Мәдениет үйінің мамандары өнерпаздарды өнерге баулуда
Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары, талантты жастары ауыл халқына ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан салт-дәстүрдің құндылығын арттыру жолында қызмет етіп келе жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауылдағы өнерпаздардың арасында талантына таңдай қақтыратын ақын да, күміс көмей әнші де, домбыраның құлағында ойнайтын күйші де бар екені мәлім.
«Ауылдың алты ауызы» атанған өнер иелері ауыл тұрғындарының мәдени демалысын дұрыс ұйымдастыруға бекінген. «Ауыл – ұлттың ұясы» деп білсек, ұлттық өнердің бастауы да сол – ауылдық мәдениет үйі.
Незінен, Шіркейілі ауылының орталығындағы мәдениет ошағы 1983 жылы салынып, 41 жылдан бері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келетін іргелі орынға айналған. Бүгінде Мәдениет үйінде 10 қызметкер жұмыс жасаса, оның төртеуі арнайы сала мамандары. Ізденіс пен жаңашылдықтың арқасында 2018 жылы арнайы «Балет және ұлттық би өнерін дамыту және қолдау қорының» қаржыландыруымен би залы жабдықталды. Қазір бұл залда ауылдың атын елге танытып жүрген жас өнерпаздар би өнеріне машықтану үстінде.
Ауыл орталығындағы заманауи жабдықталған мәдениет ошағы ел игілігіне берілген күннен бастап ел дамуына қызмет етіп, әсіресе, мәдениеттің озық деңгейін қалыптастыруды қолға алды. Ауылдың рухани бай құндылықтарын дамыту мәселесін алдыңғы кезекке қойып, мәдениеттің мәйегін өнер арқылы дәріптеп, халықтың жүрегінен орын алуына жыл бойы іс-шара өткізуде.
Шіркейілі ауылында көптеген талантты тұлғалар түлеп ұшты. Дарындылардың алтын бесігі саналатын ауылда қазақтың драматургиясының алыбы Қалтай Мұхамеджанов дүниеге келсе, сахна саңлағы Сәбира Майханованың кіндік қаны тамған киелі жер. Өлең-жырдың, өнердің ордасына айналған қарашаңырақ – ауылдық мәдениет үйі ұлттық құндылықтың қайнар көзі іспеттес.
Мәдениет үйінің мамандары өнерпаздарды өнерге баулуда ізденісті серік етіп, жас жеткіншектердің талантын ашуда. Сахна мәдениетіне машықтандыруды мақсат еткен еңбектің нәтижесі де жемісін беруде. Әсіресе, ұлттық өнерді насихаттауда ауыл өнерпаздары алдына жан салмайды. Аудандық байқауда бақ сынаған Диас Асылхан мен Нұрбибі Тынысбек «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты жоғары сынып мектеп оқушылары арасында өткен байқауда ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар жас өнерпаз Талшын Иса Қазақстанның және КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толуына орай өткен «Сахна тарланы – Сәбира» атты аудандық мектеп оқушылары арасында өткен монолог орындаушылар байқауында бас жүлде иеленді.
Облыстық байқауларға тоқталсақ, шіркейлілік өнерпаздар ХХVI облыстық «Бозторғай» конкурсында «Шаттық» халықтық үлгілі би тобы І орын алып, ауыл мәдениетінің мәртебесін биіктетті. Шіркейліде даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері, ардақты ана Балдырған Мұстапаеваның туғанына 85 жыл толуына орай өткен «Еңбекпен даңқы өрлеген» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Мүшайрада шіркейлілік жас ұстаз Биболат Опабеков дараланып, бірнеше жүлдегер қатарынан көрінді. Ауылдың өнерпаздары сахналық қойылым қоюда да үздіктердің көшін бастады. Сөзімізге дәлел мәдениет үйінің өнерпаздарынан құралған «Көңілашар» әзіл-сықақ отауы түрлі байқауларға қатысып, өнерлеріне көрермен жақсы баға беруде. Соның бірі Қазалы ауданы, Бозкөл ауылында мәдениет саласының ардагері, киномеханик Мейрамбай Әлімбаевтың 85 жасқа толуына орай «Еңбегі ерен нар тұлға» атты киноүзінділер көрсетуден өткізілген облыстық байқауда топ жаруы сөзімізге дәлел болады.
Биылғы жылы мәдениет саласында іске асқан «Адал адам – мәдени-тәрбие беру орталығы» тұжырымдамасын жүзеге асыруда айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын айту керек. «Сұхбат Time» жобасы аясында қызықты кездесулер ұйымдастырылса, «Креативті НUВ» жобасы аясында ауылдың қолөнер шеберлері шақырылып, бесаспап шеберлердің көрмесі таныстырылды.
Ауылдың даңқын асырып жүрген таланттардың ордасы саналатын мәдениет үйінің өнерпаздары осылайша өнердің өркен жаюына кең қанат сермеп, ұйытқы болуда.
Бибісара ЖАНӘЛІ