Арал ауданында 9 әлеуметтік нысан бой көтереді

37

Арал ауданында 9 әлеуметтік нысан бой көтереді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет" дегенін баршамыз білеміз. Расында қазақтың болмысы мен ұлттық келбетін бейнелейтін мәдениеттің алар орны ерекше. Әсіресе ақындары "Аралым менің осындай,өнер мен дәулет қонған жер" деп жырға қосқан Аралдың қосар үлесі көп. Бүгінде теңізді өлкенің осы бағыттағы қарқыны қалай деген сауалға жауап іздеп аудандық мәдениет әне спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Махатовпен сұхбаттасқан едік.

– Бауыржан Ібірашұлы, Сыр өңірі, соның ішінде Арал аумағы қай уақыттан мәдениеттің мекеніне айналғаны белгілі. Әлі күнге дейін аралдықтар өнер десе ішкен асын жерге қояды. Қазірде осы өмірін өнермен егіз санаған халық үшін қанша мәдени орталық қызмет жасап тұр?

– Арал ауданы бойынша 76 мәдениет және спорт мекемелері бар. Олардың ішінде аудандық мәдениет үйі, қалалық мәдениет үйі,  аудандық мәдениет орталығы, 4 ауылдық мәдениет үйі, 23 ауылдық клуб, 39 кітапхана (оның ішінде 33 кітапхана ауылдық жерде),  аудандық тарихи-өлкетану музейі, балықшылар музейі , «Суреттер сыр шертеді» музей бөлімшесі, Арал қалалық тарихи музейі, Арал спорт клубы, №19 аудандық олимпиядалық-резервтік мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт және №20 балалар жасөспірімдер спорт мектептері халыққа қызмет көрсетуде.

Осы ретте халықты рухани байлықпен сусындатып келе жатқан мәдениет саласының қызметкерлері жөнінде де айта кеткеніміз орынды болар. Себебі өнердің өрісін тарылтпай келе жатқан жандардың еңбегі өлшеусіз. Нақтырақ айтар болсақ мәдениет мекемелері бойынша жұмыс істейтін қызметкерлердің саны – 348 болса, оның ішінде 237 мәдениет үйлері мен клубтарда, 84 кітапханаларда, 27 аудандық мәдениет орталығында.  

– Ал осы қызметкерлер жастарды өнерге баулып, олардың қызығушылығын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Мәдениет мекемелері бойынша 131 үйірме жұмыс істесе, оларға қатысушылар саны – 1697. Жыл басынан аудан бойынша 972 мәдени-көпшілік шаралар атқарылып, оған 47124 көрермен қамтылды. 

– Расында халыққа көңіл күй сыйлайтын, оларды өнерге жақындастыра түсетін мәдени шаралардың жиі ұйымдастырылуы екені анық. Осындай мәдени іс-шаралар қаншалықты жиі ұйымдастырылып тұрады?

– Биыл жыл басынан бері 472 мәдени іс-шара өткізілген. 2022 жылы осы уақытында бұл көрсеткіш 375 болған. Олардың ішінде өткізілген көлемді шараларға тоқталып өтер болсам 10 ақпан күні ақын Жарасқан Әбдірашовтың 75 жылдығына арналған «Маржан сөз, қоңыр үн» атты аудандық концерт жүргізушілер және 24 мамырда «Дала, сенің ұлыңмын!» атты республикалық жазба ақындар байқаулары өткізілді. Ал 27 наурыз – театр күніне орай Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанынандағы халық театрының "Құдірет пен қасірет" романы бойынша дайындаған спектаклі Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрының және 26 сәуірде аудандық мәдениет үйінің сахналарында қойылды. 12 сәуірде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт рухын түлеткен тұлға» атты драма үйірмелерінің аудандық байқауы ұйымдастырылды. 22 сәуір күні күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына және ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай «Күй құдірет – күй кие» атты аудандық күйшілер байқауы өткізілді. 

Мұнан бөлек 27 сәуір күні ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған «Айналаға мейірім шаш!» атты аудандық өнер фестивалі өткізілсе, 21 мамыр күні, жырау Жанділдә Әбішұлын еске алуға арналған «Жанділдә жырдың жүйрік жорғасы еді» атты жыр кеші өткізілді. Сонымен қатар 30 мамырда ерекше жандарға арналған «Жанашырлыққа жан риза» атты мүгедектігі бар ерекше балалардың қатысуымен «Әрқашан күн сөнбесін» атты өнер фестивалі ұйымдастырылды. Жалпы ерекше күтімді қажет ететін осынау жандарға мемлекеттің де қолдауы орасан зор. Қай тұрғыдан болса да қамкөңіл жандарға қарасып келе жатқан тәуелсіз елімізде біздің де оларды қолтықтан демеуіміз қажет.

– Ал аудан өнерпаздарының жетістіктері қандай?

– Жетістіктер халықтың көз алдында ғой. Десе де жақсы жаңалықты қанша айтса да артық болмас. Арал ауданында өткен ақын Жарасхан Әбдірашевтің 75 жылдығына орай «Дала, сенің ұлыңмын!» атты республикалық жазба ақындар мүшайрасында Мырзабекова Айда бас жүлдеге ие болғаны талай ақындардың туған топырағына айналған ауданымыз үшін үлкен абырой. Мұнан бөлек «Алты Алаштың ардағы» атты дәстүрлі облыстық ақындар айтысында Орынбасаров Бексұлтан бас жүлде, «Жұлдызды жұп» ретро ән орындаушыларының байқауына Дәулеткерей Қуантқанов және Қыдыралиев  Хабибулла I орын иеленді. Қызылорда  қаласында  өткен  «Таланттар топ жарған» бишілер байқауында «Жұлдызай»  би  тобы  I орын алды.  

– Жерлестеріміздің жеңісті жолы жалғаса бергей. Ал спорт саласы бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы қандай?

– Аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 31 228 адам. Жалпы аудан тұрғындарының үлесі  38 пайызын құрайды. Аудан көлемінде үстіміздегі жылдың осы кезге дейін аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 75 спорттық іс-шара, оның 5-і республикалық, 6-уы қалааралық, 50-і аудандық, 14-ті кент, ауылішілік, мекемеішілік өткізілді. Олардың ішінде көлемді шараларға тоқталып өтсем, 23-27 ақпан күндері волейболдан Асхат Аханов атындағы республикалық дәстүрлі турнир өтті. 17-20 наурыз күндері греко - рим күресінен жасөспірімдер арасында акробатикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Дәри Құттымұратовты еске алуға арналған республикалық турнир өткізілді. Мұнан бөлек бокстан жасөспірімдер арасында еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет орденінің» иегері  Жалдыбай Нұрпейісовты еске алуға арналған  республикалық турнир өтті. Спортшыларымыздың да көрсеткіші жоғары. Қазақстан Республикасының ресми чемпионаттары мен біріншіліктері жарыстарында аудан спортшылары 44 медальға ие болды. Оның  18 алтын, 12 күміс, 14 қола. 

– Бауыржан Ібірашұлы, қазіргі уақытта кітап оқу, кітапханаға оқырмандардың сирек баруы төңірегінде халықтың ойы қақ жарылып тұрған уақыт екенін сіз де, мен де жақсы білеміз. Бүгінде осы бөлімге қарасты кітапханалардың жұмысы қай деңгейде? Қаншалықты белсенді түрде жұмыс істеуде?

– Біз бүгінде демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әрбіріміздің ойлауға да, сөйлеуге де еркіндігіміз бар. Сондықтан ел арасында түрлі піріклердің айтылуы заңдылық. Кітапхананың ашылуын күтіп, есігін күзетіп тұратындардың қарасы бұрынғыдай көп емес. Оған себеп те жоқ емес. Ғаламтордың әлеуеті артқан сайын кітап оқу кейінге қалып барады деп жүрміз. Бірақ қазір сол интернеттен көптеген кітаптың электронды нұсқаларын алып оқуға мүмкіндік көп. Сондықтан кітап мүлде оқылмайды деу қате пікір.

Жалпы бүгінде Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша  2023 жылдың осы кезге дейін 480 мәдени іс-шара өткізілген. 2022 жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш 372 болған. Аудан кітапханалары бойынша 8 кітапханада «Коворкинг» білім орталықтары жұмыс істейді. Одан бөлек кітапханаларға келген оқырман талабын, сұранысын сапалы қанағаттандыру және сервистік қызмет көрсету дәрежесін арттыру мақсатында «РАБИС» (Республикалық ақпараттандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе)  бағдарламасы бойынша барлығы 39 кітапхана  тапсырыс, іздеу, тіркеу модульдерімен жұмыс атқарады. Аудан бойынша электронды каталог қорына 487535 дана кітаптар енгізілді. 

Тек бұл ғана емес, кітапханаға оқырман тарту үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен 23 сәуір – дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай  "Кітап әлемінің сиқырлы түні" атты кітапхана түні  өткізілсе, 17 мамыр күні «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдікұлының шығармашылығына арналған «Құпия есіктің құлпын ашқан суреткер» атты оқырмандар конференциясы өткізілді.

– Еліміз егемендік алған күннен бастап баса назар аударылған тағы бір мәселе мемлекеттік тіл саясаты екені жасырын емес. Әлі күнге дейін еліміздің өзге аймақтарында мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы сөз жиі қозғалады. Бірақ ауданда қазақ тілін білмейтін, мелекеттік тілде еркін сөйлеп, еркін түсіне алмайтын адамдар жоқ десек болады. Десе де мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде ауданда қандай жобалар іске асып жатыр?

– 2023 жылдың 28 ақпанында және 29 наурызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында аудан орталығында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында Арал қаласындағы  30-ға жуық коммерциялық нысандар зерделенді. Нәтижесінде деректемелер мен көрнекі ақпараттары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына қайшы келетін 10 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылып, әдістемелік көмек ретінде жадынамалар таратылды. Бұл жұмыстар жылына бірнеше рет дәстүрлі түрде жүргізіліп отырады.

– Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану жұмыстарына қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

– Арал ауданы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени мұра обьектілерінің жалпы саны – 61. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 1, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 39, алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени объектілер – 21. Осы кезге дейін аудандағы барлық алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген, тарихи-мәдени мұра объектілеріне ескерткіш мәртебесін беру немесе алдын-ала есепке алу тізімінен шығарып тастау үшін  тарихи-мәдени мұра обьектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізілген.  Қазіргі таңда, аталған сараптама нәтижесінде тиісті мекеме тарапынан облыс әкімдігінің қаулы жобасын дайындау жұмыстары жүргізілуде.  

Аудан бойынша барлығы 9 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын белгілеу жобасының құжаттары дайындалған.

– Атқарылған жұмыстар жайлы бұрын да естіп-көріп жүрміз, өзіңіз де көптеген маңызды ақпараттармен бөлістіңіз. Мәдениет, спорт салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар шынымен көңіл қуантатындай. Ал алдағы уақытта бізді қандай жағымды жаңалықтар күтіп тұр?

– Жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таба беретін болады. Бүгінгі жетістекпен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жағымды жаңалықтардың куәсі болатындарыңыз анық. Нақытарқ тоқталар болсақ мәдениет саласы бойынша алдағы уақытта 4 облыстық, 10 аудандық байқау, 24 мерекелік және атаулы күндерге байланысты шараларды өткізіледі. Ал спорт саласы бойынша 2 республикалық, 4 облыстық, 12 аудандық әр-түрлі спорт түрлерінен турнирлер өткізу жоспарланған. Әлбетте мұндай ауқымды шаралар өткізу үшін бірінші кезек жабдықталу жағы маңызды. Сондықтан ауданның мәдениет және спорт мекемелерінің материалдық – техникалық базасын нығайту үшін ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарына музыкалық аспаптар, аппаратуралар, концерттік киімдер компьютерлер және кеңсе жиһаздарын алуға жұмыстар жүргізу. Арал қаласынан жаңадан салынуға жоспарланған үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмыстарын жүргізу де келер күннің еншісіндегі міндет. Арал қаласынан әр мөлтек аудан бойынша көше тренажерлары және стрит воркаут, стритбол алаңдары кезең кезеңімен салыну, қала халқының дене шынықтыру және спортпен толыққанды және тұрақты шұғылдану үшін үрлемелі модульді нысанды іске қосу жоспарлары бар. Елді мекендердің қажеттілігіне орай Шижаға, Аралқұм, Қарақұм, Бөген, Қаратерең ауылдарынан спорттық кешендерін кезең-кезеңімен салынуын да естен шығармаймыз.

Ең бастысы бөлімге мәдениет және спорт саласы нысандарының құрылысы бойынша дайын жобалар бар. Нақтырақ айтар болсақ Арал қаласындағы аудандық мəдениет орталығы мекемесінің ғимаратын қайта құру, №1 кітапхана құрылысы, Бөген, Аманөткел елді мекенінен жаңа типтік жобадағы 100 орындық ауылдық клуб құрылысын, қаладағы №6 шағын ауданда, Арал қаласындағы темір жолдың арғы беткейінен, №3 шағын ауданда, елді мекендерден Аралқұм, Шижаға ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстары жүзеге асады. Бұл жобалардың 2022 жылы қаржыландыру құжаттары Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсынылған. 

– Әңгімеңізге рахмет!