Кәсіптің көзін тапқан

1 547

Кәсіптің көзін тауып ерінбеген адамға Құдайдың сыйы болады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бүгінде қалада жылыжай жасап, көкөніс егуді кәсіп қылғандар көп. Әсіресе қыстың көзі қырауда көкөністер сырттан келіп, өзіміздің өнім тапшы болады. Мұндай олқылықтың орнын толтыруда жылыжай кәсібін жүргізгендерді қолдау маңызды. Солардың жеке кәсіпкер Дөңес Күншығаров. Ол жылыжайда құлпынай мен қияр өсіреді.


Құлпынай дүкен сөрелерінен, базардан оқта-текте көз қызықтырып көрінгенмен қымбат бағада сатылады. Себебі құлпынай өзге өңірден тасымалданады және үлкен бапты қажет етеді.


Жылы жақта өсіруге бейім құлпынайдың бабын тапса, біздің Қызылордада да жеміс береді екен. Осы жемісті егудің құпиясын зерттеп білген Талсуат ауылының тұрғыны Дөңес Күншығаров ауласына жылыжай орнатып, құлпынай мен қияр өсіріп, жемісін жеп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ол жемістерді өсірудің, оны зиянкестерден қорғаудың жолын үйрететін көмекші құралдарды сатып алып, маманданған бағбандардан ақыл-кеңес сұрауға ерінбейді. Ауласынан табиғаттың тамаша жемісін баладай баптап, өсіріп отырғаны Қызылордада жеміс өсіру қиын деген жерлестерімізге сабақ боларлықтай.


"Алғашында қобалжығаным рас. Кейіннен «нар тәуекел» деп кәсіпті бастау үшін 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Микробизнес – Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микро қаржылық ұйымынан 5 жылға 6 пайызбен 7 500 000 теңге несие алдым. Әрине, қияр өсіру оңай болғанмен құлпынай өсіру, біздің өңірге жерсіндіру оңайға түскен жоқ. Көп бапты керек ететінін байқадым. Алайда бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайды. Жан-жақтағы мамандардан кеңес алдым, «Болашақ» университетінің жылыжай өсірумен айналысатын мамандарынан көмекші құрал алдым. Кітапта жемістің түрлі ауруымен күрес жолдары айтылған. Алғашқы тәжірибем жаман емес. Бірақ бұл жемістерді көктемде еккен тиімді болып шықты. Ал мен оларды күзде еккен болатынмын. Алайда жеміс беріп тұр. Екі мәрте жинап алып төмен бағада сатушыларға өткіздім. Әлі де қателіктер болса келер жылы еккенде ескеремін деп ойлаймын. Жарық сөнген жағдайда күннің қызуын беретін жарық шамдар алып орнаттым. Құдай қаласа жылыжайды кеңейтіп, жемістерді көбірек ексем деп ойлаймын. Өйткені жерім жеткілікті", – дейді кәсіп иесі.


Кейпкеріміз жерді тыңайтудың да жолын тапқан. Қоршаған ортаға еш зияны жоқ әрі шығыны аз болғандықтан қазақстандық жас ғалым Дәулет Егембердиев ұсынған биомелиорант тыңайтқышын пайдаланып жүр. Өзінің айтуынша, дәстүрлі әдіс бойынша қолданылатын 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен қиды 500 келі биомелиорант алмастыра алады екен. «Ізденген жетер мұратқа» деп дана халқымыз айтқандай бағбан ізденісі мен еңбек етуге ерінбегенінің арқасында ауласындағы жылыжайда дәмі тіл үйірер құлпынай мен қияр өсіріп, елге үлгі көрсетуде. Кәсіпкердің бақшасынан жергілікті жерді жерсінген қызылорданың құлпынайының дәмін таттық. Базардағы өзге өңірден тасымалмен келген құлпынайдан дәмді екенін байқадық. Туған жердің топырағында жайқалып жеміс берген құлпынай да, қияр да әрине дәмді.


Көктем мезгілі де жақындап қалды. Осы кезде жер үйде тұратын азаматтар, әсіресе, қаланың іргесінде қоныс тепкендер қолдарына күрек, кетпендерін алып ауласындағы егістігінде дала жұмыстарына кірісетіні ақиқат. Көпшілігі көктемде қандай дақыл егетінін осы бастан ойластырып жүрген де болар. Осы ретте мамандар жыл сайынғы дәстүрлі көкөністермен қатар құлпынайдың «виктория» сұрпын егуге кеңес береді.

Бизнес-жоспарға сәйкес бұл жобаны жүзеге асыруға 1,5 млн. теңге ақша жаратылады. Және оның пайдасын 8 айдан соң көруге болады. Жоба бойынша құлпынай егістігінің көлемі 800 шаршы метр деп қарастырылған. Онда тамшылатып суару жүйесі қолданылуы керек. Құлпынай жылыжай кешенінде өсіріледі. Әсіресе ішкі нарықта ауыл шаруашылығы өнімдеріне тапшылық туындаған маусымдық кезеңде құлпынай саудасынан әжептеуір пайда табуға болады.


Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. «Виктория» сұрыптысының биіктігі 30-35 сантиметрге жетеді. Жапырақтары үшқұлақты қалың болып келеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады.


Қазақстанда бұл жидектің «Елизавета ханшайым», «Зенга Зенгана», «Русановка», «Источник», «Эверест» және «Фестивальная» сұрыптары өсіріледі. Олардың ішінде «Виктория» да бар. Бұл сұрыптардың барлығының да түсімділігі жоғары. Және зиянкестерге төзімді боп келеді. Агрономдар құлпынайдан жақсы өнім алу алдымен сұрпына, содан соң күтіміне байланысты екенін айтады.

Құлпынай егілетін жылыжай берік болуы тиіс. Яғни онда температуралық режим жыл бойы бірқалыпты деңгейде сақталып тұруы керек. Сондықтан жылыжайға автоматты жылыту жүйесін орнатқан жөн. Ондағы температура 20-25 градустан аспауы қажет. Ауа ылғалдылығы да өсімдіктің вегетациялық кезеңіне байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, тұқым еккенде 80-85, тамырынан енді өсіп шыққан кезде 75, гүлдегенде 70 пайызды құрауы тиіс.


Қыс мезгілінде өсірілген құлпынайға тәулігіне 14-17 сағат күн түсіп тұрса, өнімділігі жоғары болады. Өйткені күн сәулесі фотосинтез процесін қарқындатып, жидектің жылдам өсуі мен тез жетілуіне оң әсерін тигізеді. Егер ауа райы бұлыңғыр болса, қолдан жарықтандырып, өсімдікке түсетін жарық сәулені үзбеген жөн. Есеп бойынша 1 шаршы метрге 1 шам орнатылады және ол көшеттен 1 метр биікте орналасады.


Жылыжайда құлпынай тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Жылыжайда құлпынай жыл бойы өсіріледі. Дегенмен қаңтар, ақпан айларында жерді демалдырып, топырақты құнарландырып алған абзал.


Бүгінде ішкі нарықта жергілікті тауар өндірушілер тұтынушыларды отандық өніммен толық қамтамасыз ете алмай отырғаны шындық. Тек күзгі жиын-терім науқанында сәл де болса құлпынайға деген сұраныс азаюы мүмкін. Басқа кезде сауда нүктелерінде шетелдік өнімдер самсап тұрады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл шаруашылығы саласының мамандары қосалқы шаруашылықты дамытып, адамдарды жаппай диқаншылықпен айналысуға шақырады.


Егер есігінің алдында 5-6 сотық жері бар қала тұрғындары әртүрлі дақылдар егіп, жақсы өнім алып жатса, бұл біріншіден, өзін және отбасын табиғи әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз еткені, екіншіден, бәрі өзінен болып тұрған соң баға тұрақсыздығы, инфляция дейтіндер қалтасына, отбасылық бюджетіне оншалықты әсер ете қоймайды.