Қазалылық өнерпаздар Қызылорда тұрғындарына тартуы

1 480

Фото: Қазалы аудан әкімдігі«Тарихтың таңбасы – рухтың ордасы – Қызылордам»: Қазалы өнерпаздары мерейтойлық шарада көрермен қошеметіне бөленді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі..

Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толуына орай бастау алған «Тарихтың таңбасы – рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы аясында Сыр өңірінің аудандары мерекелік эстафетаны жалғастырып келеді.


Ауқымды мәдени шара аясында бұған дейін Жаңақорған, Жалағаш, Шиелі аудандарының өнер ұжымдары қызылордалықтар назарына өз өнерлерін ұсынып үлгерсе, 4 шілде күні орталық алаңда Қазалы ауданынан келген өнерпаздар ерекше рух пен шабытқа толы концерттік бағдарлама ұсынды.


Қазалылықтардың кешін аудан әкімінің орынбасары ашты

Кеш шымылдығын Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов ашып, өнер ұжымдарына сәттілік тілеп, мерейтойдың мәні мен маңызын атап өтті. Өз сөзінде ол:


– Қазалы – өнер мен өркениеттің ошағы. Бұл өңірден шыққан дара тұлғалар – күллі қазақ өнерінің баға жетпес байлығы. Бүгінгі кеш сол киелі өнердің жалғасы іспеттес. Қызылордаға деген құрметіміз өнермен өріледі, – деді.


Киелі өнердің қарашаңырағы – Қазалы

Қазалы – аты аңызға айналған ән падишасы Роза Бағланова, сыршыл композитор Кеңес Дүйсекеев, ән әлемінің тағы бір бұлбұлы Мәдина Ералиева сынды өнер саңлақтарының туған жері. Осы алтын діңгектен нәр алған бүгінгі буын өнерпаздар да көрермендерге шынайы сезімге толы кеш сыйлады.


Сахна төрінде Қазалы аудандық мәдениет үйінің жанындағы:


«Ұлағат» әкелер ансамблі,


Сәдуақасовтар отбасылық ансамблі,


«Балауса» халықтық би ансамблі,


«Ритм» вокалды-аспапты ансамблі,


жас әншілер мен күйшілер өнер көрсетті.


Жанды дауыста орындалған әндер мен дәстүрлі күйлер, мың бұралған ұлттық билер – көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өнер кешін мерекелік рухпен көркемдеді.


Қолөнер көрмесі – Қазалы шеберлерінің қолтаңбасы

Концертпен қатар ұйымдастырылған қолөнер көрмесі де кештің мазмұнын байытты. Мұнда Қазалы өңірінің қолөнер шеберлері жасаған ұлттық бұйымдар мен заманауи үлгідегі кәдесыйлар, зергерлік өнердің туындылары, кесте мен тоқымадан жасалған өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.


Туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік – өнермен өрілді

Кештің әрбір қойылымы – туған елге, Сыр еліне, Қызылорда қаласына деген шынайы құрметтің көрінісі болды. Қазалыдан келген өнер ұжымдарының кәсіби шеберлігі мен өнерге деген адалдығы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік кеш соңында Қазалының өнер ұжымдарына ұзақ қошемет білдіріп, «Мұндай мазмұнды кештер елді біріктіретін рухани діңгекке айналуы тиіс» деген жүрекжарды пікірлерін жеткізді.