Браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулаған
44 және 41 жастағы тұрғындар табиғатқа 31 млн теңге шығын келтірген, - деп хабарлайды "Opennews" ақпарат агенттігі.
ҚР ІІМ хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы полицейлерінің құрығына соңғы болып облыстың 44 және 41 жастағы тұрғындары іліккен. Тәртіп бұзушылардың бірін тәртіп сақшылары Өскемен-Самар тасжолында рейдтік іс-шаралар өткізу барысында анықтаған.
41 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны өз газелімен жалпы салмағы 1800 келі болатын 100 қорап тірі шаянды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған.Табиғатқа келтірілген шығын сомасы шамамен – 11 млн теңге. Күдікті оларды Күршім ауданынан белгісіз адамдардан сатып алып, кейін Өскеменде сатпақ болған. Қазір ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Екінші құқық бұзушыны тәртіп сақшылары Күршім-Үлкен Нарын тасжолында ұстады. 44 жастағы Ұлан ауданының тұрғынының көлігінде 92 қапқа салынған жалпы салмағы бір тоннадан асатын тірі шаян табылған. Күршім ауданының инспекциясы залал сомасы 7,7 млн теңгеден асатынын айтты.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері шаяндарды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 5 фактісі тіркелді. 11 айда браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, 31 млн теңгеден астам шығын келтірген. ҚР Ішкі істер министрлігі.