Небары 21 жасында компания ашып, миллионер атанған кәсіпкер жайлы не білеміз?

305

Фото: Құрмет Әубәкіров35 жастағы Құрмет Әубәкіров Алматыдағы дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебін бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің механика-математика факультетіне оқуға түскен. Алыстағы Америкада білімін жетілдіруді студент кезінен армандаған ол, бұл мақсатына тек жасы есейген сәтте ғана қол жеткізгенін айтады. Бұған себеп қаржы тапшылығы болған. 


Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында туып-өскен Құрмет Әубәкіров тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде (ред. 1995 жылы) отбасымен бірге Алматыға көшіп келген. Анасы бастауыш сыныбының мұғалімі, әкесі еңбек пәнінен ұстаз болған оның, бала күнінен болашағынан зор үміт күттіретін жас екенін түсіну қиын болмаған. Өз білімі мен қажыр-қайратының арқасында небары 21 жасында компания ашқан білікті кәсіпкер, кейін осы кәсібін дөңгелетіп, бүгінде миллионер атанып отыр. 


"АҚШ-қа баратын азаматтарға кеңес әрі қолдау көрсету мақсатында компания ашу туралы идея - университетте оқып жүргенімде, Work and Travel бағдарламасы бойынша АҚШ-қа баруды армандаған сәтімнен туындады. Өкінішке қарай, сол кезде бұл бағдарламаның бағасы 3200 АҚШ доллары тұрды, ал ата-анам қарапайым мұғалімдер болғандықтан, қаржы тапшылығының кесірінен онда бара алмадым. 


Екінші рет "Болашақ" бағдарламасы бойынша АҚШ-қа аттанбақ болдым. Бірақ ол кезде пәтерді кепілге қою керек болғандықтан, оған да қатыса алмадым. Себебі біздің сол кезде тұрып жатқан үйіміз Ташкентская-Петрова көшелерінің қиылысындағы шағын ғана, шалаш үй еді. Сөйтіп оны кепілге алмады. Мен Америкаға тек үшінші реттен, Work and Study бағдарламасы бойынша ғана бара алдым. 


Қуантарлығы, бұл бағдарлама бойынша университеттің подкурстарында тілді меңгеріп, оқуыңды оқып, жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Кейін оны бітірген соң, 5 жыл бойы өндірістік тәжіриебеден өте аласыз. 


Міне, дәл сол сәтте мен Америкаға аталған бағыт бойынша барғысы келетін жастардың көп екенін көрдім. Себебі АҚШ-та осы бағдарлама арқылы тек біліміңді жетілдіріп қана қоймай, тәжірибе де жинай аласыз. Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі дипломмен елге келген соң, жақсы қызметке орналаса алатынын түсіндім. 


Екіншіден онда кететін жастардың ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы артатынын білдім. Сөйтіп АҚШ-қа барғысы келетін жастарға қолдау, бағыт көрсету мақсатында, 2009 жылы алғаш рет өз компаниямды аштым. Ол кезде менің жасым небары 21-де еді. 


Қазақта "Отан отбасынан басталады" деген сөз бар. Осы сөздің түп-төркінін түсінген адам өзін, айналасын дамыту арқылы ғана елінің дамуына үлес қосатынын түсінеді деп ойлаймын",-дейді компания басшысы. 


Білікті кәсіпкер бүгінгі күні АҚШ-қа білім қуып, табыс тапқысы келетін азаматтардың көбейіп келе жатқандығын жасырмады. Айтуынша олардың әрқайсысының елден кету себебі әр түрлі екен. 


"Қазір шынымен 16-40 жас аралығындағы азаматтар Америка, Канадаға көптеп кетіп жатыр. Көпшілігінің айтатыны елдегі жемқорлық мәселесі, я болмаса білім, денсаулық саласындағы олқылықтар. Әрине Америкада білім алу үлкен жеңіс, бірақ қоғамды революциямен өзгерту мүмкін емес. Керісінше айналамызды эволюция, яғни білім беру, білімге деген құштарлық арқылы өзгертуіміз керек. 


Біздің компания арқылы кететін жастар бәрібір өз елін, Отанын, ата-аналары мен туғандарын қатты сағынады. Бір жақсысы АҚШ-та жүрген олардың барлығының елге деген патриоттық сезімі күшейе түседі. Ал ең бастысы бұл балалар АҚШ-та білім алып келген соң, мемлекет маған жұмыс тауып беруі керек деп қол қусырып отырмайды. 


Олар керісінше барлығын өз қолдарына алып, өз бизнестерін ашып, осындағы жастарға жұмыс орнын тауып беріп жатады. Осылайша өздерімен бірге елді де өзгерте бастайды. Біз өз жерімізді өзіміз ғана сақтап қала алатынымызды, Отанды тек білімді жастар ғана алға жетелейтінін түсінуіміз керек",-дейді Құрмет Әубәкіров. 
Қарапайым отбасынан шыққан миллионер кәсіпкердің сөзіне сенсек, бүгінгі жастар дарынды әрі алғыр екен. 


"Қазір елдегі басты салалардың көпшілігінде кеңестік дәуірден келе жатқан үлкен адамдар отыр. Ал қазіргі жастардың ой-өрісі бөлек, олар алғыр. Тіпті өзімнің 20 жасыммен қазіргі 20 жастағы жастарды салыстырсам, айырмашылығы жер мен көктей екенін көремін.
 Бүгінгі жастар ағылшынды жетік меңгерген, IT технологиялардан хабардар және олар өмірден не алғысы келетінін өздері біледі. Сол себепті біз осындай жастарға АҚШ-та білімін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдауғау мүмкіндік беріп отырмыз",-дейді кәсіпкер. 
Құрмет Әубәкіров, сонымен бірге Қазақстандағы және АҚШ-тағы жұмыс берушілердің айырмашылығы айтарлықтай екенін де атап өтті. 


"Бізде қызметкерлер таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін отырып, айына 120 мың теңге алуы мүмкін. Сөйтіп ол жұмыс берушінің алдында өзін көрсете білдім, белді қызметкермін деп ойлайды, ал жұмыс беруші де соған қарай оның тиісті жалақысын береді. Ал Америкада олай емес. Мұнда әрбір жұмыс істеген сағатқа ақша төленеді. Яғни еңбек бағаланады. 
Қазір елге қайтып келіп жатқан көптеген жастар осы жүйені елге енгізіп жатыр. Жалпы ол жақта жұмыс істеп келген азаматтар жұмысқа біздегідей шаршап-шалдығып емес, үлкен құлшыныспен барады, себебі өздері сүйіп істейтін жұмыстарынан ләззат ала алады",-дейді ол. 


Сұхбат соңында 35 жастағы миллионер АҚШ-қа аттанатын жастардың неге дайын болу керектігіне де тоқталды.


 "Ең біріншіден, мәдени шокқа дайын болу керек, себебі онда дәстүр де, өмір сүру салты да бізден мүлде басқа. Мен өзімнің семинарларымда жастарға қазақтың «Білім инемен құдық қазғандай» деген мақалын үнемі айтып отырамын. АҚШ-қа бару дегеніміз – сол елді қызықтап, қыдырып жүру деген сөз емес. 


Ол ең алдымен білім алудың, табыс табудың таптырмас мүмкіндігі деп қабылдауымыз керек. Әрине бай-бағландардың балалары АҚШ-қа барып, демалып, саяхаттап қайтуы мүмкін. Ал өз өмірін өзгерткісі келетін, мен сияқты қарапайым отбасынан шыққан жастарға айтарым тек білім қуып, еңбектену керек. Сонда ғана олар өз мақсаттарына жетіп, өмірлерін, бастысы елге қайтып оралғанда осындағы орта мен қоғамды да түбегейлі өзгерте алады",-деп сөзін түйіндеді Құрмет Әубәкіров.