"Шықпасаңдар, жұмыстан кетіңдер": Мемлекеттік қызметкелер өздерін демалыс күні алаңда жаттығу жасауға мәжбүрлейтінін айтты

1 609

Фото: видеодан кадрЖетісу облысы әкімдігінің қызметкерлері басшылыққа шағымын білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Журналист Михаил Казачковтың көмегіне жүгінген азаматтардың айтуынша, облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев әр сенбіде қызметкерлерді жұмысқа мәжбүрлеп шақырып, дене шынықтырумен айналыстырады екен. Олар дәлел ретінде жаттығу жасап жүрген шенеуніктердің видеосын жолдаған. 


"3 ақпаннан бастап осындай науқан бастады. Әр сенбі күні сағат 9:00 бәрімізді алаңға жинап, спорттық жаттығулар жасатады және оны видеоға түсіреді. Біздің қарсылығымызға қарамайды, шықпаймыз десек қысым көрсетеді. "Шықпасаңдар, жұмыстан кетіңдер! Бұйрықтың аты бұйрық" деп айтады. Сенбі күнге демалысты отбасымызға арнағымыз келеді. Бюрократиямен айналысқанша спортта нақты нәтижелер көрсетуі тиіс", – деді әкімдік қызметкерлері.


Қызметкерлерінің шағымына қатысты Жетісу облысының әкімдігі түсініктеме берді. Хабарлауынша, облыстық ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңестің ұсынысымен әр сенбі сайын "Денсаулық күнін" өткізу туралы шешім қабылданды. 


"Облыстық ардагерлер ұйымы мен облыстағы қоғамдық кеңестің ұсынысымен әр сенбі сайын "Денсаулық күнін" өткізу туралы шешім қабылданды. Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 3-10 ақпан аралығында Жетісу аудандық дене шынықтыру және спорт басқармасының "Спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы" КММ "Жастар" және "Жеңіс" саябақтарында Талдықорған қаласының тұрғындары арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, өткізді. "Спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы" КММ орталығының жаттықтырушылары дене жаттығулары, арқанмен секіру, арқан тартыс жарыстарын өткізді. Шараға 500-ден астам азамат қатысты. Спорттық шараға жастар, қала тұрғындары мен ардагерлер қатысты. Қатысу ерікті", – делінген әкімдік хабарламасында.