ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА КӘСІПКЕР-ОҚУШЫ ЕТТЕН ТҮРЛІ ТАҒАМ ДАЙЫНДАЙДЫ
1 271
Жалағаш ауданында 11 сынып оқушысы Назым Ережеп сұранысқа ие кәсіп түрін бастады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқушы-кәсіпкердің қолынан шыққан өнімдерге аудан көлемінде сұраныс көп. Назым қой, сиыр, жылқы еттерінен шұжық, әсіп және тауық етін ыстап, өзгеше тағам түрлерін дайындайды.
Бұл кәсіпке шынайы қызығушылықпен келдім. Себебі біздің дүкендерде барлығы зиян, құрамында көптеген химикаттар бар. Соларды байқап, табиғи өнімді жасап көруде шештім. Барлығы қолдан дайындалған, таза өнімдер. Бұл шұжықтар дүкеннен сатып алынған фарштан емес, арнайы сиыр, жылқы, қой етінен жасалған өнімдер. Таза, табиғи өнімді тұтыныңыздар деп кеңес беремін,- деді Назым Ережеп.
Негізінде бұл бастаманы Назымның әкесі Алмат Ережепұлы мемлекеттік қайтарымсыз грант алып бастаған. Кейін оны Назым жалғап, аудан сұранысына сай өнімдер әзірлеуде.
Кәсіпке келудегі себеп - қызымның аспаздық қабілетін дамыту. Өзі кішкентайынан өзгеше тамақ істеп, осы салаға жақын болды. Бастапқыда торт жасап, сата бастады. Кейін ет өнімдерінен тамақ әзірлеуге қызығушылығы пайда болды. Бұл кәсіпті бастағанымызға көп болған жоқ. Сұраныс та аз емес,- деді Алмат Ережепұлы.