Сырдарияда баға тұрақтылығы басты назарда
Бүгінде азық-түлік бағасы сан құбылып, нарықтық экономикада сауда-саттық көрсеткіші бойынша өзгеріс болып тұратыны жасырын емес, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Шын мәнінде, бағаның тұрақты болуы жергілікті халықтың тұрмыстық жағдайына едәуір әсер ететіні мәлім. Ай сайынғы табысқа иек артатын көпшілік азық-түлік пен коммуналдық өз кезегінде азық-түлік бағасының бүгінгі жай-күйіне танысу мақсатында Тереңөзек кентіндегі бірнеше сауда орнын аралап көрген жайымыз бар.
Азық-түлік тауарларының қоры мен бағасын реттеу мәселесі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың ұдайы назарында екенін білеміз. Мәселен, облыс әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырма беріп, азық-түлік бағасына қатысты мәселе туындамауы керектігін айтты. Осылайша, күн тәртібіндегі мәселе басты назарда болатындығын жеткізді.
Бұл ретте, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін ішкі саудадағы делдалдық тізбекті қысқарту және сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауды ұйымдастыру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда 19 әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарының төменгі бағада сатылуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жоғарыда көтерілген мәселе қашанда өзектілігін жоймайтынын жақсы білеміз. Ең алдымен, біз кент орталығындағы «Жазира» азық-түлік дүкеніне барғанымызда жергілікті тұрғындар тұрмысқа қажетті көптеген тауарды сатып алатына көзіміз жетті. Мәселен, азық-түлік дүкенінде картоптың келісі 260 теңгеден, пияздың келісі 110 теңгеден, сәбіздің келісі 160 теңгеден, макаронның келісі 320 теңгеден, қырыққабаттың келісі 80 теңгеден, күріштің келісі 440 теңгеден, құмшекердің келісі 410 теңгеден, тауық етінің келісі 1200 теңгеден сатылып жатқаны назарымызға ілікті. Сонымен қатар дүкенде тұтынушыға нан 90 теңгеден, «Күнікей» өсімдік майының литрі 490 теңгеден, ұнның 25 келісі 5400 теңгеден ұсынылып келеді.
Расында, Тереңөзек кентінде 11 мыңнан аса халық болса, оның ішінде, көпбалалы және жас отбасы жеткілікті. Баға тұрақтылығын бағамдау кезінде үйінде 4 адам тұратын жас отбасының азық-түлікке жұмсайтын шығынын есептеген едік. Отанасы Жансая Қорғанбай жолдасы екеуінің ай сайынғы табысын есептеп, отбасылық шығынды өтеуді дағдыға айналдырған.
Күніне 500-ден аса тұтынушыға қызмет көрсететін «Серікбол» сауда үйінде сатылып жатқан азық-түлік бағасын өзге дүкенмен салыстырған болатынбыз. Яғни, сауда үйінде картоп 250 теңгеден, пияз 100 теңгеден, сәбіз 155 теңгеден, жұмыртқа 38 теңгеден, өсімдік майының 1 литрі 670 теңгеден, күріштің 1 келісі 440 теңгеден, шайдың мөлшеріне қарай 900 теңгеден, макаронның 2 келісі 680 теңгеден, құмшекердің келісі 400 теңгеден, сүттің 2 литрі 790 теңгеден, ұнның 50 келісі 11500 теңгеден сатылымға шыққанына қанықтық.
Жергілікті кәсіпкер мен халықтың ортақ пікіріне сүйенсек, үнемі бағада өзгеріс болатыны жасырын емес. Кенттегі «Нұрай» сауда дүкенінде пияз 120 теңгеден, макаронның келісі 390 теңгеден, өсімдік майының 5 литрі 2500 теңгеден, сүттің 1 литрі 350 теңгеден, жұмыртқа 36 теңгеден, құмшекердің келісі 420 теңгеден, ұнның 50 келісі 12000 теңгеден, тауық етінің келісі 1200 теңгеден сатылымға шығарылған. Сөреде тұрған әрбір тауардың бағасында белгілі бір уақытта өзгеріс еніп тұратыны анық байқалады.
Расында, зерттеу жүргізу барысында біз бір отбасының айына 20 келі ет өнімін тұтынатынын аңғардық. Жылқы етінің келісін 2400-ден есептегенде 20 келі етке бір отбасы 48 мың теңге жұмсайды екен. Сонымен қатар сиыр етіне бір айда әрбір отбасы 46 мың теңге қаражат жаратады екен. Базар бағамы құбылып тұратыны жасырын емес. Сондықтан әр отбасы баға тұрақтылығын назарда ұстап, үнемшілдікке иек артқан дұрыс.