпар еліне айналдырған Пак Чон Хи. Өз елін өркениет көшіне табандылықпен іліктіріп кеткен осындай саясаткерлердің ортасынан ойып тұрып орын алатын қазақ көшбасшысы – Әлихан Бөкейхан. Уақыт озып, қоғам санасы жаңғырған сайын Алаш лидерінің тұлғасы биіктеп келеді.
70 жылға созылған ұлтсыздандыру саясатына қарсы ұлттық иммунитет қалыптастырып, қазақтың алдынан тосар қатердің бәріне дауа дайындап кеткен Алаш ардақтыларының серкесі Әлихан Бөкейхан еді.
Ұлтымыздың бойынан қазірдің өзінде оқтын-оқтын көрініс беріп жататын пассионарлық қабілеттің бәрі сол Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтыларының сеуіп кеткен өркениет дәнінен негіз алып жатыр.
Сондықтан оның өмірге келген күні қазақ тарихындағы ең айтулы датаның бірі болып есептеледі.
Қазақ тарихынан Алаш феноменінің өзегін іздеушілер зар-заман ақындары мен Абай шығармашылығына, Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлихановтың білім-ғылым жолындағы жанталасына жиі сілтеме жасайды.
Сол ағартушы буын ұлт бойына дарытқан потенциялды ұлттық бірегейлікке бағыттаған Әлихан бастаған ұлы күрес еді.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялы топтың ғылыми жанкештілігін, Міржақып Дулатұлы бастаған рухты азаматтардың саяси күрескерлігін, Жүсіпбек Аймауытов бастаған жазарман қауымның кәсіби деңгейдегі әдеби әлеуетін еркіндік күресіне бағыттаған Әлихан тұлғасының ықпалы еді.
Ресми тарих Әлихан Бөкейханның 1866 жылы 5 наурызда қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келгенін айтады. Ұлт көсемінің артында «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», - деген сөз қалды. Расымен ол Шыңғыс ханнан тарайтын төре тұқымының ақсүйегі еді.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыдағы молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол сондағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.
Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды.
1886-1890 жж. Омбы техникалық училищесінде оқыған.
1890-1894 жж. Санкт-Петербургтегі Императорлық Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Әлихан Бөкейхан осы институтты орман экономисі мамандығы бойынша аяқтап, Омбы қаласындағы ауылшаруашылығы училищесінде математика пәнінен сабақ береді. Кейін 1905 жылға дейін Омбы көші-қон басқармасында қызмет етті.
1893 жылы ол саяси, экономикалық, әдеби және тағы басқа үйірмелер жұмысына, сондай-ақ, студенттік «қозғалыстарға» белсене қатысады. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, осы жылдары оның қызметі алғаш рет патша полициясы назарын аударып, есімі «саяси сенімсіздердің қара тізіміне» алынады.
1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Семей облысы Қарқаралы уезінің 14,5 мың тұрғыны қазақтардың негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық талаптары жазылған петицияға қол қойды. Бұл құжатты Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатұлы, Мұхаммед-Мақсұт Бекметовтер әзірлеген еді.
Әлихан Бөкейхан бірқатар қоғамдық ұйымдарға белсенді түрде қатысады. Мәселен, ол Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөліміне қарайтын Семей бөлімшесінің және Семей статистика комитетінің мүшесі болды.
1905 жылы Бөкейхан Семей бойынша І Мемлекеттік Дума (Ресей империясы) депутаты болып сайланып, патша Думасын таратуды талқылаған Выборг үндеуін әзірлеуге қатысады. Қазақ халқының ұлттық санасын оятатын және ағартушылық қызметін ұйымдастыру бағытындағы «Қазақ» газеті жарыққа шықты.
Ақпан төңкерісінен кейін, Бөкейханов қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне қатысады. 1917 жылдың шілдесі мен желтоқсан айында өткен екі жалпыұлттық съезден кейін «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құрылып, Бөкейханов төрағасы болып сайланады. «Қазақ» газеті партияның баспа органы болды. Бұл шындығында да Қазақ мемлекетін құру идеясы шындыққа айналған тарихи оқиға еді.
Кеңес билігі тұсында Ә. Бөкейханның саяси қызметі шектеліп, 15 жыл Мәскеуде ұстады Осы жылдары ол әдебиет және ғылыми-зерттеулермен айналысады. Ауыз әдебиеті, фольклорлық мұраларды жинап, тарих, этнография, әдебиеттанудан еңбектер жазады.
20-жылдары екі рет қамауға алынған. 1937 жылы қайта тұтқынға алынып, Бутырка абақтысына қамалады. Оған «Совет өкіметіне қарсы контрреволюциялық күрес жетекшісі, Қазақстан мен Мәскеудің лаңкестік орталығы басшылығымен байланысы болды» деген айып тағылады.
Саяси репрессия шарықтау шегіне жеткен кезде ұлт көсемі 70-ке келген абыз еді. 1937 жылы 27 қыркүйекте ату жазасына бұйырылып, сол күні орындалған.
1989 жылдың мамырында КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен ақталды.
Алаш көсемі туралы әуелде аңыздай болып көрінген, бірақ қазір ғылыми фактімен дәлелденген маңызды мәлімет бар. 1918 жылы Әлихан Бөкейхан Ресей географиялық қоғамының қатарында жүріп, массондық ложаға мүше болады. Массондық ложаның саяси ілімі, кадет партиясындағы саяси тәжірибесі оның Еуропа өркениетінің көкжиегі қаншалықты кең екенін түсініп, қазақ көшін сол арнаға бұруына түрткі болды.
Қазақстан шын мәнінде бәсекеге қабілетті ел ретінде әлем қауымдастығының алдында мойындалса, соның негізін қалаушы бірден-бір талассыз тұлға Әлихан Бөкейхан болмақ. Сол заман туғанда жоғарыда аты аталған реформаторлардың қатарына оның да есімі енеді. Демек, ұлт көсемі әлем тарихындағы өзіне тиесілі орынға жайғасуы үшін Қазақстан демократиялық жолды берік ұстанатын, дамыған елге айналуы шарт.
«Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» — деген асыл ердің тектілік, намысшыл, ұлтжандылық секілді қасиеттері әр қазаққа үлгі болуы тиіс! Ал оны үлгі ету үшін әр адамның санасына Әлиханның қандай намысшыл, ұлтын сүйген ұлы адам екенін жеткізу керек. Осы жолда кішкене болсада өз үлесімді қосу парыз деп санадым. Ал енді бізге жеткен деректер мынадай: 1.«Бірде тегі неміс В.Радловқа Әлихан Бөкейхан: «Сіз қазақтың құқықсыз екенін биік орталарда айта жүріңіз» деп қолқа салғанда, анау: «Құдай әрбір ұлтқа түрлі тағдырды бұйырады. Сіздер бұған көндігулеріңіз керек» депті. Мұны естіген Әлекең Радловты көрсе, не кілт бұрылады екен, не ол кіргенде шығып кетеді екен. Бұл не? Бұл – принцип. Бұл – «ғалым бүйтіп айтпайды, сенің қасыңда отыру – ұлтымды қадірлемегендік» деген протест». 2. Төлеубай деген кісі кезінде Меккеге барып, қажы атанған екен. Осы сапарда Қара теңіз жағасында Әлихан Бөкейханмен ұшырасыпты. Қажылық сапар шеккен адам әр жерде садақа беріп, екі дүниенің обал-сауабын ойлайды ғой. Пітір-садақа беріп жатқанын көріп, Әлихан Төлеубай атамызға: «Жат жұрттың бейшараларынан бұрын, әуелі қазақтың қалың жарлы-жақыбайын тойындырмадыңыз ба?!» депті. 3. Тергеушілер Әлекеңді жауапқа тартып: «Сіз «Алашорданы» білесіз бе?» – деп сұрақ қойғанда: «Маған «Алашорданы» білесіз бе? – деп сұрақ қойма. Мен –«Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» Кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш», – деп жауап берген. 4. Бөкейханов болмысының салауатты, алдына келген жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі. Бұл жайлы Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова естеліктерінде ашық жазған.Тіпті, тұтқындауға келген Мәскеудің үлкен лауазымды тергеушілерінің өзі тұтқындайтын кезде артық мінез көрсете алмаған. Лиза Әлиханқызы Бөкейханова былай деп еске алады: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» – деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы», – деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таңқалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүмкіндік бермеді». Бұл әңгімені Лиза Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген. Әлекеңді көрген адамдар: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді», – дейді екен. Әлекең өзінің сырын санаулы ғана адамдарға айтқан. «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын», – дейтіні сол. 5. Әлихан сондай ұлы тұлға нәзік жанды, адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған. Лиза Бөкейханқызы: «Әкем Смағұл қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өзі барып, оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорийге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты», – деп еске алады. Бөкейханов Смағұл Сәдуақастың қазасына тек күйеу баласы ретінде қабырғасы қайысып отырған жоқ, өз идеясын, Алаш идеясын алға апаратын үмітті шәкіртінен айырылған ауыр қайғыдан егілді. Алаш идеясы өлген сияқты көрінді. Міне, осындай жаны нәзік адам. Кез келген жағдайда мысқылмен, қалжыңмен қарсы алатын Әлихан Бөкейханов осы бір Алаш идеясын ақсатпай атқарады деген азаматы жазықсыз қазаға ұшырағаны жанына батты. Демек, Алаш идеясына келгенде Әлихан Бөкейханов өзінің өмірін арнауға, күресуге бар. Ал идеяны жүзеге асыратын тәсілге келгенде сондай нәзік әрі уайымшыл. 6. Әлиханның тағы бір тұлғалық, адамгершілік қасиетін Әміре Қашаубайұлына байланысты, 1925 жылы Парижде дүниежүзілік этнографиялық концерт болады. Оған Әміре бара¬тын болып бекітіледі. Соған байланысты Әлекең Ахмет Байтұрсынұлына ренішпен хат жазады. «Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бір де бір ән сөзін толық білмейді. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнаулы үйіне апарып, ән салдырдым. Әйтсе де, Әміре ән салған кезде қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде пәтуа болсашы. Бір ән сөзін жаттатуға болатын еді ғой. Өзі орыс мещаны сияқты киінеді. Оны дұрыстап киіндіру де соншалық қиын іс пе еді» – деп назын айтады. Әрі өзі бас болып, Әміреге ән сөзін түгел жаттатқызып, арнайы студияға барып, әнін жаздырып, жаңаша киіндіріп, аттандырады. Әлихан болмағанда Әміренің алтын дауысы бізге жетер ме еді? Бір Құдай білсін. Мәскеуге барып, ары қарай Париж асқан Әміренің өліміне сол сапардан оралғандағы сөзі себепкер болды деп айтылады. Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды жолықтырып, дәмдес болып қайтқан соң Әміре: «Сендер мұнда келіп ап қазақпын деп мақтанасыңдар. Ал мен нағыз қазақты Мәскеу мен Парижден көрдім», – дейді екен. Ол сөз «салпаңқұлақтардың» құлағына жетіп, Әміренің ғұмырын көктей солдырған.  Міне нағыз патша келбеті, міне ұлт көсемі!