Сырбойылық жас агроном: білім мен практика қатар жүруі тиіс

1 515

Өндірістік және қайта өңдеу компанияларының кешені болып табылатын Қазақстандағы ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі – Olzha Agro, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Жалпы жер көлемі 960 000 гектарды құрайтын өндірісте өсімдік, ауыл, мал шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі. Тақырыпқа арқау болсын деп Olzha Agro холдингінің бас агроном маманы Бағдат Талғатұлымен сұхбаттастық.


– Бағдат мырза, қоғам арасында ауыл шаруашылығын тек трактор жұмысымен теңестіретін пікір қалыптасқан. Сіз үшін ауыл шаруашылығы нені білдіреді?


– Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін маман немесе кәсіпкер жауапкершілікті сезінеді. Бұл салада тек ақша табу емес, елдің астық бөлігін қамтамасыз ету мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Иә, дұрыс айтасыз. Шаруашылықтан алыс жандар саланы тек трактормен байланыстырады. Бұл – қате пікір. Мысалы, Olzha Agro холдингінде техникадан бөлек жеті мың қызметкер бар. Егіннің топыраққа егіліп, өнім ретінде толыққанды өсуі, қайта өңделуіне дейін арнайы мамандар атсалысады. Трактор – ол техника, ауыр жұмыс жасайтын құрал. Ал техниканың әр бөлшегін жинайтын, жұмыс барысында трактордың алқапқа кіруі, дұрыс бағытта жүргізілуі, жылдамдығы – адамның жауапкершілігінде. Жауапкершілік дегенім, егер алқап аумағында трактордың жылдамдығы сағатына 8 шақырым емес, 11-12 шақырымды құраса сапасыз өнімнің өсуіне алып келеді. Ауыл шаруашылығы – үлкен білім, еңбек және тәжірибе.


– Olzha Agro холдингінің негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Сапалы дәнді дақыл алу үшін қандай инновациялық әдіс немесе технология қолданылады?


– Компанияда «үздіксіз даму» қағидасы қалыптасқан. Жылдан жылға, айдан айға даму жолдарын іздейтін, жұмыс сапасын жақсарту бағытында құрылған арнайы бөлімдер бар. Біріккен жұмыстың нәтижесінде біздің әр қадамымыз цифрландырумен байланыстырылған. Жоғарыда айтқан тракторды алайық. Әр тракторға gps орнатылған. Ұялы телефон немесе компьютердің көмегімен техниканың қай алқапқа барып, қандай жолмен жүргенін бақылай аламыз. Жұмыс 1C бағдарламасымен жүргізіледі Дәнді дақылдарға келсек, ауыл шаруашылығында қандай инновациялық өзгерістер бар, холдингта барлығы қолданылады. Бүгінде егілген егіннен бастап, себу, жинау барысында жаңа жобалар қолданылуда.


– Сыр өңірінде су тапшылығы мәселесі жиі кездеседі. Қостанай облысында су жағдайы қандай?


– Иә, Қызылорда облысында су тапшылығы мәселесі бар. Бізде егін саласы болғандықтан дәнді, майлы дақылдар үлкен аумаққа егіледі. Егін өсіру кезінде біз табиғи жолды қолданамыз. Яғни, жауын-шашынның көмегімен өседі. Алайда соңғы 3 жылда жаңбыр мөлшерінің азаюы салдарынан құрғақшылық мәселесімен бетпе-бет келдік. Жауынның пайдасы мен зияны қатар жүреді. Әр өсімдіктің фазасы бар. Сол кезеңде жауған жаңбыр өсімдіктің өсуіне ықпал етсе, артық ылғал немесе басқа фаза кезіндегі су дақылды жоюы мүмкін. Компания 10 жыл бұрын 30-40 центнер өнім алса, бүгінде өнімнің орташа көлемі 15 центнерді құрайды. Бұл мәселемен күресу мақсатында жаңа тәсілдерді жүзеге асыруымыз қажет. Қар тоқтату техникасы арқылы жағдайды жақсартуға болады. Қыс мезгілінде жауған қарды толығымен алқаптың басында ұстап қалу жұмысы дұрыс жасалса, топырақтың ылғалдануына мүмкіндік беріледі.


– Өнім сапасының жоғары болуы жер құнарлылығына тікелей байланысты. Егіске берілген нысан қанша мәрте қолданылады?


– Холдингтегі алқаптар үш мәрте қолданылады. Үш-төрт жыл жерге егін егіледі және бір жыл демалады. Егін саласында нысанды қолдануға байланысты ұғымдар бар. Біз 3 жылдық әдісті қолданудамыз. Алдағы уақытқа 7 жылдық әдісті қарастырудамыз.


– Егін егу мен егін жинау процесінің арасы қанша уақыт? Өнім жинауға қандай техника ұжымдастырылған?


– Егу мен жинауда көптеген фактор әсер етеді. Теория жағынан бидайдың жетілуі 92-93 күнде жүзеге асады, майлы дақылдарға келетін болсақ, зығырдың жетілуіне 70-100, жасымыққа 80-100 күн қажет болады. Практика барысындағы басты фактор – ауа-райы. Жазда егілетін бір жылдық дақылдарға температура маңызды рөл атқарады. Мамыр айында егін басталса, шілде айында ауа-райы ысиды. Ондай жағдайда кей дақыл ерте піседі. Теория мен практикада айырмашылық бар.


– Ауыл шаруашылығы маусымдық жұмыс. Әр мезгілде атқарылатын жұмыстарды сипаттап берсеңіз.


– Маусымдық жұмыс ол қате пікір. Мамыр айының бесінен бастап күнбағыс, ал он бесінен бастап барлық дақылдар егіледі. Егіннен кейін химиялық жұмыстарға кезек келеді. Сол уақытта жерді демалдыру процесі жүреді. Бұл жұмыстар қатарынан жасалып, тамыз-қыркүйек айына дейін жалғасады. Бір жақта трактор жұмысы, екінші бөлікте “авагро” бүріккіштердің жұмысы жүреді. Алқаптың көлемі ауқымды болғандықтан химиялық процесс үздіксіз атқарылады. Әр “авагро” күніне 300 гектар жерде жұмыс істейді. Жер жырту процесі кезеңдер бойынша өтеді. Жерді дискілеу, культивациялау, терең қопсыту, арамшөптерден тазарту және тағы басқалары. Егін жинау тамыз- қыркүйек айының соңына дейін жүреді. Әр дақыл түрлі уақытта жиналады. Қазан айында келесі жылдық жоспар құрылады. Қыс мезгілінде қар тоқтату жүреді. Осылайша көктем айының басында ылғалды жабу жұмыстары атқарылады. Сондықтан шаруашылықты мезгілдік жұмыс деуге келмейді. Жұмыс циклі үздіксіз, жыл бойы жүреді.


– Ауыл шаруашылығында қандай үлкен мәселе кездеседі?


– Бұл саладағы еңбек өтілім – 5 жыл. Әр жылдың мәселесі келесіге ұқсамайды. 5 жылда 5 түрлі жағдайға жолықтым. Алғашқы мәселені шешіп, тиімді жолдарын қарастырғанда, келесі жылы мүлдем басқа қиындық келеді. Бір жағынан бұл жақсы. Себебі мәселелердің шегі тоқтағанда біз барлық шешімге дайын боламыз. Негізгі қиындықтар қатарына жауынның мөлшері, құрғақшылық, 2023 жылы көбейген шегіртке мен алқапты таптап өтетін сайғақтарды айтуға болады.


– Бүгінде қандай агрономды жақсы маман деп санауға болады? Бұл салаға жастарды көбірек қызықтыру үшін не істеу керек?


– Агрономия саласында білім мен практика қатар жүруі тиіс. Химияның мөлшерін қате есептеудің өзі миллиондаған шығынға әкеледі. Сондықтан әр қадамыңды соңғы шешім секілді қабылдаған абзал. Жақсы агроном жерді сезе білуі және мамандығын құлшыныспен жасай алуы қажет. Олжа Агро – өз саласында көшбасшы компаниялардың бірі. Ұдайы дамудың нәтижесінде холдинг жылдам өсуде. Сол себепті мамандар тапшылығы да бар. Бірақ агро саладағы бүгінгі жастардың мәселесі ауылдық аймақта жүргенді қаламауы. Компанияда жас мамандардың тәжірибе жинауы үшін қарастырылған жастар практикасы бағдарламасы бар. Бағдарлама арқылы практикалық дағдысын арттыруды қалайтын жастарды күтеміз!


– Сұхбатыңызға рақмет!