Итке таланған баланы құтқарған азамат қаржылай марапатталды

2 436

баспасөз орталығыҚарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек мырзаға Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.

30 маусым күні Алматы облысы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар Максим Головачев итке таланып, ауыр жарақат алған. Құзырлы органдар жеткенше оқиға орнына ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев дер кезінде жеткен. Сөйтіп өз өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, оны бейтараптандырып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі ретінде Серікбек Сақайбаевтың  елеусіз қалмады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.  

Олардың мәліметінше, оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылып, шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек мырзаға Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.

Мерекелік жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов өз батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өтті.

 – Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауы тиіс.

Қарасай ауданы әкімдігі Максимнің тезірек сауығып кетуін тілей отырып, бұл істі толық бақылауда ұстап отыр. Адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздік – біздің ең басты құндылықтарымыз,  – делінген әкімдіктің хабарламасында.