«Жиіркенбей келіп, сұраңыздаршы...» - Орталық қызмет алушылары көмек сұрауда
Қызылордада №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде шу шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан жандарды оңалтуға арналған орталық Талсуат елді-мекенінде орналасқан. Мекеме Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгерімінде. Әдетте мұнда ем ұзақ уақытқа созылады. Науқастар арнайы жолдама арқылы жатқызылып, мамандардың бақылауымен кешенді ем қабылдайды. Десе де, №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушылардың жан-айқайы Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды. Бұл туралы «Территория Правды» ақпарат агенттігінің бас редакторы Жанар Турбалайқызы жазған болатын:
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, Қызылорда қаласы Талсуат елді мекенінде орналасқан № 2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының" қызмет алушылары шарасыздан өзіңізден араша сұрайды!
Аталған мекеме жайлы бір емес бірнеше рет мәселе көтергенмін. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырзаға бағыттап, "СОБЕС" басшысы Ғабит Жаңабаевқа шара көруін де сұранғанбыз. Қимастай туысы болмаса да, бұрын бірге жұмыс істеген соң ба, әйтеуір былқ етпеді.
Онда мен барайын, көрейін, сұқбаттасайын! Араша сұраған мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын соза алмасаңдар шеттеріңнен орындарыңды босатыңдар! Жанталасып депутаттыққа үміткер болғандар, "ваш выход" !!!! Көрсетіңдер елге қызмет ететіндеріңді!!! Қит етсе "дәрі саламыз", деп үрейленген жандарға қалай көмек беруге болады, ағайын? Жүрегім езіліп, қан жылады ау... Онсызда өмір тәлкегіне ұшыраған жандарға қорған бола алмаймыз ба?»,- деген жазба қалдырған болатын.
Қызмет алушылардың айтуынша, қызметкерлер тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті арнайы психотропты дәрі-дәрмек егілетіндігін атап өтті. Ол аздық еткендей Қазалы ауданында орналасқан екінші мекемеге ауыстырылатындығын айтып сес көрсетеді-міс.
«Біздің психологиямызды бұзып тастады. Қазір қашқым да келеді, өлгім де келеді. Дәрі беріп қатырып тастайды. Өмір сүруден шаршадым. Түңіліп кеттім. Айтып шаршадым.»,- дейді қызмет алушылардың бірі.
«Мен қысымды социолог Индира Мұлташевадан көрдім. Қорқытып, түсініктеме жазам дейді. Бізге көмек керек. Өтініп сұраймын. Бізді адам баласы деп санап, жиіркенбей, қорықпай келіп сұраңызшы. Қазір бәрі баяғыдай емес. Бізден сұраңыздар, жанашыр қызметкерлерден сұраңыздар. Жақында тағы жазаландым.»,- дейді Гүлнар.
Ең сорақысы қызмет алушылардың бірі «Аминазин» психотропты дәрісін салатындығын да ашық айтқан. Ал, аталмыш дәрінің денені сал етіп, ұйқыға кетіретіндігі тағы бар. Демек, қызмет алушылар тарапынан айтылған сөз қаңқу әңгіме емес екендігінің тағы бір дәлелі.
Алайда «Қызылордада №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының айтуынша:
«Біздің орталықта ондай мәселе туындаған жоқ. Бүгінгі күні тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тіпті министрліктен де хабарласып, мән-жайды сұрастырып жатыр. Орталықта екі қызметкердің сөзге келіп қалуы басты себеп болып отыр. Екі қызметкердің сөзге келіп, араға қызмет алушыларға арнайы видео жазбаға түсірген. Осы орайда мекеме басшысы ретінде құзырлы органдарға арыз-шағым түсріп жатырмыз.»,- деді Лариса Тынысқызы.
Ал, аталмыш мекемеге тікелей жауапты Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ресми жауабы:
Естеріңізге сала кетсек, №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының орынбасары қызмет алушыларды «жынды» деп атаған видеосы үшін кешірім сұраған «Желідегі видео үшін орталық қызметкері кешірім сұрады» атты мақаламыз жарияланған болатын.