Күйеуінің жазасын жеңілдету үшін экс-министрдің әйелі қорғаушыға пара берген

680

Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі қорғаушыға 460 мың доллар көлемінде пара берген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатқан қылмыстық істер төңірегінде аса ауыр жемқорлық қылмыстар жасалынғанын анықтады.


"Жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша пара беруге оқталған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленді. Cондай-ақ министрдің мүддесін қорғаған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды", - деп хабарлады ведомство.


Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен оның жұбайынан адвокат 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған. Ол қаражатты сот органдарының лауазымды адамдарына бермек болған.


"Тергеу кезінде 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсаған. Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп атап өтті агенттік.


Ал Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталды деген күдікке ілінді.


Бұған дейін сот Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді.


Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, сот Мұхамедиұлын мемлекеттік наградалардан айыру туралы қаулы шығарды.


Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.