Қызылордалық кәсіпкерлерге демеу болған «Бизнес Бастау»

1 258

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі жаңа бизнес көздерін ашу мақсатында «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып отыр,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Ауылда шағын наубайхана қызмет етіп тұр

Ел ішінде «Өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуы нан мен астың арзандығынан білінеді» деген сөз бар. Ол рас. Нан – береке. Нан – байлық. Ауданда адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Соның бірі – тұрғыны Айнұр Алшынбай.

Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша Бастау бизнес» курсын оқып, қайтарымсыз шағын несие 525 200 тг көлемінде қаражат алады. Аталған қаражатқа үй жағдайында қажетті құрал-жабдықтарын алып, ауылға пайда тигізетін шағын наубайхана ашады. Бүгінде шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. 

Айнұр Бақтиярқызы 1996 жылы 18 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданы Көсу ауылдық округі Елужылдық ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қармақшы ауылдық округінің келіні атанып, 3 бала тәрбиелеп отырған жас ана. 

«Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Ендігі жерде халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білгені абзал»,  дейді кәсіп иесі. 

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 75 пайызы осы шағын наубайхананың тұрақты тұтынушысы. Сонымен қатар тәтті торттар пісіріп аудан көлемінде өз клиенттерін таба білген білікті жас кәсіпкер.

«Тәтті пісіруді бұрыннан жақсы көремін. Қазір үйренуге деген ниет болса, әлеуметтік желіде кәсіптің түр-түрі бар. Тегін сабақтар да жетерлік. Қазір дайындап жүрген тәттілерімді өзім инстаграмнан үйрендім. Бір дегеннен керемет шықпаса да, бастысы талпынып көру. Тәтті пісіру шыдамдылықты, ыждаһаттылықты талап етеді. Тә-жірибе жинақталған соң, ісің де алға басады» дейді Айнұр Бақтиярқызы.  

– Қазақта «Ас атасы – нан» деген даналық бар, яғни астың үлкені – нан. Ол қасиетті. Адамзат баласы үшін кез келген тамақ қанша нәрлі болғанымен кейде одан жалығады. Бірақ ол ешқашан наннан шықпайды. Дастарқанда нан тұрмаса көңіліңіз де, дастарқаныңыз да ортайып, берекесі кетіп тұрғандай басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиетін осыдан-ақ байқайсыз. Қазақта «Қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесең де амандық болсын» деген де тәмсіл бар. «Нанды жерге тастама», «Нанды бір қолмен үзбе» деген атамыз қазақтың осындай ойлы сөзі нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Қонаққа келген адам тіпті асығыс болса да өзге тамақтан емес, міндетті түрде наннан ауыз тиген. «Нан бар жерде ән бар» дегендей, халық арасындағы бірлік, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығаяды, яғни наннан ауыз тиген адам сол үйге жамандық тілемейді және жамандық істемейді, – дейді жас кәсіпкер. 

Наубайхана өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбеюде. Ең бастысы дайындалған өнім сөреде тұрып қалмайды. Ал баға – қолжетімді, сапа – көңілге қонымды. Кәсіпкердің ендігі мақсаты мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып үлкен нау-байхана ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамту және аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз ету.

  Шалғайдағы шағын дүкен қызмет көрсетіп тұр

 Қармақшы ауданынан шалғай орналасқан Тәйімбет Көмекбаев ауылында кәсібін дөңгелентіп отырған жандар көп. Сондай кәсіпті серік еткен ауыл тұрғындарының бірі – Әсем Бекеева.

Ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген жас кәсіпкер Әсем Өркенбекқызы осыдан  екі жыл бұрын ауыл орталығынан «Еңлік» атты сауда орталығын ашты. Жарық та заман талабына сай ашылған орталықта  азық-түліктен басқа ауыл тұрғындары үшін күнделікті қажеттілікке арналған тұрмыстық,  құрылыс тауарлары,  оқушыларға арналған оқу құралдары, киім-кешек, ойыншықтар сатылады.

«Мен кәсіпке келгенге дейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата  мемлекеттік университетінде химия-биология пәні мұғалімі бойынша жоғары білім алдым. Содан кейін біршама жыл метериологиялық стансада еңбек еттім. Алайда, мен  көптен  арман болған кәсіпкерлікті жолдасым Нұрболмен ойласа келе іске асырдым. Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Бірақ, ерінбей еңбек еткен адамға, қай кезде де жол ашылады екен. Бірінші кезекте әрдайым қасымнан табыла білген жарымның, екіншіден, тынбай еткен еңбектің арқасында  қиыншылықтың бәрі артта қалып, жұмысым оңға басты. «Еңлік» атты жеке кәсіпкерлік құрып, сауда орталығын аштық. Айтпақшы, бұрындары ауылдың кейбір тұрғындары  аудан орталығына, Қызылорда қаласына, тіпті Қазалы ауданына қарасты Сарбұлақ ауылына барып, азық-түлік сатып алушы еді. Бүгінде сарбұлақтықтар біздің орталыққа келіп, саудамызды қыздырып жатқан жайы бар. Тіпті, Қуаңдария ауылының да тұрғындары  келіп, сауда жасайды. Ал, кәсіпті кеңейту жағына тоқталсақ, тұшпара өндіруді қолға алсам деген ой да бар. Ол да алдағы уақыт еншісінде. Жақын арада сауда орталығын кеңейтуді  жоспарлап қойдық. Орталық  жанынан тағы бір ғимарат салып, оны ауыл тұтынушыларын қажетті тауарлармен толықтырғымыз келеді. Әрине, бұл жоба аясында жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан да төмен пайызбен несие алсақ деген де үмітіміз бар», – деді ол.

Кәсіпкер Әсем Өркенбекқызы ауылда өткізіліп жатқан түрлі мерекелік іс-шаралардың белсенді қолдаушысы. Оны әрдайым жақсылықты істердің басы-қасында жүретін қамқоршы жан деп таниды ауыл тұрғындары.  Ал, жары, кәсібінің өрге өрлеуіне бірден бір себепкер Нұрболға келсек,  бұған дейін шекара қызметінде абыройлы қызмет еткен. Бүгінде Әсеммен бірге отбасылық кәсіпті  кеңейту мақсатында жұмыс істеуде. Тіпті, ол сауда-саттық кәсібімен бірге дәнекерлеушілікті де қоса меңгерген. Осы саланы әрі қарай дамытуды  қолға алғысы келеді. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жандандыруды алдағы уақытқа  мақсат етіп қойған. Алла қаласа алдағы уақытта елге қызмет көрсетсем ба деген талабы бар.

Жеті баланы адал еңбекпен жеткізген ана

азақта «Әрекетке берекет» деген сөз бар. Шын мәнінде табанды еңбек еткеннің нсібесі мен ырысы мол болатыны белгілі. Қоғамда белгілеп алған мамандығы болмаса да ел қатарлы отбасында ұл-қыз тәрбиелеп, жоққа сабыр, барға шүкір етіп, азды ұқсата білген жай ғана шаруа адамдары қаншама. Бірі күзетші, бірі күтуші, бірі  тазалықшы бола жүріп, адал еңбекпен тапқан нанын ұрпағының аузына салып отырған адамдар. Солардың бірі Балкенже Дәрібаева. Ол тазалықшы болып еңбек ете жұріп 7 баланы жеткізген батыр ана.  

Ол көркем мінезімен көпке құрметті болған жан. Әулетте үлгілі келін, ұжымда сыйлы әріптес, ең бастысы ұрпағына адалдық дәнін себе білген ақылшы ана. Балкенже Дәрібаева 1976 жылы Арал қаласында өмірге келеді. Арманы асқақ, алға қойған мақсаты айқын ару адамның емес, Алланың әмірі мықты екендігін сол сәтте сезінді. Ол 18 жасында жолдасы Досболатпен жарасым тауып, шаңырақ көтерді. 

– Отбасылық өмірге ерте аяқ бастым. Мүмкін бұл маған Алланың бұйыртқан батпандай бағы шығар. 1994 жылы Досболат екеуміз отау құрдық. Осылай үлкен әулеттің келіні атандым. Шаңырақта ене бағып отырған жайымыз бар.  Келін, әйел, ана болған соң көп жылдар қазан-ошақтың маңынан ұзап кете алмадым. Мен үшін ең бірінші орында әркез отбасым тұрады. Жолдасым біздің бар қажетімізді өтеп отырды. Ол еңбекқор жан. Қазір мал шаруашылығын қолға алды. Бұған дейін де еңбектен қол үзбей әр түрлі жұмыстар істеп жүрді, – деген Балкенже отбасылық өмірі жайлы сыр шертті. 

Осылайша Балкенже 7 баланы өмірге әкелген батыр ана атанды. Балалар өзді-өзімен бола бастаған соң еріне болысып еңбек еткенді жөн деп тапқан ол қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығына тазалықшы болып жұмысқа орналасады. Қазір он жылдан артық еңбек өтілі бар. Ұжымнан ойып орын алған жан. 

– Ұжымдастарым мені ең бірінші батыр ана деп құрмет тұтып қолдайды. Әсіресе басшымыз Лаура Қолғанатқызы аудандық, облыстық марапаттарға ұсынып, іс-шараларға қатыстырып, демеу білдіріп отырады. Соған қарап өзім де марқайып қаламын. Маған қарапайым тазалықшы деп қарамайды. Қазір өзім де ештен кеш жақсы деп бір мамандықты меңгергенді жөн деп тауып, сырттай негізде іс-қағаздар жүргізуді оқып жатырмын, – деді Балкенже. 

Иә, оның отбасы мен қоғам өмірін ұштастыра білген еңбегі әркез ескерусіз қалған емес. Өткен жылы облыста өткен аналар форумына аудан атынан қатысты. Аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Әрбір мереке күндері құрмет төріне көтеруді басшылық назарда ұстап келеді. 

– Қазақта «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деген жақсы тәмсіл сөз бар. Әр баланың несібесі бар деп ырымдайтын халықпыз. Менің де әр баламның перзенттік тілегі шығар. Аллаға шүкір, елден артық та, кем де емес өмір сүріп жатырмыз. Қазір 3 балам аяқтанып кетті. Үлкенім Шерхан отбасын құрды. Екі немерем бар. Онан кейінгі ұлым Бақыт жуырда шаңырақ көтерді. Қызым Данагүлді құтты орнына қондырдық. Қалған балалар Сабина, Гүлзаида, Ерасыл, Инабат мектеп қабырғасында оқушы. Баламен жетіліп, жетісіп, құда-жекжат, екі келінге ене, немереге әже болып отырған жайым бар, – деді кейіпкеріміз. 

Қазақ қоғамында батырлығымен де, даналығымен де дараланған қыз-келіншектер баршылық. Біз көбінде басшылар мен лауазымды жандардың үлгі етуге тырысамыз. Ал біздің кейіпкеріміз Балкенже Дәрібаева сынды нағыз еңбек адамдары тасада қалып жататыны өкінішті. Міне, біз бүгін қарапайым тазалықшының көпке үлгі болар бейнесін танытуға тырыстық. Ол ешкімге өкпе артып, өкініш білдірмейді. Қиындықтан өтті. Жақсылыққа жетті. Оның бәрі жоққа сабыр, барға шүкір еткендіктің нәтижесі. Қазақ әйелі деген қастерлі ұғымның өмірдегі сипаты әсілі осындай болса керек.